Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмысшы мамандықтары жылы өз деңгейінде өтуі тиіс

Жұмысшы мамандықтары жылы өз деңгейінде өтуі тиіс
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты әр облыста жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Әулиеата өңірінде бекітілген жоспарға жұмыс берушілер, салалық басқармалар, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 50-ге жуық түрлі іс-шара енгізілген. Олардың 23-і өңір үшін маңызды. Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Жиында алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін жұмысшы топ құрылып, медиа-жоспар бекітілген.

– Жоспарға 220 орындық жатақхана салу, 6 салалық (hub) кешен ашу, «1С» сертификаттау орталығын құру, 2 жаңа мамандық ашу, шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу енгізілді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжіндегі «Дәнекерлеу» полигоны қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталады. Полигонда оқу материалының бір бөлігі қолданыстағы жабдықтар мен құрылғыларды пайдалана отырып оқытылады. Сол секілді №7 Бетқайнар колледжінде «Автомобиль құрастыру» мамандығы бойынша шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашып, Құлан агротехникалық колледжінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында «Agro hub» модульдік кешені іске қосылады. Қаратау құрылыс техникалық колледжінде студенттердің қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс істеуі және ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізу мақсатында автомобиль технопаркі ашылса, Жаңатас көпсалалы колледжінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша оқытатын «Аuto skills» орталығы жұмысын бастайды. Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде «IT hub» ашу арқылы IT білім берудің жаңа стандарттары оқытылады. Сонымен қатар Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиялық технологиялық университетінде орталық ашылады деп жоспарланған, – деген Рауан Нұрғалиұлы «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылғанын жеткізді.

Жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қаражат бөлінген жоба өңірде 2024 жылы өнеркәсіп саласында белсенді дамып келе жатқан бағыттарды анықтау, облыстың еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашу бағытында жұмыс істейді.

– «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы – өңірдегі перспективалы салаларда пайда болатын жаңа әрі сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды жүйелеуге және талдауға арналған. Оның аясында құрылыс, тау-кен, туризм, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша нарыққа қажетті мамандықтардың тізімі анықталады. Жобаның мақсаты – облыста кадрлық қамтамасыз етудің ағымдағы жүйесіне зерттеу жүргізу. Жобаны жүзеге асыруда Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әріптес ретінде таңдалды. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында №10 Шу және Қаратау құрылыс-техникалық колледждерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жасалды. 2024-2025 оқу жылына 70 мамандыққа 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның 455-іне кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысына студенттер қабылданды. Нәтижесінде 109 жұмыс берушімен колледж арасында келісімшарт жасалынды. Сонымен қатар 13 жұмыс беруші есебінен 9 колледжде 26 студент білім алуда, – деді Р.Садырқұлов.

Пәтер жалдауға көп жастың қалтасы көтере бермейтінін ескерсек, ауылдық елді мекендерден келген студенттерді жатақханамен қамту маңызды екені белгілі. Осыны еске салған аймақ басшысы өңірде бұл мәселе қалай шешілгеніне, сондай-ақ орын тапшылығы қанша әрі оны реттеу қай деңгейде жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек облыста жыл сайын қанша өрен колледж бітіретіндігін, олардың өз мамандығымен жұмысқа орналасуында кедергілер бар-жоғына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының өңір үшін тиімділігі, оның қанша уақытта жемісін беретінін сұрады.

– Облыс бойынша 42 колледждің он екісінде 2 435 орындық жатақхана болса, онда 1 651 студент орналасқан. Биыл Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде Қаржы орталығы арқылы 120 орындық жатақхана салынуда. Аймақта жыл сайын 4 000-ға жуық түлек оқу бітірсе, өз мамандығы бойынша 30 пайызы жұмысқа орналасады. «Жаңа мамандықтар атласы» бойынша айтар болсам, жоба желтоқсан айының соңында қабылданғандықтан қазіргі таңда ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан зерттеп-зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік оң бағасын берсе, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аталған басқарма басшысы.

Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында нендей шаралар қолға алынғанын сұрады. Басқарма басшысы мамандарды еңбекпен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесі өткізілетінін жеткізді.

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бағытындағы бекітілген жоспарлар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тікелей байланысты. Осы орайда аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтан қолға алынған іс-шаралар туралы сұрады.

– Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өндіріс орындарында қажетті мамандықтар бойынша сауалнама жүргізіп отырады. Осы 2025 жылға кәсіпорындарға екі мыңға жуық мамандық қажет болса, басым бағыты жұмысшы мамандарға сұраныс жіберген. Сауалнама қорытындысын облыс әкімдігі білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жібереміз. Кейінгі уақытта қысқамерзімді оқыту, дуальді білім беру тиімділігін көрсетуде. Дуальді оқыту бойынша 42 колледждің 37-сі білім береді. Іс-шаралар жоспарын бекіттік, сол бойынша жұмыс атқарамыз, – деді Еркін Сәдуақасұлы.

Күн тәртібінде талқыланған мәселені қорытындылаған Ербол Қарашөкеев еңбек ардагерлерінің өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуді де естен шығармау керектігін ескертті.

– Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылы бірреттік шара болып қалмауы тиіс. Өз жұмысын сүйіп істейтін, еңбегіне адал жандар қашанда құрметке ие. Қарапайым мамандық иелерінің облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі зор. Осы ретте қала, аудан әкімдері, тиісті басқармалар, кәсіпкерлер палатасы тиісті міндетті өз деңгейінде атқарып, алдағы жылдары да жалғастырғаны жөн. Сондықтан маман жетіспеушілігі бар салаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі кәсіпорындардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін кең көлемде ұйымдастыру, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын сапалы іске асыру маңызды. Дуальді оқытудың ауқымын кеңейтіп, студенттердің кәсіби дайындығын ірі өндіріс ошақтарында жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Өткен жылдың тамыз айынан бастап облыста 77 түрлі ақпараттық жүйемен интеграцияланған «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі құрылған еді. Бұл өңірдегі 337,8 мың отбасының әлеуметтік-материалдық жағдайын санаттары бойынша жіктеп, нақты жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің сөзінше, аталған жүйедегі мәліметтер негізінде әрбір отбасының банктердегі берешектеріне дейін есептеліп, отбасының жағдайы 5 санат бойынша бөлінеді.

– Облыс халқының кедейшілік шегінен төмен дағдарыс санаттарындағы отбасылардың санын азайту мақсатында облыстық, аудандық штабтар мен ауылдық округтерде жұмысшы топтар құрылды. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін көшпелі семинарлар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Былтырғы жылдың тамыз айына дейін өңір халқының 33,1 пайызын әл-ауқат деңгейі төмен Д және Е санаттарындағы 114,6 мың отбасы құрады. Есепті кезеңде аталған санаттардағы отбасылардың үлесін 1,9 пайызға дейін азайту межесі қойылған болатын. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде Д және Е санаттарындағы отбасылардың саны 17 507-ні құрап, жоспар 9,3 есеге асыра орындалды, – деді Еркін Егембердіұлы.

Жиын соңында Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембековаға облыстағы NEET санатындағы жастар мен «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі деректерде алшақтық болмауын жіті қадағалауды жүктеді. Сондай-ақ аймақ басшысы аталған ақпараттық жүйедегі мәліметтерді өзектендірудің маңыздылығына тоқталды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар