Қырғызстан президенті Садыр Жапаров автокөліктерге салынатын салықты алып тастау туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, енді Қырғызстанда автокөліктерге салық салынбайды. Оның орнына, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлікке құйылған жанармай мен дизель отынының әр литрі үшін 1 сом (қазіргі бағам бойынша 6 теңге 11 тиын) мөлшерінде алым алынады.
Сондай-ақ, президент 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін автокөлік салығын төлемеген азаматтарға амнистия жариялау туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Садыр Жапаров бұл өзгерістердің негізі ретінде жаңа заңның күшіне енуін көрсетті. Осы заңға сәйкес, Қырғызстанда "Жол қоры туралы" заң бойынша, жанар-жағармайдың әр литрі үшін 1 сом мөлшерінде алым алынады.
Жапаров салық төлемеген азаматтардың санының көптігін ескере отырып, 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі заңды және жеке тұлғалардың барлық қарызы толықтай кешірілетінін мәлімдеді.
Президент фермерлерге арналған салықтан босату туралы мораторийдің мерзімін 2030 жылға дейін ұзартқанын да хабарлады. Сонымен қатар, Садыр Жапаров өз сөзінде мемлекет жинаған салық қаражатының, жалақы мен зейнетақының өсуі, жеңілдіктер, әлеуметтік нысандардың құрылысы, жолдардың асфальтталуы сияқты маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын атап өтіп, халықты салықты уақытылы төлеуге шақырды.