
Жалпы Әулиеата топырағы талай талантты спортшыларды тәрбиелеген қасиеттi мекен. 1980 жылдан бері жазғы Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында облыс спортшылары талай мәрте жеңiс тұғырынан көрiндi. Мәселен, грек-рим күресiнiң хас шеберi, 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен Олимпиада ойындарының жеңiмпазы Жақсылық Үшкемпiровтi, былғары қолғап шеберлерi Серiк Қонақбаев, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмадiлов, Болат Ниязымбетовтердi, футболдан Евгений Яровенконы, еркiн күрестен Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Ғабит Есжановты, дзюдодан Елдос Сметовті, паражүзуден Зульфия Габидуллина мен Нұрдаулет Жұмағалидың есімдерін айрықша атап өтуге болады.
Алдағы жылдары да аға буын өкілдерінің жеңісті жолын кейінгі ізбасарлары сәтті жалғастыратынына нық сенімдімін. Себебі бүгінгі таңда мемлекет тарапынан спорт саласына, споршыларға барлық жағдай жасалуда. Қолдаудың қайтарымы да мақтануға тұрарлықтай екенін айта кеткен жөн.
Сөзіміз дәлелді һәм дәйекті болу үшін статистиканы сөйлетіп көрсек. 2024 жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 миллиард теңге бөлінді. Саланың дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігіне тікелей байланысты. Кейінгі жылдары облысымызда жаңа спорт нысандары көптеп бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылуда. Биыл бюджет қаражаты есебінен 15 спорт кешенінің құрылысы басталып, жетеуі қолданысқа берілді. Қалған 8 спорт кешенінің құрылысы 2025 жылы аяқталады. Сондай-ақ демеушілер тарапынан салынған 3 спорт кешені ашылды. Одан бөлек барлығы 103 спорт алаңшасының лентасы қиылды. Нәтижесінде облыс бойынша 2 353 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрады.
Спорт резервін дайындау – облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы алдында тұрған ең маңызды мемлекеттік міндет. Ұлттық құраманы барлық спорт түрлерінен үнемі жаңартып отырмасақ, халықаралық аренада жоғары жетістіктерге жету мүмкін емес. Осы бағытта облыс көлемінде басқармаға қарасты 54 спорт мекемесі тындырымды тірліктер атқаруда. Аталған спорт мекемелерінде 29 872 спортшымен тұрақты түрде 1 195 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда облыста спорттың 85 түрі қамтылған. Сондай-ақ 885 облыс спортшысы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше.
Облыс спортшылары бүгінгі күнге дейін түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1 797 медальға (алтын – 658, күміс – 570, қола – 569) ие болды. Биыл 1 спортшымыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 8 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 84 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. 3 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды.
Биыл Парижде өткен төртжылдықтың басты додасы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 5 спортшы қатысып, дзюдодан Елдос Сметовке тең келер қарсылас табылмады. Дәл осы сәтті Алаш жұрты табаны күректей 44 жыл күтті. Осыдан 44 жыл бұрын, яғни 1980 жылы Мәскеудегі Олимпиадада Жақсылық Үшкемпіров атамыз алтын тұғырдан қол бұлғаған болатын.
Бұдан бөлек жазғы Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысынан 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальмен қуантты.
8 қыркүйек күні жалауын желбіретіп, 13 қыркүйек күні мәресіне жеткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облысымыздан 17 спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс, 4 қола, барлығы 18 медаль еншіледі.
Сонымен қатар грек-рим күресінен Ержет Жарлықасын әлем чемпионатының күміс жүлдесін мойнына ілді және Азия чемпионатында топ жарды. Айта кетерлігі, бұл жамбылдық спортшылардың ересектер арасында өткен әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Дзюдодан Нұрқанат Серікбаев және Мейіржан Аширов әскерилер арасында әлем чемпиондары атанды. Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Асылхан Көшербай күміс, Әнел Абдрасилова қола жүлде қанжығалады. Ал Бексұлтан Боранбек қоржынға алтын медаль салды. Бексұлтан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль олжалаған тұңғыш жамбылдық боксшы. Бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Дулат Бекбауов, Диас Молжігітов күміс медальмен күптелсе, Айгерім Сәттібаеваға қола бұйырды.
Сонымен қатар кәсіпқой бокста Ангелина Лукас WIBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ал Бекзат Алмахан UFC тұжырымымен келісімшартқа отырып, алғашқы жекпе-жегін өткізсе, Асу Алмабаев аталған ұйымда кезекті жеңісіне жетті. Бокстан U22 Азия чемпионатында Елнұр Сүйінбай жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Юсуф Ашрапов грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатында күмісті қанағат тұтып, Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Асық атудан әлем чемпионатында Ерсұлтан Ерғалиұлы мергендігімен көзге түсіп, жеңіс туын желбіретті. Тайландта ұйымдастырылған Азия-Тынық Мұхит ойындарына ел құрамасы сапында облысымыздың 16 спортшысы 7 спорт түрінен қатысып, 2 алтын, 13 күміс, 5 қола медаль иеленді.
Облыс спортшылары ел чемпионаттарында көкпардан, су добынан және қазақ күресінен командалық есепте топ жарса, еркін күрестен Қазақтан кубогының иегері болды.
Мұның барлығы жамбылдық жампоздардың әлемдік ареналарда қол жеткізген жетістіктерінің бір парасы ғана.
Спортта жоғары жетістіктерге жету үшін денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың санын арттыру қажет. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары 503,3 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 41,2 пайызына жетті. Тұрғындарды денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін 2023 жылы нұсқаушылар қатары 283-ке жеткізілді. Нәтижесінде шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізуде. Жыл басынан бері 4 034 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 363 мыңнан аса адам қамтылды.
Бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді денешынықтыруға тарту мақсатында 2021 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан спортты жан басына қаржыландыру қағидалары бекітілді. 2024 жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, 84 өнім беруші 17 спорт түрі бойынша 5-17 жас аралығындағы 6 538 балаға ваучер берілді.
Қазақстандық спортшылар одағы еліміздегі спорттың дамуына елеулі үлес қосқан спортшыларды, спорт федерациялары мен меценаттардың жетістіктерін атап өту мақсатында 2024 жылдың қорытынды жиынын өткізген болатын. Аталған басқосуда облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы «Үздік басқарма» номинациясының иегері атанды.
Сонымен қатар 24 желтоқсан күні Астана қаласында Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Үздік – 2024» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.
Салтанатты іс-шарада жамбылдық Елдос Сметов «Жылдың үздік спортшысы» атанса, бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясы табысталды. Ал облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық өңір» номинациясының жеңімпазы деп танылды.
Міне, осылайша биылғы жылды оң нәтижелермен қорытындылағалы тұрмыз. Жылан жылы да жемісті, жеңісті болады деген ойдамыз.
Ернар ИБРАИМОВ,
облыс әкімдігі денешынықтыру және
спорт басқармасының басшысы