Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Толайым табыс толастамайды

Толайым табыс толастамайды
Ашық Дереккөз
Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, күнтізбенің жаңа парағын ашуға санаулы-ақ күн қалды. Биыл 85 жылдық мерейтойын атап өткен Әулиеата өңірі үшін 2023 жыл жемісті кезең болды. Көптеген өндіріс орындары, білім ордалары ашылып, әр салада ауыз толтырып айтарлықтай тындырымды тірліктер атқарылды. Осы ретте біз өтіп бара жатқан Ұлу жылының жаңалықтарын шолып шыққан едік.

Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді

«ӘУЛИЕАТА» ЖӘНЕ «ЖІБЕК ЖОЛЫ»

Осыдан бірер жыл бұрын «Тараз қаласы екі әкімшілік ауданға бөлінеді» деген ақпарат жарияланғаны есте. Сол кезде ел ішінде біршама уақыт айтыс-тартыс жүрді. Жаңадан құрылатын екі ауданға қандай атау берілетіні әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам белсенділері тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Тіпті бұл жөнінде әлеуметтік желідегі Тараз қаласы әкімдігінің «Instagram» парақшасында сауалнама ұйымдастырылған болатын. Оған қатысқандардың басым көпшілігі жаңадан құрылатын екі ауданға «Қарахан», «Айша бибі», «Әулиеата», «Тектұрмас», «Шахристан», «Аса», «Талас», «Алатау» «Қаратау», «Бәйдібек», «Тұран» деген атауларды бергенді жөн санады.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының 2-бабы 5-тармағына сәйкес республикалық, облыстық маңызы бар қалада және Астанада халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады. Бұл ретте қаладағы аудан халқының саны кемінде 200 мың адамды құрауы тиіс.

Жақында ғана Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен VIII шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXIV сессиясы өтіп, облыс орталығын екі әкімшілік ауданға бөлуге қатысты мәселеге нүкте қойылды.

Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежановтың айтуынша, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегінше, осы жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша Тараз қаласында 431 мыңға жуық адам тұрады. Шаһар аумағына 14 елді мекен қосылғанда тараздықтардың саны 477 мыңға жуықтайды екен.

Сондай-ақ қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева бірінші әкімшілік аудан (солтүстік) «Әулиеата», екінші аудан (оңтүстік) «Жібек жолы» деп аталатынын жеткізді.

Қаланы бөлуден кейінгі алғашқы шешімдердің бірі көлік ағынын тиімді ұйымдастыру және жолдардағы жүктемені азайту шараларын қабылдау болмақшы. Осы мақсатта екі көпір салу жоспарланып отыр.

Абай даңғылы бойындағы теміржол арқылы бірінші жол өтпесі салынады. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алыныпты. Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бұл көпірдің құрылысы 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында басталады.

Екінші жоба – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінің қиылысынан Жамбыл даңғылына дейін созылатын жол өткелінің құрылысы. Бұл құрылыс көліктердің теміржол және индустриялық аймақ арқылы өтуіне мүмкіндік беріп, халық арасында «бұдырлы» деп аталатын Жамбыл даңғылы бойындағы көпірдегі жүкті айтарлықтай жеңілдетеді. Әкімдік қазірдің өзінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды, ал жобаның өзі одан әрі қаралады.

 

СУШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНЕН КҮТЕРІМІЗ МОЛ

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында 1962 жылдан бастап жұмыс істеп, кейін таратылып кеткен Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты ғимаратында Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университеті құрылды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті құрамындағы «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының мамандары енді жаңадан құрылып жатқан университет түлектерінен сушаруашылығы саласындағы стандарттарды жүйелей алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға күш салмақ.

Осылайша 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес 129 талапкер Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетіне грантқа түскен. Былтыр М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтына түскен 67 талапкерге ғана грант берілген болатын.

Жаңа білім ордасында «Сушаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Сушаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен қамтамасыз етудің инженерлік желілері», «Сушаруашылығындағы инновациялық технологиялар» және тағы да басқа білім беру бағдарламалары ашылады.

​​​​​​​

ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАҢА ЗАУЫТТАР

Жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 212 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, облыс бойынша экспорт көлемінің 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Облыста даму мүмкіндігі жоғары деген сала құрылыс индустриясы болса, биыл бұл бағыттағы өнім көлемі 48 миллиард теңгеге жетті. Осы жылы Қордай ауданында «KORCEM» клинкер өндіру зауыты іске қосылды. Бұл Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі. Кәсіпорынның құрылысын сингапурлық «Alacem» компаниясы жүргізді. Жобаға 50 миллиард теңге инвестиция салынған. Өндіріс ошағының жылына 1,5 миллион тонна цемент әзірлеуге қауқары бар. Бүгінгі таңда 400-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылған. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде. Цемент зауыты келесі жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда.

Сол секілді осы жылы Шу ауданы аумағында орналасқан «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы іске қосылды. Жаңа зауыт жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіреді. Фабриканы салған – отандық «AAEngineering Group» ЖШС. Бұл жоба бойынша 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың 60 пайызынан астамы облыс тұрғындары болмақ. Зауытта өрт сөндіру депосы, медициналық пункт, заманауи өрт дабылы, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесі қарастырылған. Сонымен бірге ұсақтау-сұрыптау кешені, бас ғимарат, жатақхана мен асхана, зертхана, жөндеу-механикалық шеберхана, қалдық қоймасы және тағы басқа нысандар бар.

Айта кетейік, биыл өнеркәсіп саласында 149,7 миллиард теңгеге 21 жоба іске қосылып, 700 жұмыс орны құрылды. 370,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.

ҮШ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім ошақтары бой көтеріп жатыр. Бұл жұмыс облыста да талапқа сай қолға алынған.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында ұлттық жоба аясында салынған жаңа білім ұясы пайдалануға берілді. Білім ордасы 600 балаға шақталған. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спортзал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған. Балаларға оқулықтар мен заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. Жайлы мектепке толығымен бейнебақылау камерасы, сондай-ақ жеделсаты орнатылған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастап, жаңа оқу жылында тапсырды.

Қараша айында облыс орталығында қос «Жайлы мектеп» бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Алдымен Тараз қаласында №66 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордасы 1 200 орынға арналған.

Мектепте жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талабы сақталған. Мұнда қажетті бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған. Ғимаратта 59 оқу кабинеті бар. Сонымен қатар интерактивті тақта, зертханалық кабинеттер, жайлы кітапхана, коворкинг-орталық пен арнайы шеберханалар қарастырылған. Сондай-ақ екі бірдей спортзалмен қамтылған. Қосымша білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы кабинеттер де жеткілікті.

Жоба аясында «Ұлы дала» ықшамауданында да №67 мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағы 1 200 орынды құрайды. Ғимаратта интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинет, 3 асхана, 2 спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон, 2 компьютер кабинеті бар. 3 зертхана мен 3 шеберхана, 10 коворкинг-орталық та қарастырылған.

26 ДЕНСАУЛЫҚ НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін 2024 жемісті жыл болды деп айтуға болады. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы тарапынан биылдан бастап қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға баса назар аударылды.

Жылдың айтулы оқиғаларының бірі – облыстық көпсалалы ауруханада ревматологиялық орталықтың ашылуы. Бұл орталық облыста алғаш рет жұмысын бастап отыр. Мұнда науқастар емделіп қана қоймай, мүгедектіктің алдын алуға бағытталған оңалту көмегін де алады. Сонымен қатар биыл облыста алғаш рет бариатриялық метаболикалық хирургия, трахеяны бір мезгілде қалпына келтіру және менингеальді артерия эмболизациясы сияқты күрделі операциялар жасалды.

Биыл 3,9 миллиард теңгеге 26 нысанның құрылысы басталды. Жуырда өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданының Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-амбулатория ашылып, ел игілігіне берілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің Инновациялық технологияларды енгізу туралы бұйрығының негізінде Үздік тәжірибе орталықтары құрылып, бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қаласындағы №2 және №5 қалалық емханасында іске қосылып, жұмыс атқаруда.

P.S. Жыл ішінде орын алған айтулы өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды бір мақалаға сыйдыра алмасымыз анық. Париж Олимпиадасында алтын медаль тағынып, облыс мерейін асқақтатқан Елдос Сметовтің ерлігі ең басты жетістігіміз екені анық. Жастардың сүйікті ойынына айналған «Jaidarman» ойындарының республикалық ойындарында тараздық «Жуалы» командасының жеңімпаз атануы да жағымды жаңалықтың бірі. Одан өзге мәдениет, әлеумет, құқық қорғау, цифрландыру салаларында да толағай табысқа қол жеткіздік.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар