Жиында сөз алған Ербол Шырақпайұлы үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлінің маңызды екеніне тоқталып, қоғам белсенділерінің талап-тілегіне құлақ асты. Мәселен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тағы да бір жыл тарих қойнауына енгелі тұрғанын, осы уақыт аралығында талай толайым тірлік атқарылып, өңірде оң өзгерістер орын алғанын тілге тиек етті.
– Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ардагерлер мен зейнеткерлерге есігін айқара ашқанына бір жыл болыпты. Енді осы орталыққа бір автобус берудің қажеттілігі туындап отыр. Осы өтініш алдағы жылдың басында орындалса деген тілегім бар. Себебі ұйым мүшелері ел аумағындағы түрлі жарыстарға қатысып, шетелге жолдама алып жүр. Бұл осындай қажеттіліктерді өтеу үшін керек, – деді Еркінбек Бейсембайұлы.
Бұдан кейін сөз алған «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев облысқа алғаш рет 5 000 түп ағаш көшетін әкеліп, осы іспен көп жылдан бері айналысып жүрген қоғамдық ұйымға қолдау көрсетуді сұрады.
«Жамбыл облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан әлеуметтік жобалар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанын, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы өткізілетін іс-шаралар үкіметтік емес үйымдарға сыйақы, грант бөлу арқылы берілсе деген тілегін жеткізді.
– Бір жыл бұрын осындай жиын өткен болатын. Сол кезде хаттамаға енгізілген мәселелердің орындалуы, қай түйткілдің шешімі табылғаны, қайсысы шешілмегені жайлы осы уақытқа дейін бірде-бір ақпарат берілген жоқ. Біз осыны білгіміз келеді, – деді И.Дастан.
Өз кезегінде аймақ басшысы ақпан айында үкіметтік емес үйым күндері аталып өтетінін, оған дейін қаңтар айында өзінің орынбасары Серік Сәлемов қоғам белсенділерімен кездесіп, сол жиында хаттаманың орындалуы жайлы толыққанды мәлімет беретінін жеткізді Бұдан кейін қоғам белсенділері көптің көкейінде жүрген мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тұшымды жауапқа қанықты.
Н.БОЛАТҰЛЫ