«Біздің сынып» телехикаясы қалай түсірілді?
- author AR-AY
- 25 желтоқсан, 2024
- 58
Ғалым Амангелдіұлы – Тараз қаласындағы №5 Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Телехикаядағы кейіпкері Әлихан мектебінде президент бола алмағанымен, шынайы өмірдегі Ғалым зейінді шәкірттердің қатарында болған. Үздік оқушы, тіпті мектеп президенті атанған. Сондай-ақ Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алған. Жамбылдық жас дарын бүгінде М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында еңбек етеді.
– Өнерге қызығушылығым 9-сыныпта арта бастады. Сегізінші сыныпты аяқтағанымда Тараз қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Әрі қарай оқуымды сонда жалғастырдым. Зияткерлік мектепте барлығы жан-жақтан келген оқушылар болғандықтан жаңа ортам ә дегеннен-ақ ұнады. Мектебімізде түрлі бағытта жұмыс істейтін үйірмелер көп еді. Сабақтан тыс уақытта актерлік шеберлік үйірмесіне қатысып, тәжірибе жинай бастадым. Ортам да талантты жігіттерден құралған. Өнер жолындағы алғашқы қадамымды сол жігіттермен бірге бастадық. Кейін түрлі себептерге байланысты 11-сыныпты бұрынғы оқыған мектебімде қайта жалғастырдым. Алғаш ата-анама өнер жолын таңдайтынымды айтқанымда шешіміме күдікпен қарады. Себебі әулетімізде өнерге қатысы бар адам жоқтың қасы. Мектеп бітіргеннен кейін «Драма және кино актері» мамандығына оқуға түстім. Алайда екі курс бойы «Актер болмаймын-ау» деген оймен жүрдім. Іште күдік, қорқыныш болатын, – деген Ғалым Амангелдіұлы бұл қорқынышын жеңуге тағдыры көмектескенін жеткізді.
Оқиғаны қысқаша баяндасақ, кейіпкеріміз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма және кино актері» мамандығы бойынша білім алып жүргенде елімізге белгілі театр режиссері Дина Жұмабай Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанатын «Ромео мен Джульетта» қойылымына кастинг жариялайды. Жақындары осы кастингке қатысуы тиіс екенін айтып, қолдау білдіреді. Көп ойланбастан іріктеуден өтуге бекінеді. Сол кезде группаласы Салтанат Төребаймен бірге кастингке қатысып, екеуі де іріктеуден өтеді. Сөйтіп, Ромео мен Джульеттаның рөлін бірге сомдайды. Қойылым көп ұзамай сахнада қойылып, көрермен назарына ұсынылады.
Қазіргі уақытта әріптесі Салтанат кейіпкеріміздің өмірлік серігі. Өнерлі отбасы бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр.
Ал көгілдір экрандағы алғашқы қадамы – «Біздің сынып» телехикаясы. Бір қызығы, сериалдағы Әлихан рөлі өз болмысына ұқсамайды.
– Әлихан образы арқылы өзімді жақынырақ тани түстім. Сценарийді оқып отырып, «Әлихан бұл сөзі арқылы не айтқысы, не жасағысы келеді?» деп ой елегінен өткізетінмін. Ал өзіммен салыстырып қарасам, екеуміз екі түрлі адамбыз. Дегенмен Әлиханның ішкі дүниесінде сәл ұқсастық бар екенін білгеннен кейін өз-өзіме сенімділік пайда болды. Телехикаяның алғашқы бөлімдерінде Әлихан мектепке жаңадан келген Аңсар ағайдың білімі мен білігіне күмәнмен қарап, мұғалімнің ырқына көне қоймайды. Ал өмірдегі Ғалым көнгіш оқушы болды. Егер мұғаліммен әңгімеміз жараспаса, қырсықпай қоя салатынмын. Телехикаяда тәрбиеші келген кезде оқушылардың бар назары Аңсар ағайға ауады. Әлихан болса, сол назардың өзіне ауғанын қалайтын оқушы. Өмірде бойыңдағы көп қырыңды байқай бермейсің ғой. Рөлім арқылы түсінгенім – қақтығыстан алшақ адам екенмін. Ал сабақ үлгерімі жағынан Әлиханмен ұқсастығым бар шығар. Бастапқы кезде сабақты нашар оқыдым. 6-7-сыныпта үлгерімім қалпына келе бастады. Сегізінші сыныпта оқу үлгерімім жақсарып, зияткерлік мектепке оқуға қабылдандым, – дейді актер.
Ғалымның айтуынша, кино мен театр сахнасында ойнаудың өзіндік айырмашылығы бар. Театр сахнасында дауыс диапазоны маңызды. Қойылымда актер сыбырлап сөйлейтін, мұңды сәттерде ақырын сөйлейтін сахналар кездеседі. Серіктесі қасында тұрғандықтан бетпе-бет диалог құратын болса, дауысы ең соңғы қатарда отырған көрерменге жетпеуі мүмкін. Әртіс айтар сөзін дұрыс жеткізе алмаса, ол үшін көрермен кінәлі емес. Өйткені сол адамға соңғы қатардан билет бұйырды. Ал кинодағы сәттер өмірге жақын болып келеді. Театрда рөлді ауқымдырақ ойнау керек. Кино мен театрдың айырмашылығы – ауқымында.
Сөз арасында актер «Біздің сынып» телехикаясын түсіру барысында кездескен қиындықтар мен естен кетпес қызықтармен бөлісті.
– Телехикаяның 4-бөлімінде сыныптастары театрдан шыққан соң Аңсар ағаймен бірге балмұздақ жеуге барады. Олар балмұздақ жеп отырған тұста мен бөлек кетіп қаламын. Сценарий бойынша алдыңғы бөлімде балмұздақ жейтініміз айтылып қойған. Бұл күз айларындағы ең соңғы түсірілім күндерінің бірі еді. Расында, қиын күн болды. Түннің ортасында Дархан аға екеуміз ғана қалып, соңғы дубльді түсірдік. Барлық актерді түсірілім алаңынан босатқан соң Дархан ағамен баспалдақта тоңып отырмыз. Бұл сахнадан бір-екі дубль ғана түсірді. Себебі сөйлеген сәтте суықтан ерніміз дірілдеп кететін. Монтаждалған дайын нұсқасын қарасам, жып-жылы ауа райында отырған сияқтымыз. Қазір барлық актерлермен араласып тұрамыз. Сериал аяқталар тұста телехикаяның соңғы бөлімін бірге тамашалау үшін режиссер, продюсерден бастап барлық актер жиналдық. Ерғалымның рөлін сомдаған Азамат деген жігітті ерекше еске аламын. Сценарий бойынша Азамат бой көрсететін сахналар аз еді. Өмірде де Азамат энергетикасы бөлек адам. Ол рөлін қызықты алып шықты. Кішкентай ғана рөлін елге қызықты етіп ұсына білді, – деген Ғалым Амангелдіұлы бүгінде М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында және Мемлекеттік қуыршақ театрында жұмыс істейтінін жеткізді.
Актер осы тұста театр мен кино саласындағы мәселе төңірегінде ой өрбітті.
– Кино мен театр саласындағы мәселелер жайлы айтылар пікір көп. Мен қазіргі жаңа мектептің режиссерлері көп болғанын қалаймын. Ал жаңа мектеп деген қандай? Олар білімді кімнен алады? Еліміздегі режиссерлердің біршамасы Мәскеу қаласында оқып келген мамандар. Бүгінгі таңда жаңашыл көзқарастағы режиссерлердің арасында Әлібек Өмірбекұлы деген азаматтың есімін атап өтуге болады. Біз оның қойылымдарынан біраз дүние күтіп жүреміз. Ол да Мәскеу мектебінде қалыптасқан маман. Осы орайда «Біздің мектеп қашан пайда болады?» деген сұрақ туады. Неге актер мамандары жайлы емес, режиссер турасында айтып отырмын? Өйткені актерді өсіретін де, бағыт-бағдар беретін де – режиссер. Бізде де театр мектебі қалыптасса екен. Мен адам ретінде де, актер ретінде де енді қалыптасып келе жатырмын деп ойлаймын. Актер үшін ең маңыздысы – білім. Академияға түскен соң сабақта теориямен бірге практиканы қатар алып жүрдік. Меніңше, актер үшін ең алдымен білім қажет. Актер маманына керек қасиеттер жайында сұрасаңыз, ең бірінші – ізденіс, – дейді жас дарын.
Ғалым осы уақытқа дейін академиялық театрда сахналанған «Ақтастағы Ахико» қойылымында – Альберт, «Қыз Жібекте» – Сансызбай, «Сүйікті менің періштемде» – Ұзынтұра, «Қарагөзде» – Қоскелді, «Еңлік-Кебекте» – Кебек, «Махаббат пен қасірет» драмасында Мэлс рөлдерін шеберлікпен сомдады.
Сондай-ақ «Сезім суретшісі», «Әділ Зере» телехикаяларында басты рөлдерді сомдаған жас актердің өнердің тек биігінен көрінуіне тілектеспіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ