Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өнеркәсіп өрісі кеңейіп келеді

Өнеркәсіп өрісі кеңейіп келеді
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқарма басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2024 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 814,7 миллиард теңгені құрап, өсім 101,3 пайызға жеткен. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 105,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 533,7 миллиард теңгеге өнім шығарылған.

– Облысымыздағы химия кәсіпорындары республика бойынша 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар шығарады. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 240,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыс бойынша экспорт көлемінің 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Алдағы уақытта химия саласында ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Атап айтсақ, кальцийлендірілген сода шығаратын «Qazaq Soda», минералды тыңайтқыштар өндіретін «Еврохим» компанияларының жобалары ауқымды. Сондай-ақ «Karatau Chemicals» ЖШС пиросульфит натрий өндіретін зауытының, «TALAS INVESTMENT COMPANY» ЖШС натрий цианидінің өндірісін екі есеге ұлғайту жобалары жоспарланған. Жалпы бұл жобалардың құны 710 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар 2024 жылы құрылыс саласында 53 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,5 пайызды құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 104 278-ді құрап, 2024 жылға қойылған меже 22,7 пайызға артық орындалды, – деген Аспандияр Мұраталыұлы қаржы институттарымен бірігіп 38 647 кәсіпкерге 154,5 миллиард теңге көлемінде несие берілгенін атап өтті.

40,1 миллиард теңгені құрайтын 1 766 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында жалпы құны 30,1 миллиард теңгені құрайтын 1 136 жоба қаржылай қолдауға ие болған. «Өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен инфрақұрылым құны 517,1 миллион теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданып, 13 жобаға 1,3 миллиард теңге қаражат бөлінсе, «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша 21 миллион теңге көлемінде 6 жоба қаржыландырылған.

Сол секілді басқарма басшысы облыс әкімдігі тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Jambyl Business» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, барлығы 2 миллиард теңге қаражат бөлінгенін жеткізді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар