Әуелі жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Тараз қаласында екі ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов кеңінен баяндады.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының 2-бабының 5-тармағы бойынша, республикалық, облыстық маңызы бар қалада және Астанада халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады. Бұл ретте қаладағы аудан халқының саны кемінде 200 мың адамды құрауы тиіс. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2024 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша Тараз қаласында 431 мыңға жуық адам тұрады, – деген Нұржан Балтабайұлы шаһарға 14 елді мекен қосылғанда тараздықтардың саны 477 мыңға жуықтайтынын жеткізді.
Келесі кезекте қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөлігіне атау беру және қайта атау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, шаһар тұрғындарының пікірін ескере отырып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес қалада жаңадан құрылатын екі ауданды «Әулиеата» және «Жібек жолы» деп атау жоспарланып отыр.
Жиында күн тәртібіне шығарылған мәселелер толық қаралып, депутаттар тиісті шешім қабылдады.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы