Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолы тазартылды. 30 мың тоннадан аса қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 104 техника тартылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге жамбылдықтар белсенді атсалысуда. Бірақ есеп үшін суретке түсіп, ақпарат беріп отырсақ болды деген ойдан аулақ болуымыз керек. Дегенмен жауапкершілікпен қарап, үлгілі еңбек еткендер аз емес. Олар басқаларға өнеге болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмыла жүзеге асыруымыз маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Ауылдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын – 50 миллион теңге, II орын – 25 миллион теңге, III орын – 10 миллион теңге) ие болды.
Атап айтқанда, Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродеково (Жамбыл) ауылдары ІІІ орынға жайғасты. Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т.Рысқұлов) ауылдары ІІ орынды еншіледі. Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, «Үлгілі ауыл» атанды.
Айта кетейік, берілген қаржыға әлеуметтік нысандардың құрылысы, сондай-ақ ауылдағы ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауыл-аймақтың ажарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге ықпал ететіні анық.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі