Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орны бөлек Орынбасар

Орны бөлек Орынбасар
Ашық Дереккөз
Халқына қызмет етуді мансап емес, парыз деп ұғынып, өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтардың ғибратты жолы мен тындырған істерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп отыру ешқашан артық етпейді.

Тағылымды ғұмыр кешіп, еңбегін туған елінің өркендеуіне жұмсаған азаматтың бірі Орынбасар Абуев еді.

Орынбасар Солтыұлы – көршілес Шу ауданының тумасы. 1949 жылы Шу ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң әскер қатарына алынды. Владивосток қаласындағы әскери теңіз портында үш жыл әскери борышын атқарып келген соң Шу аудандық сотында сот орындаушысы болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін аталған ауданның заң саласында нотариус, адвокат, соттың судьясы, Шу қалалық сотының судьясы болып жұмыс істеді. Ал 1999-2009 жылдар аралығында Мойынқұм аудандық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Орынбасар қай ауданда қызмет атқарса да жүрген жерінде еліне елеулі, халқына қалаулы бола білді. Ел алдындағы абыройға, сыйластыққа өзінің әділдігінің арқасында жетті деп түсінемін. Әрине, сот ісі бойынша заңға жүгінген азаматтардың барлығының бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Оны көзі ашық адамдар біледі, түсінеді деп ойлаймын.

Әдетте соттың төрелігіне жүгінгенде екі жақтың мүдделері бір-біріне сәйкес келмейтіні әу бастан белгілі. Сол екі жақты мүдделерді таразылап, ортақ шешімге келтіру оңай шаруа емес. Ал Орынбасар болса, мейлінше әрбір істі әділ таразылап шеше білген заңгер деп ойлаймын. Ол алдындағы іс бойынша келіп отырған адамға алдымен «қылмыскер» деп емес, бір үйдің, бір әулеттің азаматы, асыраушысы деп қарауды әдетке айналдырған жан еді. Осы жағдайды өзі: «Барлығымыз пендеміз, шалыс баспайтын аяқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қандай іс болса да әділ шешуіміз керек», деп айтып отыратын.

Өзінен кейінгі жастарға осылай ақыл айтып, білгенін үйретуден жалықпайтын. Қашанда көмек қолын созып отыратын. Ауданымыздағы сот саласының қызметкерлерінің барлығы дерлік Орынбасар Солтыұлының шәкірттері десем, артық айтқандық емес. Оның тағылымды өмір жолы өскелең ұрпаққа, сол саланың мамандарына өнеге деп есептеймін.

Қазақта «Ұлық бол, ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар. Орынбасардың қарапайымдылығы, бауырмашылдығы ерекше еді. Қашанда қиналғанға қол ұшын беруге даяр тұратын.

Ол қызмет істеп жүрген жылдары ауданда өтіп жатқан кез келген мәнді іс-шаралардан тыс қалмайтын. Ауданның халқы, аудан басшылығы, заң қызметкерлері оны әділдігі, білімді, парасаттылығы үшін зор құрметпен сыйлайтын.

Орынбасар қалтқысыз атқарған қызметі үшін ел Президентінің қолынан «Құрмет» орденін алған болатын. Ол бұдан да басқа көптеген медальмен, құрмет грамотасымен марапатталған. Облыстық рейтинг бойынша, ауданымызда Орынбасар қызмет атқарған жылдары Мойынқұм аудандық соты жоғарғы орында болатын.

Орынбасар жұбайы екеуі төрт ұл-қызынан оншақты немере көрді. Кейіпкеріміз тірі болғанда 21 желтоқсанда 75 жасқа толар еді.

Жамбыл ҚАЛЫБАЕВ,

аудандық билер кеңесінің төрағасы,

Мойынқұм ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар