«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен және «Assyltas» қоғамдық қоры, «TasGroup» компаниясы, «Ұшқан ұя» түлектер бірлестігінің демеушілігімен ұлттық құндылықтарды құрметтеу, ана тілі мен мәдениетіне сүйіспеншілікпен қарауға баулу, айтыс өнері арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және сөз өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жыр додасына еліміздің 6 облысы мен 2 республикалық маңызы бар қаласынан, республикалық білім беру ұйымынан 16 жас айтыскер қатысып, бақ сынады.
Республикалық оқушылар айтысында облысымыздың намысын Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Інжу Жаңабай мен Талас ауданындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрайым Боранбай қорғады.
Інжу алғашқы кезеңде алматылық Елсияр Құлахметпен қызықты айтыс жасай білді. Ол тәуелсіздік тағылымдарын да жырлай келіп:
«Кешегі аға-әпке ерліктері,
Ұрпаққа өнеге боп жалғасуда.
Бүгінгі Қайраттарың ән салып жүр,
Кешегі Қайраттардың арқасында», – деп өрелі өлең құрауы көпшілік көңілінен шықты.
Ал таластық Нұрайым Боранбай қызылордалық жас ақынға лайықты қарсылас бола білді. Шешуші кезеңде Інжу Жаңабай Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Ерасыл Сейітжанмен жоғары деңгейдегі айтыс жасады.
Сөз барымтасының қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен алматылық Ерасыл Сейітжан бас жүлде алса, Інжу Жаңабайға жүлделі І орын бұйырды. II орынға Елсияр Құлахмет пен Сырымбет Сезімхан ие болды. Сондай-ақ Ботакөз Рауанқызы мен Мақпал Көшербай үздік үштікті түйіндеді. Ал таластық Нұрайым Боранбай ынталандыру сыйлығының иегері атанды.
Бір айта кетерлігі, Інжу мен Нұрайымды айтыс өнеріне баулып жүрген әріптесіміз, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі – Есет Досалы.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ