Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұстаз ақынның ұстанымы нық

Ұстаз ақынның ұстанымы нық
Ашық Дереккөз
Дала данышпаны Әл-Фарабидың «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген терең мағыналы, философиялық ой түйіні бар. Рас, ұдайы ізденіс пен еңбектің нәтижесінде ғана адам өзі қалаған мақсатына жетеді. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында өз ортасында ғана емес, ел алдында абыройға кенеліп жүрген азаматтар жетерлік. Тұтастай болмыс-бітімімен, қарым-қабілетімен артына өнегелі із тастап келе жатқан сондай жандардың бірі – Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерімбет Досалиев.

Ерімбет Нұрланұлының әрбір іс-қимылы мен бойындағы парасат-пайымын ой таразысынан өткізе отырып екшеп едім, тіршіліктегі пендеге қаратыла айтылатын ең ұлы да әділ баға «жақсы жігіт» деген қасиетті сөз апта бойы ойымда үйіріліп тұрып алды. Шын мәнінде, Ерімбет Нұрланұлы «жақсы» деген ұғымның мағынасына толық лайық жігіт.

Туа сала тұлпар атанған ешкім жоқ. «Құрсақтағы баланың хан боларын кім білген, бесіктегі баланың бек боларын кім білген?» деген қазақта сөз бар. Ерімбет тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақкөл ауылында дүние есігін ашып, тылсым табиғаттың таңғажайыбына тамсана, өмір құбылыстарын зердесіне тоқып өсті.

2004 жылы Ақкөл орта мектебін бітірген жас өрен Тараз қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Болашағынан үміт күттірер жас маман дипломын қолына алған соң Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Алғашқы күннен-ақ Ерімбет сабақ беру тәсілдерін жаңа бағдарламаларға сәйкестендіріп жүргізуді қолға алды. Ол сабақ жоспарын тың идеялар мен жаңа тәсілдер бойынша жүргізуді қалады.

Қазақ әдебиеті пәні бойынша оқушыларды шығарма идеясы мен пафосын ұлттық мүдде тұрғысынан ашуға бейімдеп, шығарма идеясы мен автор позициясын қарастыруға бағыттады. Өлеңдегі ұлттық құндылық, ұлттық мінез, ұлттық болмыстың маңызын ашу арқылы шәкірттерінің әдебиет пәніне деген қызығушылығын арттырды.

Осы еңбектің жемісі болар, Ерімбет Досалиевтің шәкірттері аудандық, облыстық «Мұқағали оқулары», «Абай оқулары», «Махамбет оқулары», «Ш.Мұртаза оқулары» байқауларында жүлдесіз қайтқан емес. Көңіл төрінен орын алар өлеңдер жазып жүрген Ерімбет шәкірттеріне өлең мен көркем шығарманың мәні мен маңызын түсіндіре отырып, мәнерлеп оқу мен сөйлеу дикциясын жөндеуді қолға алуды да ұмытпады.

Шығармашылықпен айналыссам, журналист болсам деген оқушылар үшін арнайы үйірме ашып, шығармашылық еңбектің сан қырын ашуға үйретіп келеді.

Кейде қоғамда жиілеп кеткен түрлі құбылыстарды ойлағанда жандүниеңді жұмсартатын, сәулесін түсіретін, жүрегіңді қозғайтын себеп іздейсің. Біздіңше, екі нәрсе бар: Жаратқанның аяты және өлең.

Жүрек ақын болса, осынау дүние дидарында баз кешкен сайын өлеңге немесе қаламға жүгінеді. Өлеңге жүгінсе – тыңдаушыға, қаламға жүгінсе – айтушыға айналады.

Бұл пәлсапаны айтудағы мақсатымыз – Ерімбеттің ұстаздық қызметі мен ақындық өнерді бірге алып жүруі.

Мына құбылмалы дүние мен өсіп, есейген Ерімбет қалай өзгерсе де бір өзгермеген нәрсе бар. Ол – Ерімбет ақынның өлеңге деген көзқарасы, оны қадір тұтып, ардақтауы, өмірдің ажырамас бөлігі, жан жолдас, серік көруі.

Ол өзінің «Туған жер» атты өлеңінде:

«Жетелеген биік белес асуға.
Саф ауасы, жазық дала қыраты,
Туған жердің ыстық тауы, тасы да»,
– деп жырлайды.

Ақынның бұл жырынан ойы кемелденіп, дүниені саралаған, әр нәрсеге байыппен қараған перзенттік сүйіспеншілігін көреміз. Ол туған жер мен елінің болмысына парасат биігінен байыппен қарайды.

«Қарын мен дарын» атты өлеңінде:

«Сезініп семсер алдаспан,
Бір-бірін оңай алдасқан.
Дарынның жайы еленбей,
«Қарынның қамы алға асқан, –
деп ашынады.

Ол мына өзгермелі қоғамдағы сиықсыз көріністерге жиіркене қарайды. Бірақ ашынса да айқай-сүреңге бармайды. Ашу – ақылдың жауы. Ақын жаманды-жақсылы қоғам қозғалысын сабырмен саралайды, байыпты, сыни көзбен таразылайды. Бұл – ақын жігіттің бір ұтысы.

«Шындығымды еш бүкпесіз жасырмай,
Бір өлеңді жазсам деймін жасындай.
Тұрса шіркін, биігінде өзінің,
Асқақтамай, менменсінбей, тасынбай»,
– деп арман құшағына беріледі ол өзінің «Бір өлең» деген шумағында.

Ақын жаны – нәзік, арманы – асқақ. Өлең өлкесін аралап, шыңдағы шынардай мәңгілік көктеп тұратын, оқырман жүрегіне сезім нәрін құйып, мәңгілік жатталып қалар сырлы өлеңін жарыққа желуді аңсайды. Бұл – кез келген ақынның еншіге берілген арманы. Бұл сезім Ерімбет Досашевте де көрініп тұр.

Ерімбеттің өлеңдері өте көп. Оларды оқыған сайын тереңдей түсетін, ашыла түсетін, бұйығып жатқан сырлары мен бұғып жатқан құпиялары шешіле түсетін жұмбағы мол дүниелер. Оларды көктемнің сары уызындай мәйегі қою, мәні зор, шұрайлы жырлар деп жалтақтамай айтуға болады.

Ерімбет Нұрланұлы – ұстаз. Ұстаз болғанда да ақын ұстаз. Ұлттық рухты жас буынның бойына білімімен де, өлеңдерімен де сіңіре білген Ерімбеттің алар асулары әлі алда.

Қамысбай САУҚЫМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар