Мектепті бітірген соң студенттік жылдарым Алматы қаласында өтті. Сол кезден бастап 30 жылға жуық туған үйден алшақ, сыртта жүрдім. Гастрольдік сапарларда, жолда жиі жүрген сәттер көп болды. Күндіз де, түнде де анам уайымдап хабарласып, «Ұштың ба, қондың ба, қарның ашпады ма?» деп жағдайымды біліп отыратын. Жол жүріп, сыртқа шықсақ, әлі күнге дейін солай. Қай қалада жүрсем де сол жақтың ауа райынан хабардар болып, «Жаурап қалмадың ба, жылы жүр» деп үнемі тілеуімді тілеп, қамқорлығын білдіретін жанашырым да – анам. Баласы жанынан бір елі жырақ кетсе уайымдап, қамқорлық таныту – аналарға тән қасиет деп білемін.
Анам Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылында туып-өскен. Қарапайым отбасынан шыққан. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өмір бойы мектепте ұстаздық етті. Қазіргі таңда зейнеткер.
Анам да, әкем де мұғалім. Екеуін қосқан – өнер. Ұстаздық қызметте жүргенде ауылдық мәдениет үйінде халық театрлары арасында өткен байқауда анам мен әкем бір қойылымда рөл сомдапты. Сол байқаудың, өнердің арқасында жақынырақ танысып, отбасылы болған. Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді.
Жалпы кімге ұқсағансыз десе, анамнан немесе әкемнен аумай қалғанмын деп айта алмаймын. Анама да, әкеме де ұқсаймын. Шыдамсыздық, жылдамдық, бір іс бітпейінше тыным таппау – анамнан дарыған қасиет деп ойлаймын. Себебі анам сондай тынымсыз, еңбекқор кісі. Қандай істі қолға алса да аяқсыз қалдырмайды.
Ата-ана баласына қашанда ісімен үлгі ғой. «Балаңды тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле» демекші, бала көргенін істейді. Сондықтан болар, анамыздың да, әкеміздің да көрсеткен үлгі-өнегесін барынша бойымызға сіңіруге тырыстық. Әлі күнге дейін сол тәлім-тәрбие өмірлік азығымызға айналып келе жатыр десем болады.
Негізінен біздің ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыздың қалыптастырған отбасы институтында әкенің рөлі ерекше болғаны рас. Бұрын барлық аналарымыз балаларының алдында әкенің абыройын өсіріп, отбасында әкеге деген құрметті қалыптастыруға күш салды. Сол сияқты менің де анам бізді тәрбиелеуде әкені сыйлауды үнемі еске салып отыратын. Әкем қатал болатын. Бала болғандықтан мектепте тентектік жасап қойған сәттер болмады емес, болды. Сондай сәттерде анам: «Әкеңнің алдында оғаш қылық көрсетпе, әкеңді ашуландырма, ол келгенше жұмыстарды тындырып қой», – деп алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайтын. Бір сөзбен айтқанда, анамыз біздің адвокатымыз болды. Дәл солай әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың үнемі баланста болуына себепкер болу, әкенің де, баланың да тілін табу – анамыздың даналығының көрінісі деп ойлаймын.
Анаммен жиі сырласамын. Үйдің шаруасы, той-томалақ сынды бірлесіп шешім шығаратын шаруалар көп. Әлі күнге дейін ақыл-кеңесін тыңдап отырамыз. Адам баласы қанша жасқа келіп, есейсе де ата-анасы үшін бала болып қала береді. Кез келген істі бастамас бұрын сол кісілердің ақ батасын алып, ақыл-кеңесіне құлақ түру артық етпейді. Осы ұстаныммен үнемі анаммен сырласып, ой-пікірін біліп отырамын.
Әр бала үшін анасының тағамынан асқан дәмді ас жоқ қой. Қандай қылып дайындаса да баласы үшін анасының қолынан шыққан әрбір тағам дәмді. Асыра сілтеп мақтағаным емес, бірақ шынымен де менің анамның дайындаған тағамдарының дәмі ерекше. Қазірдің өзінде анама «таба нан жегім келіп тұр» десем, сары майымен дайындап отырады. Анамның кеспе көжесі де ерекше. Мен үшін қазақтың кез келген ұлттық тағамын анамнан артық ешкім дайындай алмайды.
Адамға етті баптау үшін де талғам керек. Анам жай көз мөлшерімен сала салған күннің өзінде тамақтың тұзы артық та, кем де болмай, бабымен піседі.
Ойлап отырсам, анамды ренжіткен сәттерім болмаған секілді. Мүмкін тыңдамаған кезіміз болған шығар. Бірақ көбіне қолдан келгенше қуантуға тырысып тұрамын. Тек 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде ғана емес, әрбір күні қадіріне жетіп, күнделікті жағдайын біліп тұруға тырысамыз. Меніңше, тек белгілі бір мереке күндерінде ғана емес, жыл он екі айдың әр күнінде анамызға деген махаббатымызды білдіріп, алғысымызды айтып отырғанымыз жөн.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
басқармасының басшысы