Қазақтың қастерлі тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алатын Әулиеата өңірі биыл 85 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуде. Бұл – ұлы дала тарихынан тамыр тартып, желегін кеңге жайған руханият пен мәдениеттің мерейлі межесі. Қойнауы құтқа толы қазыналы өлкенің кешегісі сан ғасырлар бойы елдің рухани тірегіне айналып, бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Негізі мәдениетке, әдебиетке, жалпы руханиятқа көңіл бөлу ұлттық санаға серпіліс беріп, ұлттық тәрбиені тектілік деңгейіне дейін көтеріп, ұлттық болмысымызды нығайтатын маңыздылыққа ие. Адам парасаттылыққа негізделген қоғамнан алшақтамауы үшін біліммен қатар руханиятқа да жеткілікті көңіл бөлінуі керек. Бұл ретте облыста көптің ойынан шығарлық шаруалар сәтімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы осы жыр кешінің тізгінін ұстаған талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман да атап өтті.
Ж а л п ы ж е р г і л і к т і а қ ы н - ж а з у ш ы л а р д ы ң шығармашылығына дем беру, өнерпаздарды қолдау және мәдениет пен руханиятты дамыту бағытында атқарылған іс-шаралардың басында ақпан айының ортасында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты шығармашылық кеші тұр. Сол күні өнер иесінің «Фәни-Құбылыс» атты кітабының тұсауы кесіліп, кітапсүйер қауым және елге белгілі қаламгерлер жыр оқып, бір-бірімен пікір алмасқан болатын. Сол секілді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, талантты жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының 65 жас мерейтойына орай «Көсемәлінің көркем әлемі» тақырыбында шығармашылық кеш, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығына арналған «Өлең құсы биіктерге самғаған ақын» атты жыр кеші ұйымдастырылған еді.
Наурыз айының басында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылғаны да біз үшін үлкен олжа.
Жамбыл облысының 85 жылдығына және 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен «Театр –халықпен бірге» атты мерекелік думанды кеш те өз деңгейінде өтті. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинованың 70 жас мерейтойы мен шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Мен даланың қызымын…» атты кеш ұйымдастырылып, концертке Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Астанадан арнайы келіп қатысқан-ды. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай жамбылдық жас қаламгерлер тұлғаның Талаптыдағы үйінде бас қосты. «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» тақырыбында өткен әдеби-сазды кешке Астанадан арнайы қонақ ретінде келген Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібекке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдықтардың атынан құрмет көрсетіп, шайырлар мерейін бір өсіріп тастаған. Айта берсе таңды-таңға ұруға болатын мұндай келелі жиындар облыста леклегімен ұйымдастырылды. Дегенмен жақында ғана облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің түрлі салада жыл бойы жемісті еңбек еткен жастарға «Әулиеата үздігі» сыйақысын және түрлі жобалар бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстаған іс-шараны айтпай кетсек болмас.
Әрине, жыл бойы осынау мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралар қатарында аталған «Асқақ рухты Әулиеата» поэзия кешінің орны бөлек. Поэзия кеші әулиеаталықтардың рухын асқақтатып, Тараз әдебиет пен өнердің қасиетті ордасы екенін айшықтай түсті.
Кеш барысында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері шығыс шайырларының шығармаларынан әдеби композиция ұсынып, көрермендерді терең ой мен нәзік сезім әлеміне жетеледі.
К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістерінің орындауында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалды. Әсіресе Диас Әбілеков пен Бахром Муминовтың орындауы көрерменді тәнті етіп, ерекше әсер сыйлады. Ән орындалып жатқанда сахна төрінде Азиз Кушаков жанды дауыста әншілерді рояльмен сүйемелдеп, поэзия кеші мен музыканы керемет үндестік биігіне көтерді. Жиында елге белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, «ТарланҮміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек, жерлес ақын Маралтай Райымбек сөз алып, өлеңдерін оқыды.
– Киелі Тараз, қасиетті қарт Қаратау – қазақтың көшін түзеген қасиетті мекен. Құт қонып, бақ дарыған киелі өлкеге табанымыз тиіп, поэзия кешінде бас қосып отырғанымызға қуаныштымын. Бұл байқау бұған дейін өтіп жүрген жиындардың, ісшаралардың ішіндегі ең тазасы, ең киелісі, ең парасаттысы деп білемін.
Келесі жылы «Тараз – кітап оқитын қала» атты ауқымды жоба жүзеге асқалы жатқанын естіп-білдім. Кітап оқымаған кез келген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Кітап – тәрбие көзі. Сондықтан мен осы бастамаға қатты қуанып тұрмын. Себебі қазіргідей кітап оқитындар азайып, барлық мәселе нарыққа, ақшаға тірлелген заманда Тараз секілді киелі жерден осындай бастаманың басталуы бізді қуантты, – деді Ғалым Жайлыбай.
Айтулы кеште еліміздің белгілі ақындарымен бірге жергілікті жас ақындар да авторлық өлеңдерін оқыды. Шайырлар қазақ поэзиясының тереңдігін, сөз өнерінің мәңгілік екенін сөз ете отырып, поэзияның бүгінгі аяқ алысы жайлы өз ойларын бөлісті.
Іс-шарада әнші Аққу Байжігіттің гитарада орындаған туындылары тыңдарман жүрегін тебірентсе, жас көркемсөз шеберлері Мұхтар Шахановтың шығармаларын оқып, ақынның поэзиясын жаңаша қырынан танытты. Кештің ерекше бір сәті – Мадина Сағынбекованың гитарамен Мұхтар Шахановтың өлеңдеріне жазылған әндерден попурри орындауы болды.
Ақын Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені» әні де жұртшылықтың жүрек қылын шертті. Құрмаш Қуанышбаевтың орындауындағы бұл туынды тыңдармандарды өткенге деген сағыныш сағымымен қауыштырды.
85 жылдық тарихы бар қасиетті Әулиеата өңірі ұлт руханиятының алтын қазығы екенін сөз басында айттық. Сан ғасырлардан бері бұл өлке даналар мен небір дарындарды, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің жұлдыздарын тудырған мекен екені ақиқат. Тарихы терең Жамбыл жері бүгінде ұлы тұлғалардың мұрасын дәріптеп, рухани байлығын осылай жаңғыртуда. Осы жерде нақтылап өтер бір жайт, жыл бойы облыстың 85 жылдығына арналған мерейтой аясында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірдің мәдени-тарихи маңыздылығы барынша айшықталса, соның бірі – әдебиетсүйер қауымның басын қосқан «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауы болды.
Байқау облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық әдебиет пен өнердің дамуына үлес қосу, талантты тұлғаларды таныту, жас буынның санасына ұлттық мұраның құндылығын сіңіру. Байқау қазақ әдебиетінде сөз қалдырған ұлы тұлғаларды ұлықтау, қазақ әдебиетінің әртүрлі жанрларын дамыту және таланттарды таныту мақсатында ұйымдастырылды.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, байқауға 77 үміткер 9 номинация бойынша өздерінің шығармаларын ұсыныпты. Әр номинация бойынша жеңімпаздарға қазақ руханиятына еңбегі сіңген дара тұлғалардың атындағы арнайы жүлде және 1 миллион теңге сыйақы тағайындалған екен. – Ақын-жазушылардан жалпы 114 Тараз төріндегі толғаныс шығарма түсті. Оны номинация бойынша жіктесек, «Проза» номинациясы бойынша «Бауыржан Момышұлы атындағы жүлдеге» 14 үміткерден 17 шығарма, «Проза» номинациясындағы «Несіпбек Дәутайұлы атындағы жүлде» бойынша 26 үміткерден 27 шығарма, «Проза» және «Көркем аударма» номинациясы бойынша «Шерхан Мұртаза атындағы жүлдеге» 7 үміткерден 7 шығарма түсті. «Драматургия» номинациясы бойынша «Арғынбай Бекбосын атындағы жүлдеге» 9 үміткерден 10 шығарма, «Сатира жанры» номинациясындағы «Шона Смаханұлы атындағы жүлдеге» 7 үміткерден 8 шығарма, «Поэзия» номинациясы бойынша «Жамбыл Жабаев атындағы жүлдеге» 17 үміткерден 26 шығарма, «Поэзия» номинациясы бойынша «Кенен Әзірбаев атындағы жүлдеге» 9 үміткерден 13 шығарма қабылданды. «Жыр-терме» номинациясы бойынша «Аяз Бетбаев атындағы жүлдеге» 4 үміткерден – 5, «Жыртерме» номинациясында «Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдеге» 1 үміткерден 1 шығарма ұсынылды. Бір үміткер бірнеше номинация мен жүлдеге шығармаларын ұсынған жағдайлар да болды, – деді Эльмира Елеусізқызы.
Байқау қорытындысы бойынша әдебиет пен мәдениет саласындағы үздіктердің еңбегі лайықты бағаланып, жеңімпаздарды марапаттау аталған поэзия кешінде жалғасын тапты. Осы ретте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз алып, рухани шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Поэзия – жүректің жыры. Жаныңызды тербеп, жүрегіңізді шуаққа бөлейді. Расында да әдеби шығармалардың кез келген саналы адамға рухани демалыс, серпіліс сыйлайтыны анық. Өткеннің өнегесі, бүгінгі күннің сырлы бояулары да сол әдеби шығармаларда жатқаны сөзсіз. Осы тұрғыда әдебиет пен мәдениетті қолдау – мемлекетіміздің негізгі бағыттарының бірі.
Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтің есімі берілген біздің облысымызда да бұл бағытта ауқымды жобалар, маңызды іс-шаралар қолға алынуда. Бүгінгі «Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші де соның бір ғана көрінісі десек қателеспейміз.
О бл ы с т а а қ ы н - ж а з у ш ы л а рд ы , шығармашыл интеллигенцияны қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау б а ғ ы т ы н д а а у қ ы м д ы ж ұ м ы с т а р атқарылуда. Жергілікті бірқатар тұлғаның мерейтойы өтіп, шығармашылық кештер ұйымдастырылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Біз алдымыздағы 2025 жылды «Тараз – кітап оқитын қала» деп белгіледік. Жыл бойы балаларды, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында түрлі тағылымды ісшаралар ұйымдастыратын боламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өркениетті елдер болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өрісін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің д ә р е ж е с і м е н , т а н ы м а л д ы ғ ы м е н бағалайтынын ұмытпайық» деп атап өткен болатын. Осы орайда әдебиет пен өнерді қолдау, қаламгерлердің есімін ұлықтап, шығармаларын насихаттау мақсатында әдебиеттің түрлі бағыттары бойынша республикалық әдеби байқау жарияланған болатын. Аталған республикалық байқау өз мәресіне жетіп, бүгінгі шарада байқаудың үздіктерін жариялауды жөн көріп отырмыз, – деген Ербол Шырақпайұлы жеңімпаздарға арнайы жүлделерді табыстады. Сонымен, байқау қорытындысы бойынша «Кенен Әзірбаев атындағы жүлде» ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантаевқа бұйырды. «Бауыржан Момышұлы атындағы жүлде» халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергенге тапсырылды. «Шерхан Мұртаза атындағы жүлде» халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрғали Оразовқа берілді. «Шона Смаханұлы атындағы жүлдені» жерлесіміз, сатирик-ақын, «Ақпарат саласының үздігі» Бақытжан Әлімқұлов иеленді. «Несіпбек Дәутайұлы атындағы жүлдені» жазушы, «Steppe & World» баспасының бас редакторы Ырысбек Дәбей жеңіп алды. «Жамбыл Жабаев атындағы жүлде» ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніске берілді. «Арғынбай Бекбосын атындағы жүлдеге» ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Иран-Ғайып – Иранбек Оразбаев лайық деп танылды. «Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдеге» ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, суретші, мүсінші, ұстаз Жанатбек Тұрғымбаев қол жеткізді. «Аяз Бетбаев атындағы жүлде» ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақыпқа берілді.
– Байқау бірнеше номинация бойынша өтті. Оның ішінде поэзия, драматургия, проза, жыр-терме де бар. Мені қуантқаны, осы номинациялардың қатарына қазақ әдебиеті тарихындағы тұғыры биік тұлғаның бірі Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай сатира жанрының қосылуы. Сатира негізінен біздің облыста кенжелеп қалған жанр. Осы жанрға қатысты байқау өте сирек өтеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Қазіргідей сатира жазатын адам азайған заманда мына байқаудың ең үлкен жаңалығы осы болды.
Облыс әкімінің қолдауымен биыл аймақтағы 24 ақын-жазушының кітабы жарық көрді. Ол өңірдегі барлық кітапханаға таратылды. Бұрын жазған кітабымызды өз ақшамызға шығарып, оны өзіміз тарататынбыз. Кітапты жазуын жазып алып, сондай қиындықпен бетпе-бет келуші едік. Біле білсек, бұл өңір қаламгерлері үшін үлкен қолдау.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде кітапхана рухани байлық екенін, тіпті түнгі кітапханалар жұмыс істеуі керектігін айтты. Бұл кітап оқығысы келетін адамның кез келген уақытта кітапханаға бас сұғуына үлкен мүмкіндік береді. Облыс әкімі жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде келесі жылы «Тараз – кітап оқитын қала» жобасы басталатынын айтты. Қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру кітапханалар арқылы жүзеге асатын шаруа. Келер жылы жастарды ақын-жазушылармен кездестіру, олардың туындыларын насихаттау жанданады деген ойдамын. Сондықтан Ербол Шырақпайұлының нақ осы бастамасы жемісін беретініне сенімдімін, – деді ақын, сықақшы Бақытжан Советұлы.
Әулиеата өңірі тарихының 85 жылдығы аясындағы бұл байқау ұлттық әдебиетке жаңа серпін беріп, дарынды қаламгерлердің жарқырауына жол ашты. Алдағы уақытта жүлдеге іліккен шығармалар жеке жинақ ретінде жарық көріп, оқырманға жол тартатын болады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ