Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үмітті ақтаған үздіктер

Үмітті ақтаған үздіктер
Ашық дереккөз
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығының иегерлері мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігімен көзге түскен, әртүрлі салада биік белестерді бағындырған жастарды қолдау және көтермелеу.

Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өз құттықтауында жастардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың жетістіктеріне шынайы ризашылығын білдірді.

– Жастар – қай кезде де қоғамның қозғаушы күші. Сол себепті елімізде жастар мәселесі басты назарда. Мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау әр кезеңде де ерекше. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында» деп сенімді баға берген болатын. Бұл сөз білімі ерек, ойы ұшқыр, талабы мықты жастардың қатарын арттырып, олардың ұранына айналды десек қателеспейміз.

Биылғы жыл еліміз бен өңіріміз үшін ерекше бастамалар мен тың өзгерістерден басталды. Яғни мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын өңірімізде іске асыру мақсатында бірқатар игі жобалар қолға алынды. Сондай-ақ саланы қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артты. Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге басымдық беріліп, 23 758 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. «Жасыл ел» жобасы аясында 2 000 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күні 3 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішпен біздің өңір 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала ішінде алғашқы ондыққа енді. Атап айтқанда, 2024 жылы жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін 344 жас қайтарымсыз гранттың иегері атанса, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 326 жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Биыл өңірде әдебиет пен өнерді қолдауға бағытталған поэзия, проза, драматургия, сатира саласында «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби конкурсы ұйымдастырылды. Шығармашыл жастардың әлеуетіне жаңа леп беру мақсатында алдағы 2025 жылды кітап оқу жылы деп жариялап отырмыз. Кітап – ең құнды қазына. Сол себепті де біз «Тараз – кітап оқитын қала» жобасын бастаймыз. Барлығыңызды аталған жобаға қолдау көрсетіп, белсенділік танытады деген сенімдемін. Биыл алғаш рет жастар бастамаларын қолдауға 1 миллион теңгеден 10 номинация бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталмақ. Осылайша жастарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Құрметті жастар! Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастарға тікелей байланысты. Жас буын мемлекеттің саясатына белсенді араласып, ел экономикасындағы өзгерістерге қызығушылық танытуы тиіс. Сіздер еңбек пен білімді, ар мен намысты, Отан алдындағы парызды ту етіп ұстасаңыздар – алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ деп есептеймін. Жастық жігерлеріңіз жалындай берсін! Егемендігіміз еңселі, елдігіміз ғұмырлы болсын! Отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деген Ербол Шырақпайұлы жастарға облыс әкімінің «Әулиеата үздігі» сыйақысын табыстады.

Үздік жастар бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап өтер болсақ, әріптесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық – «Үздік жас ақын», «Еуразия» бірінші арнасы телеарнасының тілшісі Ұлдана Жұбай – «Үздік жас журналист», Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия директорының орынбасары Дәурен Естаев – «Үздік жас педагог», боксшы Бексұлтан Боранбай – «Үздік жас спортшы», Жамбыл аудандық орталық ауруханасының «Айша бибі» дәрігерлік амбулаториясының аға мейірбикесі Бикен Аманғалиқызы – «Үздік жас медицина саласының маманы», Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Дидар Басықараев «Үздік жас өнер саласының маманы» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Байдәулет Дүйсенов – «Үздік жас құтқарушы», облыстық полиция департаментінің ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Құндызай Бөгенбаева – «Үздік жас құқық қорғау қызметкері», Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Батырхан Төмешбай – «Үздік жас мемлекеттік қызметші», «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның Тараз қалалық филиалының «Сынақ зертханасының» аға зертханашысы Салтанат Займанова – «Үздік жас өндіріс саласының маманы», канадалық «MaintainX» Старт АП компаниясының қызметкері Мұхтарәлі Әбуәлі «Үздік жас өнертапқыш» номинациясының жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ бірқатар жасқа «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.

Марапат иелері арнайы диплом мен статуэтка және қаржылай сыйақыға ие болды. Салтанатты іс-шара соңында жас ақын Арайлы Жақсылық отты жырларын оқып, былғары қолғап шебері Бексұлтан Боранбай ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар