Оның ішінде әсіресе бапкермен келіспеушілік, әріптестермен болған ерегіс аяқдопшының болмысынан, мінез-құлқынан сыр берсе керек. Сонымен бірге әлем жұлдыздарының басынан өткен жағдайларға ұқсас оқиғаларға тап болған кездегі қазақстандық аяқдопшылардың да «ерліктерін» тілге тиек еткіміз келіп отыр.
ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ЖӘНЕ ТҮНГІ КЛУБ
2006 жыл, қыркүйек. Хорватия құрама командасының бас бапкері Славен Билич команда сапынан Ивица Олич, Башко Балабан, Дарио Срналарды шығарып жіберді. Үш ойыншы да негізгі құрамның белді аяқдопшылары еді. Славенияның Чатеж қаласында жаттығу жұмыстарын жасап жүрген ойыншылар қонақүйден түн ортасында қашып шығып, таңғы сағат бесте бір-ақ оралған. Сөйтсе, футболды бір сәтке қоя тұрған үш сабаз түнгі клубтың бірінде көңіл көтеріп қайтқан екен.
БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ АҚША
2007 жыл, наурыз. Сьерра-Леоне командасымен өткен кездесуден кейін Того құрамасының жаттықтырушылар штабы Эммануэль Адебайорды ұжым сапынан шығарып жіберді. Ойынның алдында «Арсенал» шабуылшысы болып жүрген жұлдыз ойыншы Того футбол федерациясы уәде еткен қосымша қаржылай сыйақыны сұраған. Германиядағы әлем біріншілігінен кейін берілуге тиіс ақшаны 2-3 ай ала алмай жүрген шабуылшының шыдамы таусылған екен. Бапкерлер мен аяқдопшының арасындағы әңгімеден соң Адебойор ұлттық командадан қуылды.
АРСЫЗ ҰЙҚЫ
2007 жыл, қазан. Голландия ұлттық құрама командасының бас бапкері Марко ван Бастен 2008 жылғы Еуро кубогының іріктеу сынында Румынияға қарсы кездесуде Райан Бабельді алаңға шығатын ойыншылар тізіміне қосқан жоқ. Оның басты себебі – Бабельдің ұлттық құрама команданың жаттығулары мен жиналыстарына кешігіп келгендігі. Кейіннен анықталғандай, Райан батырлар секілді ұзақ әрі өлі адамдай қатты ұйықтайды екен.
ӘРІПТЕСПЕН ЕРЕГІС
2003 жыл, кыркүйек. Еуропаның бірнеше мықты клубында өнер көрсеткен Джон Карью өзінің алыптығымен де танымал. Бірде Норвегия құрама командасында жаттығу жасап жүрген кезінде қызуқанды Джон әріптесі, қорғаушы Йон-Арне Рийсемен ерегісіп, жұдырық жұмсаған. Осыдан кейін бас бапкер Юхан Семб қанша жерден мықты шабуылшы болса да Карьюді ұлттық құрамадан шығарып жіберген. Кейін бас бапкер ауысқанда ғана Карью құрама сапына қайта ілінген екен.
ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫС
2001 жыл, қыркүйек. Лондондық «Челсидің» жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард баспасөз беттеріне мас кезіндегі талай қызықтарымен танымал болды. Әлемнің үздік жартылай қорғаушыларының біріне саналатын ағылшындық Лондон әуежайында америкалықтармен epeгiсiп, түбінде оған көмекке әріптестері келіп, арты әжептәуір төбелеске ұласады. Нәтижесінде америкалықтар соққы жеп қалады. Мұндай жағдайларда судан құрғақ шығатын Лэмпард бұл жолы айыппұл төлеп, кешірім сұраумен құтылды. Егер бұл іс 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болмағанда Фрэнк жазадан тағы да құтылып кетер ме еді, кім білсін. Ал дәл сол күні АҚШ-та террорлық әрекет болып, егіз мұнара құлаған болатын. Ол күнді америкалықтар аза тұтумен өткізген еді.
ЖҮГІ АУЫР ЖЕЙДЕЛЕР
2001 жыл, тамыз. Бойы 2 метр 10 сантиметр Ян Коллер – алаңда дараланып жүретін ойыншылардың бірі. Чехия құрама командасында жемісті өнер көрсеткен ол іріктеу кезеңіндегі ойында тәртіпсіздік жасап, бас бапкердің шешімімен командадан шығарылды. «Боруссия» шабуылшысы Солтүстік Ирландия командасына қарсы кездесуде бапкердің оны басқа ойыншыға алмастырып жібергеніне наразы болғандығы соншалық, үстіндегі жейдені шешіп, аяғымен теуіп жібереді. Оны көрген бас бапкер Йозеф Хованец «Чехияның елтаңбасы бар ұлттық құраманың жейдесін аяққа таптадың» деп бас командадан қудалайды. Дәл осындай жағдайға Ресейдің белгілі ойыншысы Юрий Жирков та ұшыраған. Жастар арасындағы кездесуде Ресейдің елтаңбасы бар жейдені жерге лақтыра салып, төрешіге наразы екендігін білдіреді. Осы жағдайдың артынша футбол федерациясы оған айыппұл төлеткізіп, кешірім сұратады.
ПАЙПЕРСТІҢ ЖАЗАСЫ
Қазақстан футболы УЕФА-ға өткеннен кейін ел футболында тәртіп орнай бастағандай болды. Ұлттық кұрама тізгінін шетел бапкерлері ұстай бастады. Соның бірі – голландиялық маман Арно Пайперс тәртіп жағынан жаңашылдық әкелді. Жаттығу мен жиындарға кешігіп келген ойыншыларды жазалаудың еуропалық үлгісін көрсетті.
Мысалы, жаттығуға кешігіп келген ойыншы барлық команда мүшелеріне жететін торт алып келуге тиіс болған. Немесе киноға билет сатып алуы тиіс. Осындай жағдайға тап болған Сергей Ларин бірнеше торт сатып әкеліп, әбден әлек болған. Нәтижесінде келер жолы жаттығуға ертерек келесің!
ТУҒАН КҮННІҢ «ТІРЛІГІ»
Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншыларының бірі болған Дмитрий Бяков Пайперс бастаған құрама сапын да үнемі гол соғып, іріктеу кезеңіндегі барлық Еуропадағы топтардың ішінде 5 гол соғып, мергендер көшінде жүреді. Ал сол ойыншының туған күнін қалай тойлағаны көп жанкүйерге беймәлім. Алматының мықты бір түнгі клубында ішімдіктен ұрттап, достарының ортасында көңілді кеш өткізіп отырған Дмитрий кенеттен шыққан жанжал нәтижесінде белгісіз біреумен ерегіседі. «Жынды су» қайыр берген бе, әлгі белгісіз біреу Дмитрийдің жүрек түбінен пышақ сұғып қашады. «Бяков енді үлкен спортпен қош айтысатын шығар» деп жүргендер қателескен болатын. Қайсар жартылай қорғаушы көп ұзамай футболға қайта оралды.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
спорт журналисі
Алдағы олимпиадаға дайындық талқыланды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024
«Туған өлкем шағын, шалғай болғанмен, Таланты көп, танылмаған қыр-сыры»
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024