Алдымен әйелдер арасындағы финалдық кездесулер өтіп, 5 боксшымыз алтын жүлде үшін таласты. Шаршы алаңға бірінші болып Виктория Графеева (60 келі) шығып, қытайлық боксшы Гияндж Лиді қапы қалдырды. Осылайша бабы мен бағы келіскен Виктория қоржынымызға алғашқы алтынды салды.
– Ересектер сапына қосылғаныма көп бола қойған жоқ. Үнемі қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, Бокс федерациясының басшылығына, ұлттық құраманың бас бапкері бастаған ұжымға алғысымды айтамын. Өзіме артылған сенімді зор жауапкершілік деп қабылдадым, еліміздің көк туын әрқашан желбіреткім келеді, – деп ағынан жарылды марапаттау рәсімінен соң журналистерге сұхбат берген В.Графеева.
Викторияның жеңісті жолын 63 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Аида Әбікеева жалғастырды. Отандасымыз Вьетнам спортшысы Лин Ханың осал тұсын таба білді. 70 келіде сынға түскен Наталья Богданова шаршы алаң иесі Байсон Маниконнан басым түсті.
– Зал толы жанкүйерлердің кешенді жаңғыртқан қиқуы бапкерлердің нұсқауын көміп кетіп жатты. Дегенмен еш абыржымадым, айқас алдында құрған тактикалық жоспарды мүлтіксіз орындап шықтым. 2-раундта екінші тынысым ашылғандай күй кештім. Еліміздің Әнұранын шырқатып, көк туымызды желбірететініме сенімді болдым, үмітім ақталды, – деді жекпе-жек аяқталған соң әсерімен бөліскен Н.Богданова.
Сондай-ақ Гүлсая Ержан да (81 келі) украиналық қарсыласы Карине Айрапетяннан айласын асырып, Азия чемпионы атанды. Елдана Тәліпова да (81 келі салмақтан жоғары) ақтық сында өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваны ойсырата тұтты.
Сонымен қатар жартылай финалда айқын басымдықпен жеңіске жетіп тұрса да төрешілердің әділетсіздігіне ұшыраған жерлесіміз Әйгерім Сәттібаева (48 келі) қола жүлдегер атанды. Еске сала кетейік, Әйгерім Сәттібаева – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Белгілі боксшы Олжас Сәттібаевтың жұбайы, бес баланың анасы Әйгерім ұзақ үзілістен соң 2023 жылы шаршы алаңға оралған болатын. Сондай-ақ Жазира Орақбаева (52 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Милана Сафронова (66 келі), Диана Мағауияева да (75 келі) Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ерлер арасындағы бәсеке де тартысқа толы болды. 9 боксшымыз финалда өнер көрсетіп, алтын жүлде жолында жан алысып, жан берісті. Қысқаша тоқталсақ, 48 келі салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбайға сәттілік серік болмай, күміс жүлдені қанағат тұтты. Жеңіс шарболаттай шыңдалған өзбекстандық Шодиержон Меликузиевтің еншісінде кетті.
Әлем чемпионы, еліміздің үкілеген үміті Махмұд Сабырхан (54 келі) бұл бәсекеде де мықтылығын дәлелдеді. Финалда Махмұд Өзбекстан спортшысы Шахзод Мұзаффаровқа ешқандай мүмкіндік бермей, жеңісті жұлып алды.
Бұдан кейін шаршы алаңға көтерілген Оразбек Асылқұлов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Диас Молжігітов те (75 келі) қарсыластарына жол берді.
86 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Бекзат Нұрдәулетов Жасурбек Юлдошевті, Сағындық Тоғамбай (92 келі) Парвиз Кәрімовты, аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Әбудурешити Ремуланы жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал жартылай финалда сүрінген Ерасыл Жақпеков (80 келі) қола жүлдегер атанды.
Нәтижесінде Қазақстан ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль ұтып алды.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан (9 алтын, 5 күміс, 6 қола) ІІ орынға жайғасса, Өзбекстан 11 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлдемен көш бастады. Үздік үштікті 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальмен Тайланд түйіндеді.
Азия чемпионаты аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов: «Біз 67, 71 келі салмақ дәрежелерінде өткен финалдық сайыстарының нәтижелерімен келіспейміз. Бұл жерде төрешілер тарапынан ағаттық кетті. Қалған жекпе-жектерде дұрыс шешім шығарылды. Шәкірттерімнің жіберген қателіктерінің барлығын көрдім. Енді сол олқылықтардың орнын толтыру бағытында еңбек етеміз. Алдағы уақытта физика мен техникаға көбірек мән беруді көздеп отырмыз. Осы орайда Нұрбек Оралбай бастаған мықты боксшыларымыздың біразы осы жарысқа қатыспағанын да ескерген жөн. Ең бастысы, бізде жақсы резерв бар. Дарынды жастарды ұлттық құрамаға тартамыз», – деп қорытынды сөзін айтты.
Айта кетейік, Азия чемпионатына облысымыздың 5 спортшысы қатысып, 2 күміс, 1 қола жүлде еншіледі. Диас Молжігітов пен Дулат Бекбауов күміс медальға ие болса, Әйгерім Сәттібаева қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Сымбат Алиасқар (54 келі) және Бейбарыс Жексен (60 келі) іріктеу бәсекелерінде қарсыластарына есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ
Алаңнан тыс оқиғалар
Ұқсас жаңалықтар
Үстел теннисінен Кирилл Герасименко Азия құрамасымен жеңіске жетті
- авторAR-AY
- 17 желтоқсан, 2024