Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қиындыққа қайыспаған, сынаққа сынбаған

Қиындыққа қайыспаған, сынаққа сынбаған
Ашық Дереккөз
Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Егемендікке ызғарлы желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Бастарын бәйгеге тіккен желтоқсаншылардың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра беретін болады.

Жүрегінде желтоқсанның ызғары мәңгі сақталған жанның бірі – Бақытгүл Айханова. Батыр қыз 1986 жылы Алматыдағы көтеріліске қатыспаса да әділеттілік жолында күрескен.

Бүгінгі таңда 72 жасты алқымдап отырған кейіпкеріміз сол жылдары Семей облысындағы Жезкент кен байыту комбинатының жерасты шахтасында геолог болып жұмыс істеген екен.

– Елде маңызды оқиға болып жатқанда қол қусырып отырғым келмеді. Алаңға шыққан жастарды ойлап көкейіме ащы өксік тығылды. Қазақ жастарын мұздай сумен атқылап, алаңнан қуып жатқанын теледидардан көріп, жүрегім қан жылады. Сөйтіп, бірден жұмыс орнымдағы қазақ жастарының басын қосып, қолдау білдірейік деп шештім. Сондағы қазақ деп отырғаным, бар-жоғы үш ұл-қыз. Қалғаны – өзге ұлттың адамдары. Содан не керек, 16 желтоқсан күні Алматыда нағыз аласапыран басталып кетті. Бәрін естіп-біліп, жүрегіміз қан жылады. Кеудемізде қанымыз ойнап, семейлік өрендер де «еркіндік, тәуелсіздік» деп ұрандатқан қазақ жастарына үн қостық. Желтоқсанның 18 күні жұмысқа шықтым. Қосулы тұрған радиода жағымсыз дауыспен «…Ішіп-шегіп алған қазақ жастары, студенттері терезелерді сындыруда. Қаланың берекесін кетіріп жатыр» деп сайрап жатты. Геологиялық бөлімде жалғыз қазақпын. Ана сөздерді естігенде көзімнен жас ыршып кетті. Ызаға булығып тұрып: «Мыналар асыра сілтеп жатыр. Мен таяуда ғана Алматыда білім алып келдім. Студенттік өмірім енді аяқталды. Қазақ жастары арам су мен есірткіге әуес емес. Әттең, қолыма автомат берсе, осындай жалған дерек таратып отырғандарды, басшылықты атып тастар едім», – дедім. Бәленің бәрі осы сөзден басталды, – дейді Б.Айханова.

Радиодағы жаңалықтардан кейін намысы қозып, ашуға булыққан Бақытгүл Семейдегі өзі секілді қазақ жастарын жиып, алаңға баруға бекінеді. Алайда мақсатына жете алмайды. Көп ұзамай-ақ «автоматпен атар едім» деген әңгімесі ауыздан-ауызға тарап, «Айханова жастарды топтастырып, бүлік жасағалы жүр» деген ақпарат тарап кетеді.

– Шахтада шын-өтірігі аралас қызу өсек жүрді. «Жалған ақпарат таратқандарды автоматпен қырар едім» деген сөзім «бүкіл орысты қырамын»-ға айналып шыға келді. Осы әңгіме күллі Семей қаласын шарлап кетті. Шахтадағылар маған оқты көздерімен атып жіберердей қарап жүрді.  Ұжымдағыларым тегіс орыс. Ісімді қарау үшін парторг, шахта басшылары қосылып, КГБ-ның қызметкерлерін де шақырды. Сонда мен үшін шырылдап, сөзімді сөйлеген бір ғана адам болды. Қазаққа бергісіз Валентин Сергеевич деген басшым мәселені түсіндіріп бақты. «Алматыдағы оқиғаны бәріміз талқыладық. Жалғыз Айханова емес, барлығымыздың жастарға жанымыз ашығаны рас. Ызамен айтылған сөз еді» депті. Алғашында КГБ-ның қызметкерлері бастығым Валентиннің сөздеріне жібіп, қайтып кетіпті. Артынша үлкен басшым шақырып: «Айханова, сен жаңа жылды ауылыңда өткіз», – деді. Мен бұйрықты орындап, ауылыма кеттім. Жаңа жылда, яғни 31 күні кешке мен тұратын үйді қаруланған офицерлер қоршап алыпты. Мені жастарды жиып, Алматыға аттанған жағдайда ұстаймыз десе керек. Мұны маған басшым айтты. Кейін бәрі тынышталғандай болды. Ақпан айында бастығымыз зейнетке кетіп, мені орнына басшылық қызметке тағайындамақ болды. Бірақ бұл орын маған бұйырмады. Тағы да КГБ-дан тексеріп келді. «Егер бәрін мойындап жазып берсеңіз, біз сізге ештеңе істемейміз, тек қызметтен төмендейсіз, мойындамасаңыз, онда жағдайыңыз жақсы болмайды» деді. Тіпті түрмеге қамаймыз деп айтты. Өздері маған айтып тұрды, мен жазып бердім. Соны жазғаным өзіме сор болды. Қамаған жоқ, бірақ қай жерге, қай мекемеге, қандай қызметке барсам да «саяси тұрақсыз» деген атақ артымнан қалмады. Тіпті қызметте көтеріле алмадым. Кейбіреулер мені жанына жолатуға қорықты, – дейді Бақытгүл апамыз.

Осылайша небір сынақты бастан кешсе де Бақытгүл Айханова қиындыққа қайыспайды. Тіпті зейнетке шыққанша «саяси тұрақсыз» деген айыптаудан құтыла алмапты. «Ұлтшыл» деп айыптағандар да аз болмаған. Тек тәуелсіздік алған соң ғана, оның өзінде желтоқсан оқиғасы ұмытыла бастағанда ғана айыптаудан құтылған.

– Бір күні министрлікке қызметке кеткен Марат Нұрымов деген бұрынғы басшымыз тексеріспен келді. Өзі аз ғана қазақ болғандықтан шығар, «қаракөз қарындасым» деп маған арнайы соқты. «Әй, қыз, неге көңіл күйің жоқ?» деді бірден. Жұмыс орнымда болып жатқан әділетсіз оқиғалардың бәрін жайып салдым. Бірден жоғары жаққа шығып, мәселені сол жерде шешіп берді. Сол оқиғадан соң жағдай біраз түзелді. Десе де сол атақ өмір бойы маңдайыма жазылған қара күйедей болды, – дейді Б.Айханова.

Желтоқсан оқиғасын жан-тәнімен түсініп, шып-пыр болған бір кездегі қазақ қызы – қазір екі немеренің әжесі. Ол бүгінде елдің тыныштығы мен аспанының ашық болуын тілейді. «Енді қаралы күн болмасын, бейбіт күннің қадірін білейік» деп күнде тілеп отырады. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар