Бастапқы жылдары ең алдымен малшаруашылығын дамытуға баса назар аударылса, кейіннен суармалы жерлерді тиімді пайдалануға мән берілді. Облыста дақыл көлемін арттыру, мал басын көбейту, тұқымшаруашылығын нығайту, экспортқа бағытталған өнімдердің ауқымын ұлғайту басты талаптардың бірі болды. Соңғы жылдары бюджеттен қомақты қаражат қаралып, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылшаруашылық техникасы жаңартылды, жаңа технологиялар да қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар асыраушы саланы әртараптандыруға баса көңіл бөлініп, аграрлық секторға инвестиция тарту және шаруа қожалықтарын субсидиялау нәтижесінде еңбек өнімділігі артты. Есесіне ауылшаруашылығы еңбеккерлері төккен тер, еткен еңбектің арқасында әр жылды табыспен аяқтады. Биыл да аталған салада қол жеткізген жетістіктер айтуға тұрарлық. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де егжей-тегжейлі мәлімет берген болатын. Осы ретте біз ауылшаруашылығы саласында биыл қандай табыстарға қол жеткізілгенін сөз етуді жөн санадық.
Биыл ауылшаруашылығы саласына 24,6 миллиард теңге субсидия бөлінсе, желтоқсан айына дейін оның 20,8 миллиард теңгесі игерілген екен. Ал тартылған инвестиция көлемі 14,9 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425,4 миллиард теңгені құраған. Дақылдар бойынша егістік алқабы 626,7 мың гектарға жеткен. Оның ішінде дәнді дақылдар – 366,3 мың гектар болса, майлы дақылдар – 32,9 мың гектар. Сол секілді 26,4 гектарға көкөніс, 6,7 мың гектарға картоп, 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті.
Өңірде балтамырдан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны қазіргі таңда аяқталған. 3,6 миллион тонна өнім жиналса, оның ішінде 671,4 мың тоннасы дәнді масақ, 36,3 мың тоннасы майлы дақылдар. Сонымен қатар 1,2 миллион тонна көкөніс, 172 мың тонна картоп жиналған.
Егін алқабындағы тәтті түбірдің 84 пайызы қазылып алынған. Бүгінде 600 мың тонна өнім алынса, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерді құрапты. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.
– Биыл алғаш рет ауылшаруашылық техникасының лизингі бойынша бағдарлама іске қосылып, 3,2 миллиард теңгеге жылдық 5 пайызбен 244 техника сатып алынды. Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жылдық 2,5 пайызбен 68 ауылшаруашылық техникасы, 116 аспалы және тіркеме техникалары, 7 қызылша жинау комбайны сатып алынды. Нәтижесінде ауылшаруашылық техникасын жаңғырту деңгейі 8 пайызды көрсетті. Малшаруашылығында ұсақ мал – 3,8 миллионға, ірі қара – 500 мыңға, жылқы – 200-ге, құс 1,8 миллионға дейін өсті. Ет өндірісі тірі салмақта – 2,9 пайызға, сүт 1,2 пайызға артты. 26,2 миллион АҚШ долларына 134 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталды. Өткен жылы 18,2 миллион АҚШ долларына 53 мың тонна тауар шетел нарығына шығарылған болатын. Асыраушы салада жайылымдық жерлердің сапасы ерекше рөл атқаратыны белгілі. Осы жылдан бастап БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы бірлесіп, 2028 жылға қарай 5 мың гектардан астам жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл құны 10,8 миллиард теңгеге 163 жұмыс орнын құруды көздейтін 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 1 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, «Алель-Агро» акционерлік қоғамы 4 миллиард теңгеге инкубатор құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ 3,2 миллиард теңгеге су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 53 жұмыс орнын құруды көздейтін 5 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде заманауи технология «Smart Agro Қарқара», «Қызылша жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, «Тоқтасын Агро», «Тастөбе» шаруа қожалықтарында, «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативінде қолданылуда. Мақсары майы өндірісін кеңейту бойынша 1 жоба іске қосылса, «KazAqua Альянс» және «Эльнұр Әділ Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері балықшаруашылығына басымдық беруде. Қуаттылығы 7 мың тоннаны құрайтын жоба арқылы 15 жұмыс орны ашылды. Ал «BNK Leasing» ЖШС 0,3 миллиард теңгеге ауылшаруашылық техникасына қызмет көрсету сервистік орталығын ашып, 19 жұмыс орнын, «Рич голд» ЖШС 0,2 миллиард теңгеге алма шырыны өндірісін іске асырып, 10 жұмыс орнын құрды. 2025 жылы ет өндірісін 3,5 пайызға арттыру көзделсе, сүт өндіруді 1,6 пайызға ұлғайту және 17 инвестициялық жобаны 48,8 миллиард теңгеге іске асыру жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермаларының құрылысы аяқталып, келер жылы іске қосылмақ. Осы арқылы өңірде сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам көлемде ұлғайтып отыруға мүмкіндік бар. Одан бөлек 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттырып, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға ықпал етпек. Бұдан басқа жалпы 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері-терсек, жүн-жұрқа өңдеу, алма шырынын шығару, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, картоп фриін өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланыпты.
– 5 миллиард теңгеге тракторлар мен ауылшаруашылық техникасын құрастыру бойынша 2 жоба іске асырыла бастады. Бұл фермерлерді қолжетімді ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз ету және саладағы еңбек өнімділігін арттырудың қамы. Сондай-ақ өңірде қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 173 миллиард теңгеге жылына 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бірегей зауыт құрылысы бойынша жоба іске асырыла бастады. Күрделі аминқышқылдарының бүкіләлемдік өндірісінің 60 пайызы осы компанияның үлесіне тиесілі екенін атап өткім келеді. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені саласына 50 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. «Ауыл аманаты» жобасының аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 152,2 мың бас мал сатып алынды. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру көзделуде. 5 жылға жылдық 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерге 9,2 миллион теңгеге дейін, ал кооперативтерге 29,5 миллион теңгеге дейін несие берілетін болады. 2025 жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз етудің қам-қарекеті жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бері Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу секілді алты ауданда халықаралық банктердің несиесі есебінен, яғни Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің 36,3 миллиард теңге қаржысына 2 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде оның 26,9 миллиард теңгесі игеріліп, 608 шақырым 183 канал қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі айтарлықтай артты. Бұдан бөлек суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында 55,4 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында облыста 3 кәсіпорын іске қосылды, – дейді Қайрат Есенұлы.
Тарқата айтқанда, Қытай Халық Республикасындағы «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» компаниясының 3 миллиард теңгеге жуық инвестициясы есебінен каналдарға заманауи бетон жабындары өндірісін шығару қолға алынса, оның жылдық қуаттылығы 240 мың шаршы метрге есептелген екен. Осы мемлекеттің «KAZKASPI HYDRO» кәсіпорны 2,8 миллиард теңгеге тамшылатып суару жүйесін шығарып, жылына 5 мың гектардан кем емес алқапты қамтымақ. Отандық «ANS PLAST» компаниясы 0,5 миллиард теңгеге спринклерлік жабдықтар мен поливинилхлорид (ПВХ) материалдарынан жасалған құбырлар шығаруды қолға алды. Қуаттылығы жылына шамамен 5-6 мың гектарды қамтымақ. Облыста тамшылатып суару жүйесін өндіруді ұйымдастыру бойынша түрік инвесторлары тарапынан тағы 2 жоба жүзеге асырылмақ. «ARDENT PLASTIC» компаниясы өндірістік қуаты 10 мың гектарға дейін, ал «Akplast» компаниясы 15 мың гектарға дейін жететін құрылғы шығаруда.
Келесі жылы Ислам даму банкінің несие қаражаты есебінен 25,8 миллиард теңгеге 3 суқойма құрылысын жүргізу жоспарланыпты. Соның есебінен суармалы жерлердің ауданын тағы да 50 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік тумақ.
Егіншілік пен малшаруашылығы салаларында қол жеткізілген жетістіктер өңір экономикасының тұрақтылығын нығайтып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосты. Бұл ретте ерте көктемде таңнан қара кешке дейін алқап басында тыным таппай жер жыртып, дән сепкен, күзгі жиын-терін кезінде болған ауа райының қолайсыздығына қарамастан жоғары өнім алуға тырысқан диқандардың қажырлы еңбегін атап өтуіміз керек. Төскейде төл өргізіп, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында күнін далада өткізген малшылардың да еңбегі ерен. Соның арқасында малшаруашылығы саласы да даму қарқынын жоғалтпай, асылтұқымды мал басының саны артып, ет және сүт өндірісі көлемі ұлғайып отыр.
Сала мамандарының үздіксіз еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ауылшаруашылық тауарларының сапасы мен көлемін арттырғаны ақиқат. Осы жетістіктерді сала қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен тынымсыз еңбегінің жемісі деп білеміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңі
Ұқсас жаңалықтар
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024