Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Туған өлкем шағын, шалғай болғанмен, Таланты көп, танылмаған қыр-сыры»

«Туған өлкем шағын, шалғай болғанмен, Таланты көп, танылмаған қыр-сыры»
Ашық Дереккөз
Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің 10 «ә» сынып оқушысы Әмина Серғұл – енді ғана бүршік атып келе жатқан талшыбықтай жас ақынның бірі. Әмина Талас ауданы, С.Шәкіров ауылында Ш.Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына арналып өткен «Шоқ тілді – Шона» атты мүшәйраға қатысып, жүлделі II орынға ие болған еді.

7-сыныптан бастап өлең жаза бастаған Әминаның ақындық жолды таңдауына әдебиет әлеміне деген қызығушылығын аңғарған қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержігіт Яукулов түрткі болған.

Әдебиет айдынында Әминаға сәтті сапар тілеп, оқырман назарына жас ақынның патриоттық сарындағы жауқазын жырларын ұсынып отырмыз.

 

ҚАРАТАУ

О, Қаратау, жүгің ауыр түйесің,

Жанға жайлы, жұмақ мекен киесің.

Шабыт берген ең көрікті жерімсің,

Саған қарай ауа берді жиі есім.

 

Құшағыңда қанша құлын өсті екен,

Қай батырдың тақымына түсті екен?

Тарихыңды құлағыма сіңіріп,

Ардақ тұтқан ата-анам да есті екен.

 

Көпке ортақ қойнауыңда байлық кіл,

Туған жерім, бар құрметке лайықтым.

Сәл ұзасам саған ғана асығып,

Мұң-дертімнен сен арқылы айықтым.

 

О, Қаратау, қадірлім деп иланам,

Махаббатым жүрегіме сыймаған.

Баурайынан кете алмайды адамзат,

Туған жерін өзгелерге қимаған.

 

Тасың да ыстық, жаныма нұр береді,

Сені әлемге танытсам – сол керегі.

Емдік шөбің дертке дауа, суың бал,

Сарқылмаса екен деймін дерегің.

 

Дұшпаныңа құшағыңды ашпашы,

Құлып салшы, байлығыңды сақташы!

Беттете алмай саған қарай түлігін,

Қаламаймын, қамықса егер бақташы.

 

Сені тастап мен қалайша кетемін?

Саған ғана құрақ ұшып жетемін.

Өмір-өзен басқа арнаға жықса да,

Қаратауым, сені қимай өтемін...

 

ТУҒАН ЖЕР

 

Өзенің бар ағып жатқан сарқырап,

Тауларың бар көкке жеткен жарқырап.

Кең далаң бар көкке шығып көрсең де,

Айнадайын көз тартады жалтырап.

 

Көл керек пе, күміс бұлақ Билікөл,

Шағаласы шарықтаған сыйлы көл.

Құбажонда құлдыраңдап жүгіріп,

Жағаңда әсем талай мәрте жидым гүл.

 

Бұл Майтөбе үш тарапқа тараған,

Қожағаппар атам емге жараған.

Бар науқасты сауықтырып бір өзі,

Тегін емдеп, Құдайындай қараған.

 

Солай, солай Таластың бұл тылсымы,

Тарта берер туған жердің шын сыры.

Туған өлкем шағын, шалғай болғанмен,

Таланты көп, танылмаған қыр-сыры.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар