Күмісай Қуатбаева 1995 жылы 22 қазанда Байзақ ауданы, Базарбай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Информатика жүйесі» мамандығына оқуға түседі. Үшінші курста оқып жүріп, жүрек қалауымен Ермекке тұрмысқа шығады.
Бала күтімімен 8 жылдай үйде отырған ол жолдасына жеке кәсібін ашқысы келетіндігін, этностильді дәріптеуге ден қойғандығын жеткізеді. Cөйтіп, «YouТube» арнасынан осы кәсіпке қатысты ақпараттарды оқып, ақылы дәрістер ала жүріп ісін бастайды. Алғашында қиындықтар туындағанына қарамастан өз-өзін қамшылай отырып, трендке айналған ою-өрнектерге зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Соның арқасында тың ақпараттармен білімін толықтырып, жолдасының қолдауымен ою-өрнекті кестелейтін тігін машинасын алуға қол жеткізеді.
– «Өзіңе ұнайтын нәрсемен айналыс. Оқы, үйрен, дамы. Жандүниеңнен бастап өзгерт. Алтынға бергісіз қағида бар: өзің рақаттанатын шаруаны істе, сонда анағұрлым бақытты боласың» деп «Телеgram» ның негізін қалаған Павел Дуров айтқандай, жаныма жақын кәсіпті таңдадым. Халқымыздың ою өрнектерінің әрқайсысының астарында үлкен ой, құпия сыр жатыр. Этностильді дәріптеуге басымдық бергенім сондықтан. Өнім, баға, бәсеке, сұраныс, ұсыныстар бойынша терең талдау жасауды үйрендім. Осының нәтижесінде ұлттық шапан, қамзол, кеудеше, төсек жабдықтары, сүлгі, футболка, көйлектер, жеңіл көліктің орындықтарын қаптағыштарға айшықты, көздің жауын алатын ою өрнектерді кестелеп салып, қолжетімді бағамен сатуға бел будым. Тапсырыс берушілер күн санап өсті. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «vyshivka_taraz08» жеке парақшама да қолымнан шыққан бұйымдарды жүктеп, жарнамалай бастадым. Алыс-жақыннан тапсырыс берушілер қатары көбейе түсті. Бұл жаңа кәсібіме деген қызығушылығымды арттырып, бір күнде бірнеше тапсырысты орындайтын болдым, – деді Күмісай Бақытжанқызы.
Кейіпкеріміз кәсібінің ауқымын кеңейту үшін 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алады. Қайтарымсыз грант алу үшін жобасын қорғап шығады. Қаражатқа көпбейінді тігін машинасын алып, ісін ары қарай дөңгелетеді.
Биылғы жылы Күмісай қолда бар қаражатты үнемдей отырып, жолдасының қолдауымен кәсібін өркендету мақсатында баннер шығаратын аппарат алған екен.
Қазіргі таңда тапсырыспен баннер шығару, ғимараттардың қасбетіндегі атауларын көркемдеп жазу, той иелерінің аты-жөнін, мерейтойын көрікті етіп әспеттеу, бұдан басқа да қызметтерді тұрғындарға ұсынып отыр.
«Ернар» атауын иеленген жеке кәсіпкерлікте бірнеше азамат жұмыспен қамтылған.
Қазақы ою-өрнекті кестелеп салудың шебері атанған Күмісай Бақытжанқызы 3 баланың анасы. Ата-енесінің көңілінен шығып, ибалы да ізетті келін атанып отырған ол үшін тауардың сапасы, ою-өрнектің алуандығы, бағасының қолжетімдігі маңызды.
– «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жетеді» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол. Ең бастысы – білім, ізденіс, еңбекқорлық, төзім мен сабыр, үлкен жауапкершілік қажет. Осы қасиеттер кез келген адамды алға сүйреп, жаңаша ойлай білуге жетелейді. Адал еңбек етсең ғана кез келген істің берекесі болады. Кәсібіңді жақсы көріп, жан-тәніңмен жұмыс істесең нәтижесін көресің. Тек адал еңбек қана адамды елге танытып, мәртебеңді биік етеді, – дейді кейіпкеріміз.
Ісінен береке тауып, өзіндік брендін қалыптастырған Күмісай Қуатбаева қайырымдылық шараларына да белсене қатысып, қоғамның осал топтарына демеушілік көрсетіп келеді.
Гүлжан ТҰРСЫНХОДЖАЕВА,
журналист,
Байзақ ауданы