Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына әсер етеді

Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына әсер етеді
Ашық Дереккөз
Кез келгеніміз ақшадан қысылғанда ломбард жағалайтынымыз жасырын емес. Айналамыздағылардан қарыз сұрап қиналғанша ломбардқа алтын бұйымымызды өткізе тұрғанды жөн көреміз.

Дегенмен енді алтыныңызды ломбардқа өткізердің алдында асықпай ойланып шешім қабылдағаныңыз дұрыс. Ақша ауадай қажет кездің өзінде алтын бұйымыңызды ломбардқа өткізуге асықпаңыз. Себебі ломбардтар микроқаржы ұйымы болып есептелетіндіктен ондағы мәмілелер несие тарихында таңбаланып қалады.

– Бірде алтын сақиналарым мен сырғаларымды тапсырып, ломбардтан 100 мың теңге көлемінде қарыз алдым. Шыны керек, әу баста ломбардқа барғанда-ақ алтын бұйымдарымды қайтарып алмаймын деп шешім қабылдап қойғанмын. Сөйтіп, күндер өте берді. Бір күні ломбардтан телефоныма хабарлама келді. Онда: «Уақытында қайтарылмай жатқан қарыз күндеріңіз кредит тарихыңызда кешіктірілген күн (просрочка) болып жазылады» деп жазылыпты. Аң-таң күйде ломбардқа қайтып бардым. Ондағы мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп берген соң ақша тауып, алтындарымды қайтарып алдым. Кейін бірақ «Ломбардтағылар менен ақшасын алу үшін осы амалды қолданды ма екен, егер рас болса, бұрын-соңды бұл туралы неге естімегенмін?» деген секілді ойға берілдім. Ғаламтордан да қайтарылмаған алтынның несие тарихына әсер ететіні туралы нақты мәлімет таба алмадым. Анық-қанығын әлі біле алмай жүрмін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Балайым Қаныша.

Осы сауалға жауап алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласы бойынша өңірлік өкілдер бөлімінің басшысы Дәурен Төлепбергеновке хабарластық. Маман ломбардтағы өтелмей қалған қарыз кез келген жағдайда несие тарихында көрсетілетінін растады.

Агенттік берген мәлімет бойынша, ломбардтан қарыз алған клиентке 30 күн уақыт беріледі. Бұл мерзім аяқталғанда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды сатуға немесе өз меншігіне қалдыруға құқылы. Ол кезде клиент ломбард алдындағы қарызынан босатылады. Бірақ 30 күн – азаматтың кредит тарихына «просрочка» деген белгі қалдырады. Демек, уақытында қайтпай қалған қарыз клиенттің кредиттік рейтингін түсіреді деген сөз. Яғни азамат келешекте банктен несие алатын кезде кредитор оған қарыз бермей қоюы әбден мүмкін.

– 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық ломбардтар микроқаржылық ұйым деп саналып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына берілді. Міне, осы кезден бастап ломбардқа өткізілген алтындар қайта алынбаған жағдайда өтелмеген қарыз болып есептеледі. Ломбардқа алтын бұйымдарды жиі қою кейбір жағдайларда жанама әсер етуі мүмкін. Егер сіз банкке несие алуға өтініш білдірсеңіз, банк сіздің кірісіңіз бен шығындарыңызды талдап, қаржылық жағдайыңыздың тұрақтылығын бағалайды. Ломбардқа жиі жүгіну сіздің қаржылық қиындықтарыңыз бар екенін көрсетеді. Банктер сізді төлем қабілеті тұрақсыз деп тануы мүмкін. Егер сізде несиелік төлемдер мен басқа да міндеттемелерді орындау қиындықтары байқалса, бұл несие тарихына жанама әсер етеді. Дегенмен әр қаржы институтында несие беру туралы шешім қабылдаудың өзіндік жүйесі бар. Ең бірінші кезекте, кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау кезінде төлем тәртібіне назар аударылады. Банк микроқаржы ұйымдарының кез келген басқа жазбалары сияқты ломбардтардың да несие тарихындағы жазбаларды қарайды. Банк ішкі кредиттік комитеттер деңгейінде қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалаудың басқа да факторларын ескере отырып, ломбардтардың кредит тарихындағы жазбаларды қалай есепке алу керектігін шешеді. Әр банк шешімді жеке қабылдайды, – дейді Дәурен Абданұлы.

Егер алтын немесе басқа да кепілге қойылған затты қайтару мерзімі аяқталса және оны қайта алуға мүмкіндігіңіз болмаса ломбардпен байланысып, мерзімді ұзартуға немесе қарызды бөліп төлеу жолдарын қарастыруға болады екен. Ломбардтағы қарыздарыңыз несие тарихына тікелей әсер етпесе де жалпы қаржылық әдеттеріңіз болашақ қаржылық шешімдерге ықпал етуі мүмкін екенін естен шығармаңыз. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар