Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адал жастар – келешектің кепілі

Адал жастар – келешектің кепілі
Ашық Дереккөз
9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінде «Адал жастар – парасатты қоғам кепілі» атты форум өтті.

Форумға азаматтық қоғам белсенділері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім саласының мамандары мен студенттер қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді»,  – деген болатын.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алғашқы болып сөз алып, қоғамға ең қажетті қағида – адалдық туралы әңгіме өрбітті.

– Бүгінгі қоғамға адалдық ауадай қажет. Әсіресе жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жердің топырағына мейлінше қалтқысыз қызмет етуге баулу басты назарда. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан да дарынды, талапты және еңбекқор, адал жастар – Қазақстанның жарқын келбеті. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жететіні, құрметке ие болатыны барлығымызға белгілі. Хакім Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтыны сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір жас азамат адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет. Оның ішінде бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарымызға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Бұрынғыдан бізге жеткен «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деген сөз бар. Сондықтан жастарды адалдыққа баулу өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн», – деді. Әділеттілік пен адамгершілікті баланың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету – бүгінгі білім беру орындарының басты міндеті, – деді Серік Жақсылықұлы.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Дәурен Омаров жиын барысында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен мүмкіндіктерін жою және қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған стратегиялық құжат, яғни «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында кешенді жұмыстар қолға алынған. Атап өтер болсақ, Мемлекеттік басқару академиясы базасында 200-ден аса мемлекеттік қызметшіге біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта түрлі лекциялар өткізілді. Сондай-ақ 250-ге жуық семинар, кездесу, конференция және форумдар ұйымдастырылды. Оқу орындарымен бірлесіп, жастардың қатысуымен адалдық пен парасаттылық құндылықтарын күшейту мақсатында 80-ге жуық іс-шара өтті. Ерекше атап өтерлігі, Жамбыл өңірінде бастау алған «Парасат елшісі» республикалық байқауы аясында 2 ай ішінде ел аумағында 100-ге жуық іс-шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адамды қамтыды. Сонымен қатар департамент «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасы» аясында белсенді жастар мен волонтерлердің қатысуымен 50-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Волонтерлердің қатысуымен 200 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіп, 1 мыңға жуық тұрғынға тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Сондай-ақ «Адалдыққа бір қадам» акциясы аясында аудандарда әр ауылдық округ тұрғындарына дейін іс-шаралар ұйымдастыру арқылы облыстың 50 мыңнан аса тұрғынына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде агенттіктің 1424 Сall-орталығына келіп түсетін хабарламалар саны артып отыр, – деді Дәурен Даниярбекұлы.

Сондай-ақ «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Қасымхан Төлендиев кісі бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру жолында атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып өтті.

Форум соңында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және парасаттылық қағидаларын нығайтуға үлес қосқан қоғам белсенділері облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар