Қазақстандық мектеп оқушылары 2024 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2025 жылдың 8 қаңтарына дейін қысқы демалыста болады. Демалыс мерзімінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу және жеке қасиеттерін дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Демалыс аясындағы іс-шаралар:
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша оқушылардың белсенділігін арттырып, пайдалы да қызықты уақыт өткізуге бағытталған іс-шаралар жоспары жасалды:
«Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» мектепішілік акциясы («Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында);
Театр фестивальдері мен қойылымдар;
Жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
Қауіпсіздік сабақтары (жол қозғалысы, өрт қауіпсіздігі, киберқауіпсіздік);
Мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
Спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
Қайырымдылық акциялары және басқа да мәдени, шығармашылық шаралар.
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Іс-шаралар барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет ретінде қарастырылуда. Бұл бағытта ата-аналармен бірлесе отырып:
Жол-көлік жарақаттарының алдын алу;
Көшедегі қауіпсіздік ережелерін сақтау;
Үйдегі өрт қауіпсіздігі және интернеттегі киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Барлық іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсынымдар ретінде жолданады және мектептер бұл ұсыныстар негізінде жоспар құра алады.Балалардың демалысы – олардың дамуы мен қауіпсіздігіне арналған ерекше кезең!