Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мен қалай байыдым?

Мен қалай байыдым?
Ашық Дереккөз
Бұрын әпкемнің үгіт-насихатымен косметика өндіретін әлемдік ірі компания «Mary Kay»-ге «бас сұққаным» бар. Көзімді жұмып, аузымды ашып жүріп 100 мың теңгені құйып та жібердім. Ол уақытта жұрт Таразда 30 мың айлыққа қант, май, шайын алып, пәтерақысын да төлеп отырғанын ескерсек, мен әжептәуір қаражаттың басына су құйып, әтір мен опа-далапқа толы қорапты мықшыңдап көтеріп бара жаттым.

Құдайға шүкір, қорапты үйге кіргізіп, естелікке сақтап қойдым. Бірақ ешкімге, ешқашан тауарымды ұсынбадым. Тіпті әке-шешем де білген жоқ. «Әлдене сатамын» деп айта алмайтынымды осы ісімнен-ақ ескерсеңіз болады. Ал әлгі қораптағы тауарымның керексізін тастап, керектісін өзім жағып, мерзімі өткен соң қоқысқа лақтырып жібердім.

Енді жұрт «NL» деп шулап жүр. Ақша аспаннан жаумайтынын білемін. «Еңбегің мен «NL»-ің екі жақтап алып шығады» деп компанияға мен де тіркелдім. Құдайға шүкір! Құжатымды белгілеп, компанияға тіркелген күннен бастап айым оңынан туды.

Бірінші күні-ақ семіздікті сылып алатын шайлардың екі қорабын саттым. Екінші күні шешем мен келінімді соңымнан тіркедім. Ал үшінші күні сыныптағы 18 қыз қол астыма кіріп, тіпті тасым өрге домалады. «Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» болды. Себебі ненің қалай аталып, кіммен қалай жұмыс істеуді, тіпті күлкің келмесе де күліп жүруді бәрінің құлағына құйып, жер-жерлерде мастер-класс өткізе бастадым.

Екі сөйлемімнің құнын екі жүз теңгеге бағалап, жұрт ойларымды сатып алып жатты. Алматы, Астананы қойып, алыс-жақын шетелдерге шығып кеттім. Бұрын түсте кабинетімде шай ішіп, бәліш жей салатын басым, енді қымбат ресторандардың тамағының өзін таңдап ішетін жағдайға жеттім.

Бес рет Париж, алты рет Аустралия, сегіз рет Индонезияға сапар шектім. Сізге өтірік, маған шын, кеше ғана тоғызыншы мәрте Дубайға шақырту алдым. Дубайда маған ең қымбат көліктің кілті тапсырылатынын естіп, марқайғаным-ай. Жолға тіс жуғыш щетка, сабын салғыш, тіпті оның қорабына дейін арнайы алтын жалатылған түстен алдым. Енді менің «сетевой» бизнестің биігінен көрінген амбассадор екенімді Дубай мойындап, басын иіп отырған соң, болды ғой.

Тіпті «Бұл менің еңбегімнің жемісі. Жеңісімді еліме арнаймын!» деп мінберден сөйлейтін сөзімді жұптап, дайындалып отырмын. Ал үстімдегі жылтыр көйлек пен алтын жалатылған туфлидің құнына Таразда екі бөлмелі пәтер сатып алуға болатынына өзге тұрмақ, өзім де сене алар емеспін...

Расымен де сіздер мені осылай байып кетті деп ойлап отырсыздар ма?! Сенім білдіріп, оқып шыққандарыңызға рақмет!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қосесімділер «әлемі»
Алдыңғы мақала
Қосесімділер «әлемі»

Ұқсас жаңалықтар