– Дидар, ақын ретінде де, күйші ретінде де облысымызға есіміңіз жақсы таныс. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген мақтау тап сіз секілді өнер иелеріне қарата айтылғандай. Олай болса, сұхбатымызды алдымен өнер жолына келуіңізден бастасақ...
– Иә, рақмет! Жалпы күйшілік пен ақындық өнерге жастайымнан қызықтым. Әкем де, әжем де айтыскер ақын болған. Нағашы атам күйшілік өнердің майталманы. Ол кісінің көзін көрмесем де, атам жайлы көп ақпаратқа қанығып өстім. Сондықтан да шығар, айтыс өнеріне о бастан құштар болдым. Бала күнімізде Алтынкүл Қасымбекова үйге келіп, әкеммен айтысып отыратын. Ол кісімен арамызды үй бөлмеген көршіміз. Сондай-ақ Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков сынды ақындарды көріп, айтыстарын тыңдап отыратынмын. Одан бөлек әжемнің де қағытпа қалжың өлеңдері мен өзі шығарған бірнеше әнін өз аузынан еститінмін. Дегенмен қанша қызыққаныммен айтыскер ақын болу ойымда болмаған. Кейін 2011 жылы ақындар мектебіне барып, Алтынкүл Қасымбекованың сыныбында оқыдым. Алғаш рет айтысқа 23 жасымда қатысып, Әзімбек Жанқұлиевке арналған ақындар аламанында жүлделі орын алып, көзге түсе бастадым.
– Алғаш жазған өлеңіңіз есіңізде бар ма? Ол жырыңыз ақын болып қалыптасуға қандай септігін тигізді?
– Нақты қай жылы екені есіме түспей тұр, шатаспасам, 10 жасар кезім. Астана қаласының туған күніне орай мүшәйраға қатысып, алғаш рет екінші орын алғанмын.
«Сұрасаң менің болады Дидар атым,
Сөзіме болсаңыздар иланатын.
Әкемдей жыр жырлап, ән саламын,
Жерім жоқ өнер таппай қиналатын» деп басталатын өлеңім өзімді таныстыру ретінде жазылған.
Көп адам жыр жазу тұрғысында шабыт деген дүниені айтып жатады. Шабыт – мекені жоқ, мезгілі жоқ тылсым күш. Шабытты белгілі бір жерден аламын деп айта алмаймын. Қалай өлең ойға қонады, солай жазылады. Ал өмірлік оқиғалар туындының жарыққа шығуына өз септігін тигізеді.
– Қай ақындар шығармашылығыңызға өзгеріс алып келді?
– Біздің Жамбыл жері, оның ішінде Байзақ даласы ақындарға бай өңірдің бірі. Солардың ішінде Әзімбек Жанқұлиев ағамыздың шығармашылығы өнер әлемінде қалыптасуыма қатты әсер етті. Әзімбектің мінезділігі, ақындығы, мақамы, әуені, бәрі-бәрі өз үйлесімін тапқан. Ойды көркем жеткізу, тақырыптың ұйқасқа жұмыс жасауы, табан асты суырып салып өлең өруі сынды айтыс өнерінің бағыттарын осы кісіге қарап үйрендім. Әзімбектің айтыстағы әдіс-тәсілі қандай болса, менікі де сондай болады деген оймен үлкен дайындықпен жүрдім. Мақамды орындаушылық, дауыс ырғағының өлеңмен қабысуы, ұйқастан ауытқымау, тақырыпты ашу, қарсыласқа өлеңмен шабуыл жасап, оны қарсы күтіп алу сынды тәсілдерді меңгеріп, бойымызға сіңіріп өстік. Қазақта «Сөйлей-сөйлей шешең боласың, көре-көре көсем боласың, ал ақын болып туасың» деген сөз бар ғой. Ақындық деген белгілі бір мамандық емес. Тағдырыңды өлеңмен байланыстырып қойса, оның өзі бір ерекшелік, оның өзі бір өзгеріс. Ал бертін келе ақындық өнер тек мансап немесе атақ-абырой емес, жақсы орта, сыйлы дос тауып берді.
– Күмбірінен күллі әлем тебіренетін күй өнеріне қалай келдіңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, нағашы атам күйшілік өнердің майталманы болған. Әкем де бұл өнерден кенде емес. Бірақ өздігінен үйренгеннен кейін кейбір күйді толық тартпайды, кейбірін тіпті өзінше өзгертіп орындайтын. Бірақ әкемнің күй тартуы маған өз әсерін тигізді, сол кісідей болуға қызығатынмын.
Айта кетерлігі, күйшілік өнерге келуіме себепші болған Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі. Сол туындыны тыңдағаннан кейін қызығушылығым одан әрі арта түсті. Қазақ даласындағы Сүгірдің «Қосбасары», Төлегеннің «Салтанаты», Боранқұлдың «Жұртта қалғаны», Әбдімомынның «Ерке сылқымы» дәстүрлі күй өнерінің алыптары десем, еш артық емес.
– Өз күйлеріңізді қалай жазасыз? Ақындық пен күйшілік өнерді қалай үйлестіресіз? Төл туындыңыз – «Сағыныш» күйінің шығу тарихынан сөз өрбітсеңіз.
– Енді ақындық пен күйшілікті байланыстыру қиын екені белгілі. Композитор болып, әуенді күйге айналдыру десе түсінікті болар. Ақындық оймен сөз өріп, композиторлық қырмен әуен тауып, ыңылмен ырғағын тудырып, күй шығару оңай шаруа емес. Өлеңнен іздеген көңіл толқынысың табылмай, күйге ұласатыны содан болар, бәлкім. Кейде екеуі бір-бірін толықтырып отыратыны да бар. Мәселен, «сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді» деген сөз бекер айтылмаған. Менің алғашқы күйім «Сағыныш» деп аталады.
14 шілде – туған күнімде анам көп естелік айтып отыратын. Жыл сайын қай уақытта босанып, қай уақытта үйге алып келгенін, басқа да өткен күннің естеліктерін майын тамыза әңгімелейтін. Анам 2020 жылы ақпанда дүние салды. Анамсыз өткен алғашқы туған күнімде жыл сайын айтып отыратын сөздерін, өнегеге толы өмір жолы мен естелік оқиғаларын сағынып, кеудемді кернеген сезімнің ырғағымен «Сағыныш» күйін шығардым.
Одан кейін әкеме арнап «Жұбаныш» деген күйді өмірге әкелдім. «Жұбаныш» әкемнің көзі тірісінде жарық көрді. Анам қайтқаннан кейін әкем жаныма медеу болып, сағынышыма жұбаныш болып, барынша қолдауын аямады. Сондықтан күй осылай аталды.
– Ұлттық өнерді заман талабына сай дамыту керек пе, әлде дәстүрлі қалпында сақтау маңызды ма?
– Әр заманның өзіндік композиторлық дәуірі болатынындай, дәуірге қарай күйшілер де өз туындыларын халыққа жеткізеді. Қазір цифрлық қоғам қалыптасқалы кез келген дүниені жарнамалау оңай болып кетті. Осы күйшілік өнерді де тек қана өнер мектептерінде емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен насихаттап, әуенді өңдеушілерге де жаңа бағыт қалыптастыру қажет. Сол кезде заманауи күйшілік өнер дамиды деген ойдамын. Бұрынғы ата-бабаларымыз секілді дала қонысында мекен етіп жатқан жоқпыз. Әрине, ол кезеңді сынға ала алмаймыз. Себебі жаугершілік заманда да өнерді өлтірмей ұрпаққа жеткізді. Сол өнерді одан әрі дамытып, күйді түрлендіріп, қоғаммен байланыстырып, дәуірден алыстатпай, демін кең тыныстатып, ұрпаққа түсінікті күйде өзгешелікпен жеткізуіміз тиіс деп санаймын.
– Бір уақытта әрі ақын, әрі күйші болу шығармашылыққа қалай әсер етеді? Шығармашылықтағы ең үлкен мақсатыңыз қандай?
– Қазір ақындардың арасында күйші атанып, күйшілердің арасында ақын атанып жүрген адаммын. Белгілі бір жарыстарда немесе кездесулерде ақын әрі күйші деген сөзді естігенде одан әрі шабыттанып, екеуін қатар алып жүруге барынша тырысамын. Шынымды айтсам, екі өнер бір-бірін толықтырушы күш секілді. Себебі айтыста жеткізе алмаған ойыңды күйге түсіріп, ішіңдегіні шығарасың. Ал күй барысында аяқталмай қалған, халыққа түсіндіре алмайтын көзқарасыңды өлеңмен жеткізіп, шығармашылығыңды одан әрі дамыта түсесің. Алайда қазіргі уақытта күйшілік өнерге басымдық беріп, сол бағытта көп жұмыс атқарып жүргеннен кейін көбі күйші деп таниды. Айтыс өнері суырыпсалмалықты қатты қажет етеді. Ал күйшілік өнер уақыт пен күш жігерді талап ететін қиын өнер түрі.
Абай, Кенен, Жамбыл, Тәттімбет, Дина сынды ата-апаларымыздың жолын жалғап, ұрпаққа, болашақ жастарға өнеге қалдыру – басты мақсатым. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ақындықтың да, күйшіліктің де биік белесін бағындырып, балаларыма шатаспас бағыт берер із қалдырсам деймін. Сондай-ақ алдағы уақытта өзімнің шығармашылық кешімді өткізіп, өзімнің туындыларымды халыққа ұсынып, еліміздің өнер қоржынын өзімнің шығармаларыммен толтырсам деген ұлы мақсат, үлкен жоспарды көздеп жүрмін.
– Сіз үшін өнердегі ең үлкен сынақ қандай болды?
– Өнердегі жүрегімде із қалдырған өтпелі кезең Нұрғиса Тілендиев атындағы конкурс болды. Себебі «Баламишка», «Аққу» күйін орындау, оған дайындалу, оны көптің алдында айна-қатесіз шебер жеткізу қиынға соқты. Жарыстың келесі кезеңіне өте алмай, алғашқы айналымнан-ақ жарысты аяқтадым. Жеңіліс ауыр тиді. Содан кейін өзіме-өзім мақсат қойып, осы конкурсты қалай да жеңіп аламын деп күні-түні дайындалып, келесі жылы аталған байқаудың бас жүлдесін жеңіп алдым. Осы сынды бірнеше сынақ болды. Дегенмен бірінші жылы жеңілсем, екінші жолы бас бәйгесін алып отырғаннан кейін бе, бірте-бірте ол да ұмытыла береді екен. Өнердің өзі сынаққа толы өмір жолы. Қазір де сыналу үстіндеміз. Өнерде бақталастық деген бар. Одан қалса өнерді қызғанатындар да жетерлік. Шығарған туындыңды көре алмай, шығармаңның сәтті шыққанын мойындамайтын адамдар да кезігіп жатыр. Сынақтан сағың сынып қалуға жол бермеу керек. Қолдан келгенше күресіп жатырмыз. Күйлерім шыққаннан кейін көп адам дұрыс шықпағанын айтып, өнеріме қолбайлау болғысы келді. Дегенмен бірнеше өнер адамы, күйшілік өнерді өлтірмей алып жүрген ел азаматтары өз бағаларын беріп, шығармашылығыма сәттілік тіледі. Жалпы өнер жолы да, өмір жолы да сынақтан құралған.
– Егер шығармашылық жолға түспесеңіз, өзіңізді қай саладан көрер едіңіз?
–Шығармашылық адамы болмаған жағдайда, бәлкім, спорт жолында жүрген болар едім. Себебі оқушы кезімнен спортқа да жақын болдым. Футболдан республикалық, облыстық турнирлерге қатысып, жеңімпаз атанып, мойнымызға медаль таққан кездер болған. Үздік қақпашы болатынмын. Сонымен қатар қазақша күреспен де бірнеше жыл айналыстым. Қазіргі таңда той-жиындарда, мейрамдарда күрес ұйымдастырылған жағдайда қатысып, күресіп жүрмін. Тағы да айта кететіні, республика бойынша айтыскер ақындар арасында футболдан турнир өтіп тұрады. «Ақынға парыз көп ойлау, Артық та емес доп ойнау» дегендей, футболмен де әлі күнге дейін шұғылданып тұрамын.
– Өнердегі болашақ жоспарларыңыз қандай?
– Жоғарыда айтып өткендей, ең үлкен жоспарым – шығармашылық кешімді өткізу. Күйшілік өнерді кеңінен насихаттап, өмір иірімдерінен құралған өлең-шумақтарымды топтастырып, жинақ ретінде шығару да ойда жүр. Өнердегі жоспардан бөлек басты мақсатым – болашақ ұрпаққа өнерді өлтірмей, құлпырған күйінде жеткізу. Менің ұстанымым осы.
– Әңгімемізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мұқағали БАЛТАБАЕВ