Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз қаласына көп өзгеріс қажет

Тараз қаласына көп өзгеріс қажет
Ашық Дереккөз
«АR-AI» газетінің биылғы 4 қыркүйек күні жарық көрген №68 (1116) нөмірінен журналист Нұрым Сырғабаевтың «Тараздың даму әлеуеті жоғары» атты мақаласын оқып, қолымызға қалам алдық. Мақсат – Тараз қаласын дамытуға қатысты ұсыныс пен ой-пікір білдіру.

«Тараз қаласында 433 мыңнан аса тұрғын бар. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы бойынша, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құруға болады. Біз осы заңға сүйене отырып, қаланы дамытуға тың қадам жасадық. Нақты айтқанда, осы жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Аталған Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Соған сәйкес Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылмақ. Сол кезде халық саны 479 мыңнан асады деп күтілуде. Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және шаһарды оңтайлы басқаруды қамтамасыз ететін болады», делінген аталған мақалада.

Дұрыс-ақ. Ендігі мәселе – екі аудан қалай аталады? Қала әкімдігі екі ауданға Алатау және Қаратау аттарын ұсыныпты. Тараз қаласының екі ауданы оңтүстік және солтүстік деп бөлінген. Біз оңтүстік ауданға Тектұрмас, Жерұйық, ал солтүстік ауданға Атшабар, Әулиеата аттарын ұсынар едік.

Неге Алатау, Қаратау емес?! Алматы облысында Алатау қаласы, сондай-ақ Алматы қаласында Алатау деген аудан бар. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы болса, Шымкент қаласында да бір аудан Қаратау деп аталады. Бір атаудың қайталана бергені дұрыс емес. Сондықтан жаңадан құрылатын бір ауданды Әулиеата, бірін Тектұрмас деп атаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен қатар мақалада алдағы жылдары ашылатын өндіріс орындары, жүзеге асатын инвестициялық жобалар жайлы кеңінен баяндалған. Егер айтылған өндіріс орындары ашылып, жарқын жобалар жүзеге асып жатса, әрине, қуанамыз. Өкінішке қарай, іс қағаз жүзінде қалып қоя ма деп қауіптенеміз.

Осы орайда біз облыс орталығында сүт өңдейтін кәсіпорын, ет комбинаты, тері өңдейтін, жүн сұрыптайтын және киім тігетін фабрикалар салынса дейміз.

Сондай-ақ журналист: «Халықаралық медициналық университет құрылысы жобасының сыйымдылығы 12 мыңнан 20 мыңға дейін баратын студенттік орынды қамтиды. Жоба құны – 27 миллиард теңге. Бұл жоба аясында 200 адам жұмысқа тартылатын болады», – деп жақсы жаңалықтың шетін шығарыпты. Сонда Тараз қаласында халықаралық медициналық университет ашылмақшы ма? Олай болса, медицина мамандарын дайындайтын жоғары оқу орнын Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданының солтүстік жағындағы бос орынға орналастырғаны жөн болар еді.

Кейінгі жылдары Тараз қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алғанын жақсы білеміз. Алайда қала әкімі Б.Орынбеков тұрғын үй құрылысына ғана мән беріп, мәдени ғимараттар ұмыт қалған сыңайлы. Қала тұрғындарына ең керектісі мәдени ғимараттар емес пе?

Тараз қаласында бір-ақ театр ғимараты бар. Осы театрда қазақ және орыс драма театрының әртістері еңбек етеді. Кеше ғана облыс орталығы болған Түркістанда облыстық қазақ драма театры, облыстық филармония, өнер орталығы, неке сарайы, мұз сарайы ғимараты салынып, пайдалануға берілді.

Жамбыл облысының құрылғанына биыл 85 жыл толса да әлі күнге дейін неке сарайы, мұз сарайы, өнер орталығы салынбаған. Екі театр бір ғимаратта кезектесіп өнер көрсетеді. Алдағы уақытта облыстық қазақ драма театрының заманауи үлгідегі ғимараты салынса екен.

Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атанды. Қолөнершілерге де ғимарат керек. Таразда «сақалды» құрылыс өте көп. Абай көшесі мен Қазыбек би көшесінің қиылысында ойын-сауық орталығы салынады деген еді. Содан бері 20 жылдан асты. Бұл бітпеген ғимаратты мемлекетке қайтарып, қолөнершілер орталығын ашса орынды болар еді. Бюджеттен қаражат бөліп, ғимаратты тұрғызса, ел игілігіне қызмет етер еді. Ташкент көшесі бойындағы құрылыс материалдары сатылатын базарды қала шетіне көшіреді дегенді естідік. Ол базар әлі жұмыс істеп тұр. Осы құрылыс базарына қала шетінен жер беріп, құрылысы басталғанымен ұзаққа бармай тоқтап қалған. Қала әкімі осы базар құрылысына миллиондаған қаржы бөлді. Сол қаржының сұрауы жоқ па? Осы мәселеге назар аударса.

Сондай ақ мақалада: «Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Биыл 5,1 миллиард теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланың орталық көшелеріндегі 24 қабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15 қыркүйекте аяқталады. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», делініпті.

Біздің ұсыныс-тілегімізге келсек, Жамбыл даңғылы бойында 4 қабатты 4 тұрғын үй бар. Олардың қасбеті әрлеуді қажет етеді. Төбесі қара қағазбен жабылған. Жаңбыр жауып, қар ерісе болды, жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлерге су ағып, үй ішін бүлдіруде. Алдағы уақытта осы тұрғын үйлердің төбесін шатыр жабындысымен жауып, қасбетін безендіретін болса, қала көркі ажарлана түседі.

Қалада әсіресе саябақтар өте аз. «Ұлы дала» және №16 ықшамауданнан жастар саябағын, ал №14 ықшамауданнан Айша бибі мен Қарахан саябағын салса, демалыс орындарының қатары көбейер еді.

Химия зауыттары қаланың батысына орналасқан. Осы орайда батыс аймақты көгалдандыру үшін тоғай жасалса дейміз. Оған қара ағаш, үйеңкі, терек, қара тал, жыңғыл және тағы басқа тал-дарақ егіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілсе, қаланың көркі ашыла түседі. Бұл көгалдандыру батыс пен шығыстан соққан желге тосқауыл болады.

Осы айтылған бірқатар ұсыныс-тілегіміз Тараз қаласының әкімі Бақытжан Әмірбекұлының назарына алынады деп сенеміз.

 

Алмат АҚҚОШҚАРОВ,

Мақаш КАМАЛИДЕНОВ,

Тараз қаласының тұрғындары

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Хабарландыру!
Алдыңғы мақала
Хабарландыру!

Ұқсас жаңалықтар