Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрмаш Маханның музасы кім?

Құрмаш Маханның музасы кім?
Ашық Дереккөз
Кішкентай күніміз, ұялы телефонға қолымыз жете қоймаған кез. Қазіргі замандағыдай қалаған әніңді ғаламтордан жазып, тыңдайтын мүмкіндік жоқ. Есесіне көп шаңырақта кассета мен магнитофон бар болатын. Магнитофоннан көбіне сол бір жылдары аттары дүркіреп тұрған «МузАРТ», «Нұр-Мұқасан» тобы, «Жігіттер» квартеті, Тоқтар Серіков, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханның әндерін тыңдап өстік.

Бертін келе әкеміз үйге «видик» пен «DVD» құрылғысын сатып алып, сүйікті әншілеріміздің дауысын естіп қана қоймай, бейнебаяндарын да көретін болдық. Сол тұста мені әсіресе Құрмаш Маханның «Кездесу мен қоштасу», «Аңсарым», «Жан сырым» әндері ерекше елітетін.

«Сағындырған күнім,
Сені ойладым бүгін»
немесе
«Сенсіз арман бекер ғой,
Көңіліңмен сырласу,
Өмір заңы екен ғой,
Кездесу мен қоштасу»
деп ішімнен ыңылдап әндетіп жүретінмін.

Бала болған соң ба, сол кезде әрбір әннің артында тағдыр, сезім, үлкен еңбек жататынын ұғына бермейтінмін. «Авторы кім болды екен?» деп те қызығушылық танытпаған екенмін. Есейе келе, «Мына әнді кім жазды, мұндай туындыны өмірге әкелуге не себеп болды?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүретін болдым.

Жалпы әуезді әндері арқылы тыңдармандарының жүрегіне жол тапқан Құрмаш Маханның өнердегі орны ерекше. Талантты өнер иесінің Әулиеата өңірінің тумасы екенін біреу білсе, біреу білмес.

Сазды әндерімен жүректердің қылын шерткен өнер иесі көп жыл сахнадан көрінбей кеткен еді. Ол жөнінде әншінің өзі:

– «Неге көрінбей кеттіңіз?» деген сұраққа қатысты бір ғана нәрсені айта аламын. Қазіргі кезде ақпарат құралдары нені көбірек жарнамаласа, соның танымал болуы жаңалық емес. Яғни қандай әншінің жарнамасы көбірек болса, сол танымал. Егер бұл жердегі танымалдылық ақша табу мақсатындағы танымалдылық болса, онда ол маған қатысты емес. Менің өнердегі мақсатым да, мұратым да басқа. Ол – халық жүрегіне жететін шынайы өнер тудыру. Ал жалпы «шақырған жерден қалмайтын, шақырмаған жерге бармайтын» нағыз қазақы түсініктегі адаммын. Ол өнеріме де қатысты, – деп ағынан жарылады.

Өнер иесінің алғашқы әні 1989 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түскен жылы жазылған екен. Содан кейін де бірнеше ән жазған. Бірақ оған аса бір мән бермепті. Бір күні ұстазы Бағлан Омаров туындыларын тыңдап көріп: «Әндерің тәп-тәуір екен. Неге жарыққа шығармай сақтап жүрсің?» – деп ақылын айтады. Композитор ағасының жігерлі сөзінен кейін іштей сенімділік пайда болып, ән жазуды шындап қолға ала бастайды. Алайда Құрмаш өзін сазгерден бұрын, ең әуелі, әншімін деп біледі.

Айта кетерлігі, заманында авторлық әндері талай хит шерулердің көшін бастаған Құрмаш Маханның шығармашылық шабытын ашқан, тоғыз әніне кейіпкер «музасы» бар екенін көбі біле бермейді. Жоғарыда сөз еткен «Кездесу мен қоштасу», «Аңсарым», «Жан сырым» және тағы басқа әндері әлі күнге дейін тыңдарманын жоғалтпай келеді. Бір қызығы, сазгердің тоғыз әні бір ғана қызға арналған екен. Ол ару – өнер иесінің бұрынғы сүйіктісі. Бірақ ғашықтар қосыла алмаған, екі жастың махаббат хикаясы баянсыз аяқталыпты.

– Ол – қазақтың қарапайым қаракөз қызы. Жамбыл облысының тумасы. Бірақ есімін айтпаймын. Бүгінде оның отбасы бар. Бірақ туындыларымды шығаруыма себепкер болғанына қуанамын. Соңғы рет қашан көргенім есімде жоқ. Бұл махаббатты баянсыз деп айта алмаймын. Сол кезеңнен өтуіміз керек болған шығар. Ең бастысы, пәк, шынайы махаббат болып қалды, – дейді Құрмаш Махан.

Композитордың айтуынша, жүрегін жаулаған ең қымбат адамына арналған әрбір әннің өзіндік тарихы бар.

Мысалы, «Жан сырым» әні ол қыздың туған күніне арнап жазылған екен. Әнші туындыны бар-жоғы бір аптаның ішінде жазған.

– Ричард Маркстің «Now and Forever» әнін жақсы білетін шығарсыздар. Бұл ән маған барлық жағынан қатты ұнайтын. Мен екі жарым ай емханада жатып, күніне 100 рет тыңдағаным есімде. Әнді сүйсініп тыңдайтынмын. 1997 жылы Алматыға келіп, «Қазақконцертке» жұмысқа орналастым. Сейфуллин Жолбарыспен бірге пәтер жалдап тұрдым. Күнде кешке екеуміз бір-бірімізге өз әндерімізді тыңдататынбыз. Содан Сейфуллинге бір күні осы жақсы көретін әнімді гитарамен ойнап беріп едім, «Менде осыған ұқсайтын ән бар» деді. Сөйтіп, ол «Жан сырым» әнінің әуенін тыңдатты. Мен тыңдадым да, «Мына ән менікі болады» деп кесіп айттым.Бұл әнді «Қазақфильмдегі» Руслан Қараның студиясында жаздырдым. Бір аптадан соң сол қыздың үйіне барып, «Panasonic» магнитофонына кассетаны салып, екеуміз билегеніміз әлі күнге дейін есімнен кетпейді, – деп өткен күндерді еске алды Құрмаш Махан.

Әнші кез келген әнін бір жылға жуық уақыт бойы жазады екен. Алайда дәл осы әнді ол тез арада жазып, бойжеткеннің туған күніне тарту етуге асыққан.

Құрмашты Құрмаш қылған алғашқы «Армандаймын адам боп жаралған соң» әні де сол қызға арналған.

Ал көп жас әншілер репертуарына қосып шырқап жүрген тыңдарманның сүйікті әні «Аңсарым» бір түннің ішінде өмірге келген. Сол түні әнші жақынының үйіне қонаққа барған екен. Сағат түнгі үштер шамасында бір әуен келіп, санасынан кетпей тұрып алады. Содан дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Ақырында темірді қызып тұрған кезде соғуды көздеген сазгер қалта телефонын алып, оңаша жерге барады. Санасына құйылып келіп жатқан әнді диктофонға жазып алады. Алайда бір туындыны жарыққа шығармас бұрын ұзақ уақыт әннің әрбір иіріміне дейін сараптап, саз бен сөздің қабысуына баса мән беретін әнші «Аңсарым» әнін бір жыл өткенде бір-ақ жарыққа шығарады. Сөзін ақын досы Назира Бердалы жазып береді.

Бірер жыл бұрын Құрмаш Маханның «Ұнайды» деп аталатын су жаңа әні жарыққа шықты. Аталмыш туындыны да сол бұрынғы ғашығына арнап жазыпты.

– Ол әннің де кейіпкері сол кісі. Менің ойымша, бұл сол қызға арналған соңғы ән, яғни тоғызыншы ән. Сондықтан ол да риза, мен де риза (күліп). Ол қыз болмаса бұл әндер шығар ма еді? Бір жағынан, осы да жететін шығар деп ойладым, – дейді ол.

Бұрынғы сүйіктісіне тоғыз ән арнаған музыканттың бұл әрекетіне қазіргі келіншегі қалай қарайды? Құрмаш жұбайының көзқарасы туралы да айтты.

– Ең бірінші қуанған адам – жұбайым. Өйткені жаңа ән шықса бірінші жұбайыма айтып беремін. Ол тыңдап, бағасын береді. Әндер жұбайыма да ұнады. Қазіргі музам – жүрегімнің иесі, балаларымның анасы, ошағымның ұйытқысы, яғни жұбайым, – дейді сазгер.

Әндері өміршең өнер иесінің әндерін Қайрат Нұртас секілді танымал сахна жұлдыздары орындап жүр. Жоғары деңгейдегі ән байқауларына да Құрмаштың әнін дайындап келетіндер көп. Шынайы сезімнен туған соң ба, әндері еріксіз елітіп тұратыны рас. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді деген осы болар.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар