Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Орталықтың имиджін өзгерткім келеді»

«Орталықтың имиджін өзгерткім келеді»
Ашық Дереккөз
Осыдан 20 жыл бұрын облыстық жастар ресурстық орталығы құрылған болатын. Содан бері орталық жастарды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 20 жылда орталық жастар үшін нағыз ұстаханаға айнала алды. Осы орайда біз облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевпен сұхбаттасып, мекеменің өткені мен бүгіні, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгімелескен едік.

– 20 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде орталықтың басшылық қызметін бірнеше буын алмастырып үлгерді. Өңір жастарына арналған басылым – «AR-AI» газетімен замандас мекемеде қаншама тұлғаның қолтаңбасы қалды. Ендеше әңгімеміздің басын орталықтың осы кезең ішінде қол жеткізген жетістіктерінен бастасақ...

– Жастар үшін лайықты жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру қай кезде болса да өзекті мәселе. Әсіресе олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық, психологиялық және өзге де қажетті кеңестер беру мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі.

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі уақытта жастар саясаты мемлекет назарынан тыс қалып, нақ осы іс қожырап кеткен еді. Дегенмен бұл олқылықтың орнын толтыру 2004 жылы қолға алынып, сол жылы шілде айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң алғаш рет қабылданды. Облыстық жастар ресурстық орталығы да арада 4 ай өткен соң, яғни сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің қаулысымен 2004 жылдың 24 желтоқсанында құрылды. Ресми қаулы солай болғанымен орталық негізгі жұмысына 2005 жылы кіріскен екен. Зымыраған уақыт өңір жастарының бағдаршамына айналған мекемені жаңа белеске шығарып отыр.

Орталықтың тізгінін алғаш құрылған сәтте Андрей Емелин есімді азамат ұстап, мекеменің аяққа нық тұруы жолында өзінің қал-қадірінше еңбек ете білді. Кейінгі басшылар – Ақмарал Сәбитқызы, Дәурен Каипов, Дәурен Құттыбаев, Ерболат Әмірбеков, Талғат Шайхиев, Бауыржан Мөрбеков, Айбек Таутен, Арайлым Әбдуалиева, Теміржан Ізтілеуовтер де орталық қызметін жүйелендіру, материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жолында аянып қалмады.

Еліміздегі ең алғашқы жастар ресурстық орталығының іргетасы Жамбыл жерінде қаланғанын мақтанышпен айтқым келеді. Мекеменің құрылуына сол кездегі облыс әкімдігі ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік пен Рахия Тұрмаханбетованың сіңірген еңбегі зор. Кейіннен мұндай орталықтар Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында құрыла бастады. Алғашында бұл құрылым бірнеше жыл облыстық ішкі саясат департаментіне қарасты ұйым ретінде жұмыс істеді. Аудандарда да жастар ресурстық орталықтары құрылып, мемлекеттік жастар саясатының игі іс шараларының шарапатын ауылдық өрендер де айқын сезінді.

Жамбылдық жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырған орталық ә дегенде әулиеаталық өрендердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен айналысты. Ал 2012 жылы орталық жаңадан құрылған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының құрамына өтті. Биылдан бастап мекеме облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарайды.

Республикадағы тұңғыш жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен қасиетті Әулиеата жерінде бірқатар айтулы іс-шаралар өткізілді. Мәселен, 2008 жылы республикалық «Дельфийлік ойындар» алғашқылардың бірі болып біздің облыста ұйымдастырылды. Сол секілді 2012 жылғы «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп аталатын республикалық жоба аясында өңірге 50 миллион теңге қаржы бөлініп, жастарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлінді. Осынау игі бастамалар күллі әлемді шарпыған пандемия кезінде де жалғасты.

20 жылдыққа орай бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Апта басында «Жамбылдың жастары жырлайды» атты жас ақындар мүшәйрасы өтіп, бас жүлде жас талант Аят Бәтейге бұйырды. Сонымен қатар «Үздік орталық – 2024» байқауын ұйымдастырдық. Сондай-ақ салтанатты жиын өткізіп, үздік қызметкерлерді, белсенді жастарды, аудандағы мамандарды марапаттадық.

– Директорлық қызметке келгеніңізге көп бола қоймаса да осы салада тәжірибесі толысқан маман екеніңіз рас. Басшылық лауазымға тағайындалуыңыз басқармалар бірігіп жатқан сәтпен тұспа-тұс келді. Өңірдегі өзгерістер орталық жұмысына қалай әсер етті? «Мекемеге жаңа леп алып келсек, жаңашылдық енгізсек» деген жоспарыңызға кері ықпал етпеді ме?

– Жастар саясатындағы жаңашылдықтар жоспарларымызға кері әсерін тигізген жоқ деп сеніммен айта аламын. Себебі облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы да бастамаларымызды қолдап, жобаларымызды іске асыруға көмектесіп отырады. Қандай да бір кедергі, қиындық туындаған емес. Керісінше басқарма басшылығымен бірге келесі жылы үлкен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Директорлыққа тағайындалғанда жастардың ең өзекті мәселелерін көтеруді мақсат тұттым. Сондықтан әуелі өңірдегі, шалғай ауылдардағы жастардың ахуалы, олардың жұмысқа орналасуын бақылауыма алдым. Бұдан бөлек мамандардың жалақысын көтеруді қолға алдық. Қазіргі таңда облыстық жастар ресурстық орталығы мен Мойынқұм ауданынан өзге орталықтарда жалақы елу пайызға, тіпті кей аудандарда жетпіс пайызға дейін көтерілді. Осыдан төрт-бес жылғы ахуалмен салыстырғанда жастар ресурстық орталықтарының бүгінгі жағдайы бірнеше есе жақсарды деп ойлаймын. Барлық орталықтың өздерінің жеке ғимараттары, коворкинг орталықтары бар. Бір сөзбен айтқанда, мамандарға жұмысты сапалы жүргізуге қажетті жағдай толық қамтамасыз етілген.

Жалпы жоспарларымызды ақырындап іске асырып жатырмыз. Биыл Халықаралық жастар күнін кең көлемде атап өттік. Мерекеге орай «JASTARMEN BIRGE» ұлттық жастар онкүндігі қолға алынды. Онкүндік аясында әр күнге атау беріп, қайырымдылық, волонтерлік іс-шаралар атқарылды.

Мерекеге орай ұйымдастырылған жастар апталығы, жастар айлығының қорытынды жиынын облыс орталығында өткіздік. Барлық жастар орталығында нәтижелі еңбек етіп жүрген әріптестердің басын қосып, оларға облыс әкімінің Алғыс хатын, аудан әкімдерінің арнайы марапаттарын тапсырдық.

Мекеме қызметкерлері жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен бірге кеңес беру, ақпараттық сүйемелдеу бағытында табысты еңбек етіп келеді.

– Қазіргі заман жастарын көбіне не алаңдатады? Өрендерді қандай дүниелермен қызықтыра аламыз?

– Қазіргі кезде жас жеткіншектерді тіршілік, ақша табу мәселелері алаңдататыны шындық. Білім алу, біліктілік деңгейін арттыруды емес, оңай олжаға кенелуді ойлайды. Оған қоғамның өзі де кінәлі. Осы орайда өрендерді жастар саясатына, қоғамдық жұмыстарға қызықтыру мақсатында бірқатар іс-шараны қолға алдық. Атап айтсақ, Халықаралық студенттер күніне орай «STUD FEST» атты бірінші курс студенттері арасындағы өнер фестивалін ұйымдастырдық.

Бұл фестиваль оқу орнына түскен бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдау, жастардың шығармашылық, белсенділік, көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында өтті. Іс-шараға Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Информатиктер» тобы, Жамбыл жоғары медициналық колледжінен «STUDMED», Тараз инновациялық көпсалалы колледжінен «BeSmart», Тараз сервис және технология колледжінен «Достық», Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжінен «Тасымал тарландары» және «ALEM» кәсіби білім беру колледжінен «ALEM жастары» тобы қатысты. Фестиваль аясында командалар «Таныстыру», «Үй тапсырмасы», «Өнер сайысы» кезеңдері бойынша бақ сынады. Бас жүлдеге 300 мың теңге, бірінші орынға – 250, екінші орынға – 200, үшінші орынға – 150 және ынталандыру сыйлығына 100 мың теңге тағайындалды. Тартысты өткен байқаудың қорытындысымен бас жүлдені Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің командасы жеңіп алды.

Сондай-ақ жаз айында Т.Рысқұлов ауданындағы «Тау қымыз» демалыс аймағында «BOLASHAQ JASTAR QUATY – 2024» тақырыбында оқыту лагері өтті. Оқыту лагері, ең алдымен, облыс жастарының ауызбіршілігін арттыруды мақсат тұтты. Сондай-ақ негізгі мақсаттың бірі – өңір өрендеріне қолдау көрсете отырып, жастар саясатын дамыту, олардың көшбасшылыққа бет бұруына ықпал ету, бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдау. Лагерьге жастар, волонтерлер, қалалық, аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, қызметкерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Оқыту лагері өрендердің есінде ұзақ уақыт қалатындай танымдық іс-шараларға толы болды. Жастарымыз осында келгеннен кейін көп нәрсені танып-біліп кетсе, шыңдалса деген ниетпен осы іс-шараны ұйымдастырған болатынбыз. Алға қойған мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз. Одан бөлек концерттік бағдарлама, жас ақындардың жыр додасы, спорттық жарыстар, «Jaidarman» ойындары өткізіліп тұрады.

– Әне-міне дегенше Ұлу жылы да аяқталуға таяп қалды. Биыл орталық тарапынан атқарылған елеулі деген жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...

– Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтары тарапынан 10 500 іс-шара өткізіліп, 278 400 адам қамтылды. Атап айтсақ, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай жастар арасында «Шын жүректен!» атты донор болу акциясы өтті. Акцияға 200-ден аса волонтер қамтылды. Сонымен қатар қазақ кинематографиясының майталманы Шәкен Айманұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақ кино әлемінің Шәкені» атты кездесу ұйымдастырылды. Жиынға қадірлі қонақ ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Шәкен Аймановтың фильмдерін дубляждаған өнер майталманы Майра Әлімбетова қатысты. Бұл кездесудің өнерсүйер жастарға берері көп болды деп ойлаймын.

Наурыз айында орталық пен облыстық әділет департаментінің арасында салалық волонтерлікті дамыту, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын кеңейту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Заң саласының өкілдері жастардың көкейлерінде жүрген адвокаттық көмек, жеке сот орындаушысы, нотариус, жалпы құқықтық қызмет көрсету бойынша жастарға арналған ақпараттық кеңес беру алаңдарын тұрақты түрде өткізуде. Сонымен қатар 29 тамыз күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында бүгінгі таңда салалық волонтерлік бағытын дамыту және өңір жастарына төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылуда.

Сол секілді жастар ресурстық орталығы жанындағы облыстық волонтерлік фронт-офисінің волонтерлерінің қатысуымен «Жылулық жастардан» атты көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, қарияларға көмек көрсету арқылы 30-ға жуық қайырымдылық акциясы өтті.

Жаз айында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы, облыстық полиция департаментінің бірлесе ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен аудандарда «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейдке шықтық. Рейд жұмыстарына жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов, білім басқармасының, полиция департаментінің өкілдері қатысты. Нәтижесінде кәмелеттік жасқа толмаған және заңды тұлғасыз жүрген 15 жасөспірім анықталып, оларға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар түсіндірме материалдары таратылып, жасөспірімдердің ата-аналарына хабарландырулар жіберілді. Бұл ретте біз жұмыс барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөле бастағанымызды айтқым келеді.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында тындырымды тірліктер атқарылды.

Жастар мен қариялар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақтастығы да назардан тыс қалмады. Жастар онкүндігінің «Мейірімділік мекені» жобасы аясында «Ұрпақтар ізімен» атты ардагерлер мен жастар арасында шахматтан, тоғызқұмалақтан, дойбыдан турнир өтті.

Аталған іс-шаралар атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасады.

Жақында Тараз қаласы мен аудандарда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қатысты зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Іс-шара барысында ресурстық орталықтардың жұмысымен танысып, өңір жастарымен жолықтық. Сапар барысында аудан әкімдерімен де кездесіп, жастар саясатын одан әрі дамыта түсуге қатысты ой өрбіттік.

– Облыс жастарының ғылым, білім, жаңашылдыққа ниеті мен қадамы қандай? Өнерлі, шығармашыл жастарды қолдау қандай деңгейде?

– Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында. Қай заманда болса да қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны белгілі. Осы орайда ғылымға ұмтылған, өнерлі өрендерімізді шама шарқымыз жеткенше қолдап келеміз.

Ойы озық жастардың дарынын аша түсу мақсатында «JarІQ» зияткерлік сайысын, дебаттық жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай «Желсіз түнде жарық ай» атты өнер кешін өткіздік.

Жақында ғана жамбылдық «Жуалы» командасы республикалық «Jaidarman» ойындарының чемпионы атанды. Ойынға аттанар алдында жерлестерімізге орталық қызметкерлері атынан қаржылай қолдау көрсетіп, қомақты ақша жинап берген болатынбыз.

– Қандай да бір істе қолбайлау болатын қиындықтар кездесетіні ақиқат. Жастар саясаты саласында да түйіні тарқатуды қажет ететін түйткілдер де бар шығар?

– Жастар саясатын іске асыруда кездесетін кедергілердің барлығы да қаражат мәселесіне келіп тіреледі. Жасыратыны жоқ, ойда жүрген ауқымды әрі креативті іс-шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат керек. Біз республикалық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырғымыз келеді.

Сондай-ақ Мойынқұм ауданында нұсқаушы мамандар тапшы, тұрақтауы қиындап кетті. Осындай мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар айтып, сол бойынша тиімді шешімдер қабылданса, біздің жұмысымыздың бір жемісі осы болар еді.

Бір әттеген-айы, өңірдегі өрендердің осыдан он жыл бұрынғы жастар саясаты саласында жүрген алдыңғы буын өкілдерімен өзара тәжірибе алмасу үрдісі біршама саябырсып қалған секілді. Себебі қазір ішінара бөлінген топ көп. Мұны жастар арасындағы бәсекелестіктің артуынан деп қабылдаған жөн болар.

Сондай-ақ орталықтың жастар үшін қолайлы жағдай жасалған жеке ғимараты жоқ екені де жанға батады. Алайда келесі жылы бұл мәселе шешімін тауып қалар деген үмітіміз бар.

– Кезінде ақындығыңызбен танылдыңыз. Шығармашылықпен айналысу сізге не берді? Сонымен бірге алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

– Ол рас, кезінде ақындық өнеріммен ауыл-аймаққа атым шығып жүрді. Осы өнерім мені біраз биіктерге көтерді. Ақындық дарынымның арқасында экс-президенттің алдында сөз сөйлеу бақытына ие болғанмын.

Жастар саясаты саласында 2015 жылдан бері еңбек етіп келемін. Қазір осыдан он бір жыл бұрын жастар саясатына жас маман ретінде келген шақтағы алғашқы армандарымның бір бөлігі орындалып жатыр. Қалауым – атақ пен лауазым емес, жан-тәніммен кірісіп, атқарып жатқан істерімнен нәтиже көру. Негізгі мақсатым – жастар саясатын жүзеге асыру барысында жамбылдық жастардың үлкен рөлі бар екенін дәлелдеу. Бұл бағытта тәжірибем, білімім мен білігім жеткенше тер төгемін.

Келесі жылға жоспар көп. Ең бастысы – орталықтың имиджін өзгерту, жаңа ғимаратқа көшу. Қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан мәселелер бойынша видеороликтер түсіріп, зиянды әдеттерден жастарды аулақ ұстау бойынша жұмыстарды да қолға алғым келеді. Бір сөзбен айтқанда, орталық жұмысын жандандыру – басты мақсатымның бірі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар