Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шатырдан аққан су шаршатты

Шатырдан аққан су шаршатты
А.Қартабай
Тараз қаласында биыл 53 көпқабатты тұрғын үйдің жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Алайда мердігерлердің кейбірі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында үйдің төбесін ашып, шатырын жабуға дайындап жатқанда жауын жауып кетуі тұрғындар арасында айтарлықтай мәселе туындатып отыр. Себебі шатыры ашық үйден аққан су бірқатар пәтерді бүлдірген. Аталған жайт бойынша редакцияға хабарласып, көмек сұраған тұрғынның бірі – Айнұр Мырзахметова. Ол Тараз қаласындағы «Төңкеріс» тұрғын алқабы, №5 үйде тұрады.

Айтуынша, ол қазіргі таңда жауыннан бүлінген пәтерін мердігерге жөндете алмай пұшайман күйде отыр. Қыркүйек айынан бастап 5 мәрте жаңбыр жауып, дүние-мүлкіне дейін рәсуә болған. Біз оның үйіне барғанда жауын-шашыннан кейін пайда болған судың кесірінен пәтер іші ылғалданып, тұсқағаздардың кейбірі бүлінгенін, кезінде бөлменің төбесін қаптаған құрылыс материалдарының (сайдинг) ағытылып алынып, бір шетке жиналғанын, ағаш едені сыз тартып тұрғанын, бөлме ішін кептіруге арналған құрылғы (пушка) қойылғанын көзіміз шалды.

Тұрғынның сөзіне сүйенсек, мердігер түрлі сылтау айтып, пәтерін жөндеп беруді кейінгі ысырып жүрген көрінеді. Осы мәселені шешіп беруді өтініп, бірнеше рет «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Айнұр Иранқызы өз құқығын алға тартып, үйін қалпына келтіруді тиісті орындардан талап етуде.

– Үйдің төбесін қыркүйек айында ашып, қазан айының соңында жапты. Ең алғаш жауын жауған 12 қыркүйектегі жағдайды «Instagram»-да жариялағанбыз. Бірақ «Алланың ісі, мердігердің кінәсі жоқ қой» деп көршілер ақылдаса келе, мәселені өзіміз жылы жаба салдық. Сол екі аралықта бір емес, бес мәрте жауын жауғанда да шатыр ашық тұрды. Бұл қыркүйектен қазан айының соңына дейін шатырды жаппай жүріп алған мердігердің кінәсінен болып отыр. Мердігер компания басшылығы «жөндеу жұмыстары барысында қандай бір жағдай орын алса, жауап беремін» деп бізбен келісімшарт жасасқан. Мен «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС басшысы Алмат Радикұлы мен үйді жөндеп жатқан «ПремиумСтройКорп» ЖШС төрағасы Елдос Есіркеповті үйге шақырып, олар бүлінген пәтерді өз көздерімен көрді. Сөйтіп, Е.Есіркепов жөндеп беруге уәде етті. Содан бері арада екі ай өтті. Төрт бөлменің де төбесінен су ағып, қазір ылғал ауаны жұтып отырмыз. Шынымды айтсам, шатырдан аққан су шаршатты. Арқасүйер азаматы жоқ жалғызбасты анамын, сатушы болып жұмыс істеймін. Бір қыз, бір ұлым бар. Балаларымның оқуының ақшасын табу маған оңай емес. Қызым Алматы қаласында оқып жатса, ұлым оқумен қатар спортпен айналысатын. Екі жыл бұрын иығынан жарақат алып, жақында ғана екінші мәрте Астана қаласында ота жасатып, сүйегіне сүйек жалғаттық. Баламның қазір денсаулығы әлсіз. Сыз тартқан үйде өкпе ауруына шалдығып қала ма деп қорқып, баланы туысымның үйіне апарып тастадым. Бірақ кісі үйіндегі жағдай өз үйіңдегідей болмайды. Өзім де бірнеше мәрте ауырып, ем қабылдадым. Алған емімді дәлелдейтін құжаттар қолымда бар. Бұл үйге жөндеу жұмыстары соңғы мәрте осыдан 4-5 жыл бұрын жүргізілді. Енді менің қайтадан жөндеу жұмысын жүргізуге шамам жоқ. Тараз қаласының әкімдігіне де арыз қалдырдым, бірақ мәселенің оңынан шешілетін түрі байқалмайды, – деді Айнұр Мырзахметова.

Төрт қабатты үйдің төртінші қабатында тұратын А.Мырзахметованың көршісінің де есігін қақтық. Мұндағы басты мақсат – өзге де тұрғындардың пәтері қандай жағдайға душар болғанын білу. Өзін Гүлназым Бидайбекова деп таныстырған орта жастағы әйел пәтері бір бөлме екенін, «жөндеу жұмыстарын жүргізіп беремін» деген уәдесі бойынша мердігерді күтіп жүргенін айтты.

Осыдан кейін біз «Алатау» ықшамауданында орналасқан «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС-на бас сұқтық. Серіктестіктің құрылыс жұмыстарын жүргізу және сапасын бақылау бөлімінің басшысы Дәулет Жаскелеңов аталған жағдайдан хабардар екенін жеткізді.

– Қала бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті қаржы бөлінгеннен кейін 14 тамызда мердігерлермен келісімшарт жасалды. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталды. Мердігерлерге ең алғаш бөлінген қаржының 30 пайызы, кейіннен 50 пайызы берілді. Қазіргі таңда қаралған қаржының жартысы игерілді. «Төңкеріс» тұрғын алқабындағы №5 үйді айтар болсақ, жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалып тұр. Қала бойынша 30 тұрғын үйдің төбесінен су ақса, мердігерлер шатырдан аққан су бүлдірген пәтерлерді иелеріне шетінен жөндеп беруде. Ал «ПремиумСтройКорп» ЖШС басшылығы жұмыс толық аяқталғанда берілетін қалған қаржыны күтіп жүр. Ол А.Мырзахметованың үйін жөндеп беретін болған. Осы тұста бір мәселені айта кеткен жөн. Мердігерлер біреудің бүлінген пәтері бұрын қандай деңгейде болса, тек сол деңгейдегі әрлеу жұмысын ғана жүргізіп береді. Мәселен, еурожөндеу болса – еурожөндеу, орташа жөндеу болса дәл сондай орташа жөндеу жүргізеді. Өйткені кейбіреулер шатырдан аққан судың салдарын пайдаланып, жөндеу жүргізілмеген үйіне еурожөндеу жүргізуді көздеуі мүмкін. Оның өзінде пәтердегі бір бөлменің үш қабырғасы сау, бір ғана қабырғадағы тұсқағаз бүлінсе, тек сол бүлінген тұсқағазды ғана жаңасына ауыстырып, жапсырып береді. Бұған келіспеген жағдайда пәтер иесі тәуелсіз сарапшыға шығынды есептетіп, сотқа жүгінуіне болады, – деді Дәулет Байнұрұлы.

Келесі кезекте біз мердігер компанияның басшысы Е.Есіркеповке жолықтық. Ол аталған үйде 8 пәтер бүлінсе, оның алтауын жөндеп беріпті. Елдос Аманғалиұлы бұл шаруаны тұрғын үйдің жөндеу жұмысынан түсетін қалған елу пайыз қаржыны күтпей-ақ, амалын тауып атқарып жатыр екен.

– Г.Бидайбекованың күйеуі «Сендердің еш кінәларың жоқ, маған материалымды алып берсеңдер, өзім жөндеу жұмысын жүргізіп аламын» деп, шығынды екеуара есептеп, ортақ мәмілеге келгенбіз, қаржыны да алған. А.Мырзахметованың пәтеріндегі бөлмелердің төбесіндегі қаптама материалды жинап алып, бетонды бұрғымен тесіп, арасында қалған суды ағызып алдық. Еденіне төселген линолиумды да жинап алып, ағаш еденді кептіріп жатқанбыз. Келісім бойынша төрт бөлменің барлығына жұмсалатын тұсқағаз бен екі бөлмеге керме төбе (нятажной потолок) тарту шығындарын есептеп, қолына 200 мың теңге ұстатпақшы едім. Үйді әрлеуші жұмысты жеңілдетілген бағамен істеп беретін болған. Алайда А.Мырзахметова: «Үйді әрлейтін адам тұсқағаз бен керме төбеге одан көп қаражат жұмсалатынын айтты», – деп, бастапқы ойынан айнып шыға келді. Байқасаңыз, біз ол үйді жөндеуге дайындап жатқанбыз, бірақ іс осылай тоқтап қалды. Ол кісіге: «Менімен бірге базарға жүріңіз, сізге өзім таңдап жүріп тұсқағаздарды өзім сатып әперемін, керме төбені де мамандар өздері келіп тартып береді», – деп едім, оған да көнбеді. Ол негізі үйін түгел әрлеп алуды ойластырып жүр. Егер менің ұсынысыммен келіспесе, амал жоқ, сот шешімімен шығынды өтеуіме тура келеді. Өйткені маған сол жеңіл болады. Ол кезде қай бөлменің қандай тұсқағазы бүлінді, соған ұқсайтын тұсқағазды ғана ауыстырып беремін. Өйткені ондай тұсқағаздар осыдан көптеген жыл бұрын болған, қазір ондай тұсқағаз сатылымда да, өндірісте де жоқ. Сайдингтерін де сүртіп сүртіп, бөлмелерінің төбесіне бұрынғыдай қайтадан жапсырып бере саламын, – деді Ербол Аманғалиұлы.

«Мердігердің айтып отырғаны рас па?» деп А.Мырзахметоваға қайта хабарласқанымызда ол: «Мердігер түсқағазды сатып әперіп, жөндеу жұмысын өзіме істетіп қоймақшы. Лоджияда бүлінген, ол жерге басқа бөлмеден шыққан сайдингтерді жапсыра салмақшы. Мен аурушаң адаммын, ал мамандар еңбегі үшін аз ақша алмайтынын айтып отыр. Материалға да қыруар қаржы кететіні анық. Ол пәтерімді бүлдірді ме, жөндеп беруі тиіс», – деді.

Әркімнің өз ақиқаты бар. Пәтері бүлінген тұрғындыкі дұрыс па, әлде жөндеп беруі тиіс мердігердікі дұрыс па, оған біз баға бере алмаймыз. Біздің білетініміз, арадағы дауды одан ары ушықтырмай, екі тарап өзара түсіністікке келіп, мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысса, бәрінен де сол тиімді болмақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар