Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға арналған жобалар жемісін беруде

Жастарға арналған жобалар жемісін беруде
Ашық Дереккөз
Жастар ресурстық орталықтары – ел ертеңі саналатын бүгінгі буынның білім алу, кәсіп бастау, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдауға ие болу секілді түрлі салалардағы қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме. Сонымен қатар мұндай орталықтардың жастарға ортақ өзекті мәселелерді шешуде де алатын орны айрықша.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Жамбыл ауданының жастары «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе баспана салуға берілетін қаржының аздығын айтып, мәселе көтергені есте. Осы ретте біз Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсабаға хабарласып, сол мәселенің қалай шешілгенін сұраған едік.

– «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біздің аудан Тараз қаласына жақын орналасқандықтан бұрынғы бекітілген сомаға тұрғын үй сатып алу үшін айтарлықтай қиындықтар туындаған болатын. Себебі шалғай ауылдардағыдай емес, тұрғын үй бағасы тым қымбат және рұқсат етілген сомадан асып кететін. Осы жағдайға байланысты ауылға келген мамандар өз қалтасынан ақша шығарып, тұрғын үй сатып алуға мәжбүр болған. Аталған мәселе облыс деңгейінде көтеріліп, қазір оң шешімін тапты. Қазір жастар арасында бағдарламаға қатысты проблема жоқ. Десе де орталыққа көмек сұрап келетін жастар жетерлік. Оларға барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, біздің орталықтың ұйымдастыруымен өткен қоғамдық қабылдау нәтижесінде жыл басынан бері 12 азамат «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 2 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. Қарасу ауылдық округінің тұрғыны Айман Айтымова есімді қандас қоғамдық қабылдау барысында 27 жылдан бері еліміздің азаматтығын ала алмай жүргенін айтып, өтініш білдірді. Тұрғынның өтінішіне сәйкес ерікті жастардың демеушілігімен 600 мың теңге көлемінде қаражат жиналып, құжаттары рәсімделіп, ҚР азаматшасы ретінде жеке куәлігі алынып, өтініші қанағаттандырылды. Сол секілді Шайқорық ауылының да бір тұрғыны қызының жеке куәлігін алу туралы өтініш білдірген. Аталған азаматшаның өтініші қазіргі уақытта қанағаттандырылып, жастар ресурстық орталығы қызметкерлері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, жеке куәлігі табысталды. Айша бибі ауылының тұрғыны, көпбалалы ананың баспанасыз жүргені туралы да бізге өтініш түсті. Оған «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және ауданның ерікті жастары көмек қолын созып, үйдің шатыры жабылды. Осылайша мұқтаж отбасының алғысын алдық. Қаракемер ауылдық округіндегі көпбалалы ана Айна Култьбаева өз өтінішінде екі баласының көзі қыли болып, көруі нашарлап бара жатқанына байланысты бізден көмек сұрады. Бұл ретте де аудан жастары қарап қалмай, ота жасатуға керекті қаражатты тауып беріп, көмегін көрсетті. 12 қыркүйек күні ол балаларына ота жасатуға Алматы қаласына барды. Осы секілді жастардың ұйытқы болуымен атқарылған шаруалар аз емес, – деді Жандар Жамбылұлы.

Жалпы Жамбыл ауданында бүгінгі таңда 87 972 тұрғын болса, 26 752-сі 14-35 жас аралығындағылар. Жастар ресурстық орталығында 43 штаттық бірлік болса, жетеуі ақпараттық, қаржы-әкімшілік, жастар арасындағы мәселелерді шешу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ұйымдастыру, дін мәселелерін талдау, уақытша бос жүрген жастар мен жас отбасылармен жұмыс, шаруашылық бөлімінің басшысы. Қалғаны заңгер, теолог, психолог, аула клубының жетекшісі секілді қызметкерлер. Орталықта – 4, ауылдық округтерде 17 жастармен жұмыс жөніндегі маман және 10 кіші қызметкер еңбек етуде.

2024 жылдың 10 айында 1 797 жас жұмысқа тұрған. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 1 004, әлеуметтік жұмысқа – 32, ақылы қоғамдық жұмыстарға 240 адам орналасқан. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша – 250, 105 азаматқа «Алғашқы жұмыс орындарына» жолдама берілген. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 100 жамбылдық оқыса, онлайн кәсіптік оқудан өткендер саны – 63. «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы 3 адам жұмыс тапса, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 36 адам ие болыпты. 9 адам жұмыс орнында кәсіптік оқытудан өткен. 

– Қазіргі таңда «Отбасының цифрлық картасы» базасында 1 301 өрен бар. Оның 715-і өзектендіріліп, қалған 586-сымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыссыз жастарға және уақытша бос жүрген (NEET санатындағы) азаматтарға жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, жыл басынан бері 18 «Кеңес беру» алаңы, 10 «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жастар ресурстық орталығының басшылық құрамымен 18 қоғамдық қабылдау өткізілді. Аудандық пробация қызметі бөлімімен бірлесе пробация есебінде тұрған азаматтардың көмегімен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияcы аясында Аса ауылындағы адам көп шоғырланған орындарға 2 экожәшік орналастырылды. Пробация есебінде тұрған жастармен ұлттық ойынды дәріптеу мақсатында садақ атудан жарыс өтті. Осы жылдың 10 айында 11 бағытта 1 296 іс-шара өткізіліп, 15 973 жас қамтылды. Бұл іс-шаралар рухани адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарын қамтыды. Волонтерлік бағытта 456 іс-шара өткізіліп, оларға 6 931 волонтер атсалысты. Сондай-ақ «Жас келіндер» экологиялық байқауы, Мемлекеттік рәміздер күніне орай велошеру секілді іс-шаралар ұйымдастырылды. Бірінші жартыжылдықта жастар ресурстық орталығында қызмет атқаратын жастар арасында облыстық «Караоке БАТЛ» байқауы, «Адалдықты жырлайды, тәуелсіз елдің ақыны» атты облыстық жас ақындар айтысы, өңіраралық «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылды. «Самға» спорт орталығымен бірлесе мектепаралық шахматтан облыстық ашық турнир өтті. Турнирге 60-тан аса оқушы қатысты. «Жаңашыл бастама» атты үздік әлеуметтік жобалар байқауы, баскетболдан, үстел теннисінен, бокстан, кіші футболдан, спорттың жекпе-жек түрінен аудандық біріншілік, «KELINS BATTLE» атты аудандық келіндер байқауы, жастар арасында «Жігіт сұлтаны – 2024» байқауы, жас мұғалімдер арасында «KINOSTAR» кино байқауы, 60-100 метрлік қашықтықта суда жүзуден жарыс ұйымдастырылды, – дейді Ж.Тоқсаба.

Жамбыл ауданында жастардың ұйытқы болуымен өткен іс-шараларды тізе берсек, жалғаса береді. Дегенмен жыл басынан бері ауданда атап өтуге тұрарлық 9 жоба іске қосылғанын тілге тиек етуді жөн көрдік.

Атап айтқанда, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін сұлулық салоны биыл жұмысын бастаған. Сұлулық салоны аптасына екі рет тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында әлеуметтік желіде «АуылBAY» жобасының 5 түсірілімі жарыққа шығыпты. Кәсіпкер атанған 5 азаматпен сұхбат жүргізіліп, ол әлеуметтік желілерде жарияланып, 20 мыңнан аса қаралым жинаған көрінеді.

– Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын табады. Отбасының беріктігін нығайтып, жастарға отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында қызықты «LOVE STORY» айдары да осы жылы жұмысын бастады. Жыл басынан бері жаңадан шаңырақ көтерген 5 отбасыға неке куәлігі салтанатты жағдайда табыс етіліп, қызықты сұхбаттар жүргізілді. Орталығымыздың ғимаратында заман талабына сай фотостудия ашылды. Студияда ауданға белгілі жас әншілермен бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар елімізге белгілі жас әнші Айбек Қайбулламен жұлдызды сұхбат өткізіліп, әлеуметтік желіге салынды. Жастардың шығармашылығын шыңдау, креативті ойлауды қалыптастыру, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жайдарман» ойындары қолға алынды. Атап айтқанда, әр ауылдық округтегі жастар арасында іріктеу сайыстары өткізілуде. Оқ бойы озық шыққан топтар облыстық, республикалық «Жайдарман» ойындарына жолдама алуда. Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің «4G» командасы республикалық «Жайдарман» ойындарының «JUNIORS» жасөспірімдер лигасына қатысып, бақтарын сынады және Алматы қаласында өтетін ойындарға жолдама алды. Жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында ашылған «Жас шебер» атты қолөнерге баулу үйірмесі де көптің көңілінен шығуда. Жыл басында үстел теннисі үйірмесі де ашылды. Сонымен қатар «Мерген» садақ ату үйірмесі жастарды қабылдап, бүгінде тиімді жұмыс жүргізуде. Үйірмеге аудан жастары қатысып, бүгінде бұқаралық сипат алып келе жатқан спортқа қызығушылық танытуда. Үйірме аптасына 1 рет жастарды қабылдауда. Аталған жоба бойынша жылжымалы садақ ату орталығы қолға алынуда. Алдағы уақытта орталық барлық ауылдық округке барып, жұмыс жүргізеді, – дейді Жандар Тоқсаба. 

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету мақсатында «Караоке БАТЛ» жобасы жаз мезгілінде тұрақты түрде жүзеге асырылыпты. Жастардың көңілінен шыққан бұл жоба әр ауылдық округте жалғасын тапқан. Жоба аясындағы іс-шара барлық ауылдық округте ұйымдастырылып, қорытынды кеші де сәтті өтіпті. Қазір қыс мезгілі жақындап қалғандықтан іс-шараны ауылдық клубтарда ұйымдастыру жоспарланыпты.

– Біздің Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінің «КОВОРКИНГ» орталығынан «Pythagoras» атты курс ашылған болатын. Орталықтың қолдауымен ашылған курстың мақсаты – оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыру, математиканың күнделікті өмірдегі маңызы мен қолданысын толық қамту үшін білімді практикада қолдану дағдысын дамыту, олимпиада есептерін шығаруға баулу. Қазіргі уақытта 20 оқушы курсқа тұрақты түрде қатысып, онлайн республикалық олимпиадалардан жүлделі І, ІІ орындарды иеленіп жүр. Осы ауылдық округтің мәдениет үйінде поэзия, өнер, айтыс бағытында «Жас ақындар» аула клубы менің жетекшілігіммен жұмыс істеуде. Үйірме қатысушылары аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Нақтырақ айтқанда, жас ақын Алина Айдаралы Астана қаласында өткен республикалық айтыста арнайы жүлдеге ие болып, мерейімізді тасытты, – дейді «Жас ақындар» аула клубының жетекшісі Нұрлыбек Құрманов.

Жастар ресурстық орталығының қолдауымен орталықтың жанынан бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ашылған «ГЕККОН» спорттық туристік клубы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқанын білеміз. Сол секілді мұндағы «Аlshyn» жекпе-жек клубының да жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда берері мол. Онда қазір 60 өрен спортпен шұғылдануда. Оның кейбірі Азия ойындарының жеңімпазы атанып үлгеріпті. Осы жылдың желтоқсан айында «Шағын кинотеатр», «Дәстүрлі жылжымалы садақ орталығы», «Таңғы сұхбат», «Психологиялық кабинет» жобалары жұмысын бастамақ. Келесі жылы аталған орталықтан «Қыздар фитнес залын» ашу жоспарланыпты. 

Жамбыл ауданының жастар ресурстық орталығында алдағы уақытта да жүйелі жобалар іске асып, жастарға қатысты әлеуметтік және басқа да мәселелер оң шешімін табатын болса, бұл жастардың сенімін арттыра түсетіні сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар