Шапағат осы жазғы демалысында «Work and travel» бағдарламасы арқылы АҚШ-та жұмыс істеп келді. «Work and travel» – бұл студенттерге АҚШ-та жазғы демалыс кезінде жұмыс істеп, елмен танысуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарлама. Бағдарлама негізінен АҚШ үкіметі тарапынан қолдау тауып, студенттерге тәжірибе алмасуға және ағылшын тілін жетілдіруге жағдай жасайды. Шапағат Америкада Массачусетс штатында Леннокс курорттық қалашығында «Hampton inn by Hilton» қонақүйінде «housekeeper», яғни бөлме жинаушы болып жұмыс істеді.
Әпкем ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын оқып жатқандықтан, ағылшын тілін жетік меңгеру үшін Америкаға бару туралы шешім қабылдаған болатын. Осы орайда «Work and travel» бағдарламасы арқылы бару ең тиімді жол болды. Негізі Шапағат Америкаға 2023 жылдың қыркүйек айында барамын деп шешім қабылдаған болатын. Алайда құжат жинаудың өзі ұзақ уақытты алады және бағдарламамен тек жаз айында ғана баруға болады. Шапағат осы бағытта жұмыс істейтін 3-4 компания тауып, оларды зерттеп, өзіне ыңғайлы бір компанияны таңдаған болатын. Сол жерде құжат тапсырып, ақша мәселесін шешті.
«Америкаға баратын кезде ол жақта қандай қиыншылықтарға жолықтың?» деген сұрағыма, әпкем: «Америка көп адамның арманы болса да ол елді мінсіз деп айту өте қате тұжырым. Жалпы бұл жолда мен әртүрлі қиыншылықтарға кезіктім. Америкаға бармай тұрып, мені жұмысқа алған компания белгілі бір себептермен және құжаттардың сәйкес келмеуінен мені жұмысқа алудан 2-3 айдан кейін бас тартты. Сонымен қатар Америкаға барар кезде барлық адам кездесетін қиыншылық – виза алу. Өйткені ақшаң қанша көп болса да, ағылшын тілін жетік білсең де баратын-бармайтыныңды тек виза шешеді. Ал Америкаға барғанда менде мәдени шок болды. Себебі Америка мен Қазақстанның мәдениеті мүлде ұқсамайды. Сонымен қатар Америка еркін ел болғандықтан және ол жақта бізде заң түрінде тыйым салынған көп нәрсеге шектеудің болмауынан көп тәртіпсіздік пен құқықбұзушылық орын алады», – деп жауап берді.
Америкаға барған әрбір адам үшін тіл табысу мен сөйлесу қиыншылық туғызады. Бұл мәселемен менің әпкем де кездескен болатын. Өйткені біздің үйреніп жүрген тіл мен Америкадағы ағылшын тілі мүлдем басқа. Ағылшын тілі олардың үйреншікті тілі болғандықтан олар тез және кейде қысқартып, слэнг сөздер қосып сөйлейді. Алайда тілге қарамастан әпкемнің жұмыс орнындағы, айналасындағы адамдар өте мейірімді және ашық-жарқын болған. Сонымен қатар әпкеммен бірге Америкада қонақүйде тағы екі қазақ қызы жұмыс істепті.
Шапағат Америка мен Қазақстандағы жұмыс жасаудың айырмашылығын да атап өтті. Оның айтуынша, Америка мен Қазақстанда жұмыс істеудің айырмашылығы жер мен көктей. АҚШ та жұмыс істеушілердің уақыты, жеке шекарасы, еңбегі өте қатты бағаланады. Сонымен қатар жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы қарым қатынас өте ерекше. Әпкем АҚШ-та тек жұмыс істеп қана қоймай, Қазақстанға қайтуға бір апта қалғанда Нью-Йорк, Лос-Анджелес, тағы да басқа қалаларды аралап, туристік орындарға саяхаттап қайтты.
Ұлжан БИДӘУЛЕТ,
№54 орта мектептің оқушысы,
Тараз қаласы