Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айзеренің алар асуы алда

Айзеренің алар асуы алда
Ашық Дереккөз
Меркі ауданының Беларық ауылында шаңырақ көтерген Медеу мен Гүлнұрдың отбасын қуанышқа бөлеп, дүниеге келген қызға анасының әпкесі «қараңғыда адасқан жанға шуағын төгіп, жол сілтесін. Абайдың анасы Зередей дана болсын, ел анасына айналсын» деген ниетпен «Айзере» деп есім берген екен. Расында да есіміне сай Айзере өте зерек, ақылды қыз болып өседі. Ол Тараз қаласындағы №39 Панфилов атындағы мектептің табалдырығын аттағаннан білімі мен тәртібі үйлесім тауып, озат оқушының біріне айналды.

Әсіресе әдебиет әлеміне деген қызығушылығы сондай, таңалагеуімнен қас қарайғанша кітап оқудан бас көтермеді. Айзеренің кітап оқуына, ең алдымен, анасы ықпал етеді.

– Өзім мектепте жақсы оқыдым. Кітап оқыған адам әлемді басқаратынын білемін. Сондықтан үш баламның да кітап оқуға деген махаббатын оятуға тырыстым. Бұл ойымды Айзерем іске асырып, кітаптағы кейіпкерлермен бірге өмір сүріп, әдебиет әлеміне бар ынта-ықыласымен кіріп кетті. Айзеренің ерекше қасиеті сол, ол өз әлемінде өмір сүреді. Дүние күйіп кетсе де ол өзіне қажет істі аяқтамайынша орнынан қозғалмайды. Жауапкершілігі өте жоғары болғандықтан өзіне зор талап қоя біледі. Және өмірде өз орнын табу, білімді адам болу мақсатында аянбай тер төгіп келеді. Қызымның тағы бір ерекшелігі – оның әр күнінің сағаты, минутына дейін есептеулі. Ол уақытын алдын ала, бағамдап, болжап, неше сағатта, не іс бітіретінін ойлап қоятындықтан барлық уақыты бос емес. Оның әр күні режим, күнтізбе, тәртіп пен кестеден тұрады. Ол өзіне қажетті жұмысын атқару барысында талмай-тынбай, тіпті ұйқы көрмей еңбектенеді. Қызымның бойындағы осы болмыс, осы мінезінің арқасында өзі аңсаған арманына жол салып, сол бағытта діттеген межесіне жетеді деп үміттенемін, – дейді анасы Гүлнұр.

Айзере 2019 жылы, 7 сынып оқып жүргенде Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали ұйымдастырған «Кітап оқып, миллионер бол» байқауына қатысады. Сөйтіп, жүлделі І орынның бигінен көрініп, 500 000 теңге ұтып алған болатын. Білімді қыз сол байқаудың өміріне үлкен өзгеріс алып келгенін, кітапқа деген сүйіспеншілігін оята түскенін еске алды.

– Анам күнделікті жұмыстан шаршап келсе де түнде кітап оқитын. Мен оның оқығанын көріп, балаларға арналған кітаптарды оқи бастадым. Алайда шынайы әдебиет әлемі мен үшін 7-сыныпта ашылды. Сол жылы анам «Кітап оқып, миллионер бол» байқауына қатысуға кеңес берді. Бұл байқау менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Кітаптарды күн-түн демей оқып, олардың шексіз әлеміне ендім. Жазушылардың тапқырлығына, сөз қолдану барысындағы ерекшеліктеріне, әңгімені жазу стиліне ерекше мән беріп, қызыға түстім. Кітаптағы бір кейіпкер жылатса, енді бір кейіпкер күлкіге қарық қылды. Бір кейіпкердің айлакер, залымдығына бала жүрегіммен күйінсем, енді бір кейіпкер адалдығымен тәнті етті. Расында, сол байқауға қызығып, үлкен махаббатпен дайындалдым. Бірінші орын алдым. Жеңіске жеткеннен кейін кітапқа деген қызығушылығым бұрынғыдан да арта түсті. Мен жаңа шығармаларды іздеп кітапханаларға жиі барып, көркем әдебиеттерді көп оқи бастадым. Кей кездері тіпті мектептегі білімге деп берілген уақытымды кітап оқуға арнайтынмын. «Кітап оқып, миллионер бол» байқауын ұйымдастырған Эльмира Мырза-Ғали апайға ерекше алғысымды білдіремін. Бұл байқау менің және менен басқа да балалардың кітапқа деген махаббатын арттырды, жаңа белестерге жетеледі. Сол сайыстан кейін өзіме деген сенімім оянып, түрлі байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастадым. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасына арналған байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, ерекше дайындықпен көзге түстім. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауда «Абай жолы» романын оқудан І орын алдым. Бұл жетістіктер менің кітапқа деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырды. Кітап оқу мені тілдер әлеміне қызығуға шабыттандырды. Әлемдік әдебиеттерді түпнұсқада оқу үшін шет тілдерін үйренуге бел будым. Қазіргі таңда мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «Түркология» мамандығы бойынша грантқа оқуға түсіп, білім алып жүрмін. Түркі халықтарының тілдері мен мәдениетін зерттеу мен үшін үлкен қызығушылық тудырады. Университет қабырғасында бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырдым. Соның ішінде Түркияның саясатына арналған ғылыми жобам кітап ретінде жарық көрді. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған мақаламда кітапхананың ішкі әлемінің ерекше маңыздылығын сипаттадым. Байқаулардың нәтижесінде мен Түркияға бір апталық танымдық сапарға бару мүмкіндігіне ие болдым. Бұл сапар маған Түркия университеттерінің білім беру жүйесімен танысуға жол ашты. Олардың оқу әдістерінің ерекшеліктерін көріп, оны өзіміздің жүйемен салыстырдым. Түркия университеттерінде студенттерге еркіндік пен шығармашылыққа көп көңіл бөлінетіні, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге баса назар аударылатыны маған ерекше әсер қалдырды. Бұл сапар менің тілдерді одан әрі тереңдетіп үйренуге және шетелдік білім беру жүйесін зерттеуге деген қызығушылығымды арттырды. Кітап маған білім ғана емес, армандарымды жүзеге асыруға, жаңа идеяларды ашуға мүмкіндік берді. Кітап – менің болашағымның негізі және шабыт көзі, – дейді Айзере Ерен.

Бүгінде ең мақтаулы университеттердің біріне өз білімімен оқуға түскен зерек қыз кітап өмірін түбегейлі өзгертуге ықпал еткенін жиі айтады. Ол өзінің бүгінгі жетістіктері кітап әлемінен бастау алғанына сенімді. Кітап оқығандардың жетістікке жететінін дәлелдеп жүрген Айзере Ерен болашақта тілдерді одан әрі терең үйреніп, шетелдік білім беру жүйесін зерттеуді мақсат тұтып жүр. Олай болса, өркенің өссін, Айзере!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар