Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жақсы көрші – тынысың

Жақсы көрші – тынысың
Ашық Дереккөз
Қазақ қоғамында туыстық қатынасты жоғары бағалап, ағайынмен тату болуды, көршімен байланысты үзбеуді ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келеді. Кей кездері «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген сөздің куәсі болып жатамыз. Бала күнімізде «көршіден нан, сүт алып кел» деген сөздерді жиі еститінбіз. Үйде ас немесе той болса да көршіні қалдырмай, ағайынмен бір дастарқанға сыйдырып, туыстан артық бағалайтын бауырдай болып кететінбіз. Көмегіне қаржы сұрамай, көршім риза болсын деп қабағыңа қарап, жанарыңнан жақсылықты да, жамандықты да сезе білетін көршінің аты алтыннан артық.

Қиналғанда асарға шақырасың,
Қуанғанда қазан беріп қатырасың.
Кілеміңді сатсаң да көршіңе сат,
Бір шетіне өзің келіп отырасың, – деген өлең жолдары да көршінің қадір-қасиеті жоғары екендігін айғақтап тұр. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздің де астары осы өлең жолдарымен тұспа-тұс келетіндей. Үлкендеріміз «Қоныс алма, қоңсы ал» деген сөзді бекер айтпаған. Төріңді алтын, жолыңды ашық, қораңды кең қылатын да – көрші. Екі көрші арасында жер дауы мен мүлік дауының жүрмеуі – сыйластыққа бастар жолдың ең ұлы қадамы.

Ауыл елдің алтын бесігі екені анық. Бірлікке білек біріктіріп, ізетіне найза бойламайтын көршілердің сыйластығын құдды бір жұмақтың бір есігі дерсің. Жамандығыңды жасырып, мерейіңді өсіретін көрші арасында өсек-аяңның ермеуі, аманатқа қиянат жасалмауы қалыпты үрдіс, ар заңымен бекітілген арнаулы кодекс сынды.

Дейтұрғанмен бүгінде ауылдан аты ұзап, қалалық қоғамды қалыптастырғалы «көрші» сөзінің қадірі кетіп, қасиетіне қолбайлау жасап жатырмыз. Есік тиіп тұрса да етене араласпай, қабырға біріксе де қарым-қатынаста болмай, арадағы байланысты орнатуды жөн көрмейтін де адамдар жетерлік. Көршіден нан сұрау түгіл, хал сұрауға жарамай жүргеніміз тағы бар. Қайнаудағы қазанның киесін, жайлаудағы жылқының иесін танитын ауыл адамдарының артықшылығы осыда болар, бәлкім.

– Бала күнімізде ауылда ұры-қары деген атымен жоқ еді. Біреудің мүлкіне қол тигізбек түгіл, көңіліне қаяу түсіру ауыр қылмыс секілді көрінетін. Көршілермен де өте жақын қарым-қатынаста болып, той-томалақтарда үнемі бірге бас қосатынбыз. Есік аузына ағаш тығындап немесе көлемі үлкен тасты тіреп қойып, жол жүріп кете беретінбіз. Сондағы есік алдына қойылған ағаш пен тасты ұрылардан сақтану үшін емес, ит немесе мысық кіріп кетпесін деп қоятынбыз. Бір күні ауылда мал ұрланып, тіпті үйдегі бұйымдар да қолды болып жатқандығы туралы әңгімелер ел ішін кезіп кетті. Сол оқиғалардан кейін үй түгіл, қора аузына құлып салатын дәрежеге жетті. Бірде ұрылардың бірі көрші тұратын досымның қорасының құлпын бұзып, велосипедін ұрлап кеткендігін естідік. Кейіннен дәл осындай жайттар көбейіп кеткеннен кейін ұрыны ұстауға көрші-қолаң бірауыздан келісіп, келер уақытын күттік. Күндердің күні сол ұры қолға түскен кезінде ауыл адамдарының бәрі аң таң болып, өз көздеріне өздері сене алмағандай күй танытты. Себебі сабағын жақсы оқитын, бокспен айналысып, өзін озат қырынан танытып жүрген, бізден екі-үш үй кейін тұратын ағамның сыныптасы болып шықты. Ауыл тұрғындарының қаншама мал мүлкін ұрлап, сатып жіберген әлгі жігіттің ата-анасына ауыл адамдары кешіріммен қарап, арақатынастарын үзген емес. Қанша жыл «әй» десіп көрмеген көршісіне кім-кімнің болмасын көңілі кең болатыны анық. Алайда әлгі жігіттің ата-анасы көршілерінің алдында баласының осы бір әрекетінен ұялып, өз еріктерімен басқа ауылға көшіп кеткен болатын. Міне, көршілердің бір-біріне деген сыйластығының арасында байлық пен атақтың рөл ойнамайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мейрамбек Сексенбаев.

Ал қала адамдары ше? Оларды көңілі тар адамдар деп айту жөнге келмейді. Әрине, қала болсын, ауыл болсын адамның пейіліне қарай мейірімі болатыны сөзсіз. Дегенмен қалалық психология адамдарды өзіне бейімдеп, ойын өзгертіп жатқандығы жалған емес. Жұмыстың көптігі, бос уақыттың жоқтығы адамды жалғыздыққа үйретіп жатқандай. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қызметтің қамымен көрші түгіл, баласының бетін көрмей жүрген ата-аналар да бар. Иық тіресіп, намазда бір сапта тұрғандай есіктері қатар орналасқан бір дәліздің тұрғындары бір-біріне есен-саулығын айта алмай, төрт қабырғаға байланып отыратыны тағы бар. Бүгінде көршінің малы ұрланбақ түгіл, баласына дауыс көтергеннің өзінде полицияға шағымданып, арыз айтатын дәрежеге жеттік. Көрші арасындағы мәміле мен әңгіме де өзектілігін жоғалтып бара жатқандай. Әрине, бұған қала тұрғындарын кінәлауға болмайды. Тек қала психологиясын қазақы қалыпқа қайта бейімдеу керек. Көрші туралы қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінде «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар» деген аят жолдары бар.

– Асыл дініміз бен салт дәстүріміз қашанда ұштасып, жамандықтан аулақ болып, жақсылыққа беттеуді жөн көреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с хадисінде «Көршісі аш отырып, өзі тоқ жүрген адам бізден емес» деп айтылған. Көрші дегеніміз үйіңде тұрған айна секілді. Көрген адам көршіңе қарап кісілігіңді де, кішілігіңді де таниды. Бір-бірінің кемшін тұсын толтырып, асқан кезінде басу айтып отыратын да – көрші. Бірде Әбу Ханифаның бір көршісі болған екен. Ол бір күні Әбу Ханифаның үйіне қонаққа келіп, үй ауласынан жағымсыз иістің шығып тұрғандығын сезеді. Мән-жайды бақылап қараса, өзінің дәретханасы осы үй ауласына жақын тұрғандығын байқайды. Бірден Әбу Ханифаға «Мұны неге ертерек айтпадыңыз?» деген сауалына сабырмен жауап беріп, көрші ақысы тұрғысындағы «менің зияным тимесін деп едім» деген сөзді алға тартып, көрші арасындағы мәміле жөнінде баяндап береді. Бүгінде көрші арасында қиянаттың өршуі, сыйластықтың жоқтығы адамның бір-біріне деген сенімнің жоғалуына әкеліп отыр, – дейді Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев.

Қай бағытты алып қарасаң да көрші ақысын жемеу, көршімен жақсы мәміледе болу көзделеді. Қалада болсаң да, ауылда болсаң да көрші атаулыға сыйластықпен қарай білгеніміз абзал. «Үй алсаң – көршіңе қара, жер алсаң – суына қара» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. «Жақсы көршің – тынысың» дегендей, көршілерімізге жақсылық жасап жүрейік.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар