Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауызсу зардабын тартып отырған ауылдар аз емес

Ауызсу зардабын тартып отырған ауылдар аз емес
Ашық Дереккөз
Халқымыз ішетін суын қадір тұтып, «тіршілік нәрі» деп бағалаған. «Судың да сұрауы бар» деп, ысырап етуді құп көрмеген. Қара судың қадірі қай кезде де маңызды. Әсіресе шалғайдағы елді мекенде тұратындар үшін сапалы ауызсуды орталықтандырылған жүйе арқылы тұтынудың жөні бөлек. Дегенмен әлі күнге дейін ауызсу құбыры тартылмаған, тіршілік нәрін піспе құдықтан ішіп отырған ауылдықтар аз емес. Осы орайда біз өңірімізде ауызсу мәселесін шешу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударған едік.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыста ауқымды жобалар іске асырылуда. Өңірдің ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен қалаларда 513,4 мың, 313 елді мекенде 656,3 мың тұрғынды құрайды.

Дегенмен 54 ауылдық елді мекендегі 35,4 мың адам және Тараз, Шу қалалары бойынша 9 тұрғын алқаптағы 6,9 мың тұрғын әлі де болса сапалы ауызсудың игілігін көре алмай отыр екен.

– Биыл ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, өңір халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 18,4 миллиард, жергілікті бюджеттен 3,1 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражатқа 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапқа ауызсу кіргізіліп, бас аяғы 13,6 мың тұрғынның мәселесі шешіледі. Жыл қорытындысымен ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8 пайызға, яғни 524,4 мың адамға, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға, халық санына шаққанда 680 мың тұрғынға жеткізілетін болады. Бүгінгі таңда 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 10 елді мекенге кешенді блок-модульдері орнатылды. Бұл ретте ауызсумен қамту деңгейі 327 ауылдық елді мекенге жетіп, 665,6 мың адам тіршілік нәрінің игілігін көруде. Сол сияқты Жуалы ауданындағы Күркіреусу стансасы, Қазбастау разъезі мен Көктас, Амансай, Қарасу ауылдары, Т.Рысқұлов ауданындағы Аққайнар, Мамыртөбе, Тойқұдық, Қосапан, Сарысудағы Кіші Көкдала ауылдарына кешенді блок-модульдер қойылады, – деді Ғалым Исабайұлы.

Сондай-ақ қалып отырған Қордай ауданының Алға ауылы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын екен. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жоспарға сәйкес жыл соңына дейін сараптама қорытындысы алынып, тиісті ведомствоға өтінім ұсынылатын болады.

Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі елді мекендерді толық ауызсумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту көзделіп отырған көрінеді.

– «AMANAT» партиясының 2023 2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес 2024 жылға 22 жоба жоспарланған. Бүгінгі күнге 17 нысан пайдалануға берілсе, қалған 5 нысан жылдың аяғына дейін толықтай аяқталатын болады. Сол секілді ауылдық елді мекенде жоспарланған 6 суды тазарту үшін кешенді блок-модульді орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Ғ.Исақов.

Өңірімізде халық саны көбейген сайын таза су тапшылығы анық байқалып келеді. Әсіресе шалғай жатқан елді мекен тұрғындары әлі де тіршілік нәрін шелектеп тасып ішуге мәжбүр. Өкініштісі, ауылдарда тіршілік нәрі жоқ екеніне қарамастан жергілікті басылымға жалған материал берген әкімдер де болған. Жергілікті биліктің жүгенсіз әрекетін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова мәселе етіп көтеріп, вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған.

Халық қалаулысының айтуынша, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылының халқы сүзгінің арқасында күнелтіп жүрген. Ең сорақысы, аудандағы ауызсу мәселесі бес жылдан бері әлі шешілмей келеді.

– Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай елді мекендерінде ауызсу мәселесі шегіне жетіп тұр. Қылышбай ауылындағы жағдай фильтр орнату арқылы жарым жартылай шешілген болса, ал Жарлысу ауылын ауызсумен қамту әлі де шешімін таппай отыр. Халықпен кездескен кезде жарлысулық тұрғындар осы сұрақты бірнеше мәрте көтерді. 2020 жылы жауапты мердігер компания өз жұмыстарын толық атқармаған, соның салдарынан ауызсу жоқ. Ал 2021 жылдың сәуірінде жергілікті басылымда шыққан мақалада ауызсудың халыққа жеткені және сумен қамтамасыз ету жұмыстарының сәтті аяқталғаны хабарланған. Сұмдық жағдай. Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық. Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 414 миллион, облыстық бюджеттен бөлінген 80 миллион теңге, одан өзге жобалық-сметалық құжаттарға, сараптамаға, геологиялық жұмыстарға бөлінген қаржының іздеу-сұрауы жоқ па? – дейді Г.Нұрымова.

Аталған мәселе таяуда ғана «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экологиялық мәселелер» жөніндегі бірлескен кеңес отырысында да көтерілген болатын. Негізінде Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін «Жігер – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі құдық қазған екен. Алайда ауылға әлі де су жетпеген. Баршаны мазалаған сауалға Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков жауап берді.

– Жарлысуда ауызсу мәселесі ретімен шешіліп жатыр. Жұмысты сапасыз орындап, аяғына жеткізбеген мердігер компанияның үстінен арыз түсірдік. Нәтижесінде жұмысшы мекеме сотта жеңіліп, мердігерге тағы екі құдық қазу талап етілді. Сот шешімінің орындалуын жеке сот орындаушысы қадағалап отыр. Өкінішке қарай, қазылып жатқан екі ұңғыма әлі дайын емес. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтың бастамасымен туған ауылының тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын кәсіпкерлер де істің оң шешімін табуға қол ұшын созып жатыр. Кәсіпкерлердің көмегімен Алматыдан мамандар келіп, ескі құдықтарды тазарту және суды ағызу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі сәтте мердігерлердің тағы екі құдық қазып біткенін күтіп отырмыз. Жақын арада ол ұңғымаларды да пайдалануға береміз деген ойдамыз, – дейді А.Назарбеков.

Айта кетерлігі, құдықтар механикалық тазалаудан өткеннен кейін санитарлық эпидемиологиялық инспекция сынамаларын алып, ауызсуға талдау жүргізіліпті. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша оң қорытынды алынған екен. Қалпына келтірілген бұл екі құдық су жүйесіне қосылып, Жарлысу ауылының тұрғындары түгел тіршілік нәрінің игілігін көрмек.

Тіршілік нәріне қатысты өзекті мәселенің бірі – ауызсудың сапасы. Күнделікті тұрмыста пайдаланып жатқан су мен кәріз сулар шаһар маңындағы қарапайым сүзгілеу алаңдарына төгіліп жатқаны белгілі. Бұл жөнінде облысқа белгілі эколог Рауф Сәбитов лас судың қазіргі сәтте тиісті мөлшерден асып тұрғаны соншалық, өзіміз пайдаланып отырған жерасты суымен араласып жатуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

– Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылының маңы кеңестік заманда шаһардан қашық, талапқа сай орын болғаны шындық. Алайда қазіргі уақытта Тараз қаласының аумағы жыл сайын кеңейіп жатыр. Сондықтан тұрғындар саны да, тұтынатын су көлемі де артып отыр. Шындығы сол, сарқынды су төгілетін сүзгілеу алаңына су артығымен келіп, сыртқа тасып жатыр. Бұл дегеніңіз, жақын маңдағы елді мекендер тұтынып отырған судың сапасы күмәнді деген сөз. Өзіміз тұрмыста тұтынып отырған дәретхана сулары да осы сүзгілеу алаңына барып құйып, жерасты суымен қосылып жатқандықтан суды қайта пайдаланып жатқан болуымыз да ғажап емес. Сапалы ауызсу – күрделі мәселе. Түптеп келгенде, қайсысымыз болсақ та тіршілік нәрінсіз күн кеше алмаймыз. Адамның денсаулығы ауызсудың сапасына тікелей байланысты. Бір қуантарлығы, Тараз қаласында су тазартатын кешеннің құрылысы салынатын болады. Кешен толық пайдалануға 2028 жылы беріледі. Дейтұрғанмен ол уақытқа дейін сарқынды судан зардап шегіп жатқан тұрғындардың жағдайы не болмақ? Сондықтан сала жетекшілері жаңа технологияларды қолдана отырып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етсе дейміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең қандай да бір эпидемия басталса, кімнің қолынан не келеді? – дейді Р.Сәбитов.

Экологтың ұсынысын қолдаған Ғалым Исақов та суды есік алдынан қазылған құдықтан пайдаланып отырған тұрғындардың әрекеті дұрыс еместігін айтады.

Иә, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облысымызда аз жұмыс істелініп жатқан жоқ. Мақсат – айқын, меже белгілі. Ендігі кезекте жауаптылар сеніп тапсырылған жұмыстарды уақытылы және сапалы аяқтаса дейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар