Тіршілігі қайнаған шаһар өз заманында өнер мен білімнің, сауданың ордасына айналып, сәулеті жағынан да көш басында тұрды. Қаланың бірде дәуірлеп, бірде күйреуі жаугершілік замандардағы түрлі шапқыншылықтармен тікелей байланысты. Қойнына бүккен сыры топырақтан аршылып алынып жатқан көне шаһар тарихымыздың темірқазығы, шежіренің басы.
Кеңес одағының құрамында болған жылдары Тараз қаласы жаңа дәуірге қадам басты. Мұндағы ең алғаш, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бой көтерген Ленин алаңы қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыратын орталық нүкте болса, өзгелері де сол заманның тынысынан хабар беріп тұрған нысандар. Тәуелсіздік жылдарында, әсіресе 2000 жылдардан кейін Тараз қаласы жаңадан тыныс алып, бұрынғыдан да айшықты кейіпке енгені көптің көз алдында. Азаттықтың ақ таңымен бірге қалада заман талабына сай сәулетті ғимараттар бой көтеріп, Тараздың сән салтанаты арта түсті.
Жыл өткен сайын қала халқының саны өсіп, аумағының ұлғаюы әкімшілік басқару ісін жетілдіруді қажет етіп отыр. Осы ретте бұл қадам қаланы тиімді басқаруға, тұрғындар үшін инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретінін айта кетуіміз керек. Сондықтан да біз Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас жоспар және қала құрылысы кадастры секторының меңгерушісі Аслан Шілдетайға хабарласып, шаһарды екі ауданға бөліп басқару ісі қашан толық жүзеге асатынын және қаланы дамытуда Бас жоспар бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұраған едік. Оның айтуынша, бұл іс «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес жүзеге асырылып жатыр екен.
– Тараз қаласын кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында «Қолдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Тараз қаласының Бас жоспары әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы №44 қаулысымен бекітілді. Бас жоспар бойынша қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен мен 2 саяжайды қосу көзделіп отыр. 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңында «Облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде қалада аудан құрылады. Қаладағы аудан халқының саны 200 мың адамнан кем болмауға тиіс» деп атап көрсетілген. Қаланы екі ауданға бөлу жобадағы қала дамуының Бас жоспары аясында қарастырылған. 2023 жылғы 1 қазандағы статистикалық ақпаратқа сәйкес қалада халық саны 430,3 мың адамды құраған болатын. Демек, қалада екі ауданның құрылуы заңға қайшы келмейді. Тараздың құрамына қала маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан жалпы аумағы 11 755 гектарды құрайтын 14 елді мекен, 46 538 тұрғын қосылатын болады. Сол кезде қаладағы халық саны 476,9 мың адамға жетеді. Байзақ ауданындағы 18 ауылдық округте 106,2 мың адам тұрады. Бас жоспарға сәйкес Байзақ ауданынан 3 елді мекен мен 11 643 адамды қаланың құрамына енгізу жоспарлануда. «Қалада қашан екі аудан құрылады?» деген сауалға нақты жауап беретін болсақ, жобаланып отырған Тараз қаласының Бас жоспары аясында есептеу, екшеу ісі мұқият жүргізілді. Бұл жөнінде тиісті құжат Үкіметке жолданды. Бекітілуін күтіп отырмыз. Сол кезде бұл бағыттағы жұмыс қызу қолға алынып, Бас жоспар аясында 7722,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде салынатын жекеменшік тұрғын үй аумағы 1066,9 мың шаршы метр болады. Тараз қаласының көгалдандырылған кеңістігін ұйымдастырудың жобаланған жүйесі тұтастай алғанда бірқатар талапты сақтауды қажет етуде. Анығын айтқанда, барлық қолданыстағы жасыл кеңістіктерді барынша сақтау назарға алынады. Мәселен, жаңадан жобаланатын тұрғын аудандар, қоғамдық орталықтар, жобаланатын саябақтар, желілік бульварлар, суару каналдары, жағалауды көгалдандыру ісі талапқа сай жүргізіледі. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының аумағында қолданыстағы орман қорғау белдеулерін қайта жаңарту және жаңа орман қорғау белдеулерін отырғызу маңызды міндет. Қаланың айналасындағы жасыл белдеудің орман қорғау жолақтарымен біріктіре отырып, солтүстік-батыс өнеркәсіп аймағының санитарлық-қорғау аймағын едәуір ұлғайту көзделіп отыр. Талас өзені жағалауының бойында қалалық жағажай, сонымен қатар қала тұрғындарына қолайлы рекреациялық аймақтар орналастыру қолға алынады, – дейді Аслан Іргебайұлы.
«Тараз қаласында екі аудан құрылады» дегеннен бастап, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында салынуы тиіс «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілмейтіні жөнінде ел ішінде әңгіме тараған болатын. Осының да анық-қанығын білуге тырыстық. Сөйтсек, қалаға қосылатын елді мекендер қатарындағы Жамбыл ауданының Шайқорық және Танты ауылдары өнеркәсіптік аймаққа жақын орналасқандықтан аталған білім ошағы салынбайтын болыпты.
– Олар үшін ластану көздері, яғни қауіптіліктің I сыныптағы объектілері ретінде «Тараз металлургия зауыты» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС-ның фосфор және минералды тыңайтқыштар зауыттары, фосфогипс үйінділері болып отыр. Тараз қаласының Бас жоспарының негізгі сызбасында санитарлық қорғаныш аймағының шекаралары «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып есептелетін объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары 1-параграфының 39-тармағына сәйкес белгіленген. Сондай ақ «Тараз металлургия зауыты» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындарының санитариялық-қорғаныш аймақтарының бекітілген жобаларын ұсынбағанын ескере отырып, қоса беріліп отырған мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындылары басшылыққа алынды. Тараз қаласының Бас жоспары бойынша «Жайлы мектеп» құрылысы үшін алғашқы ұсынылған Танты ауылының жанындағы жер телімі, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындарының, Шайқорық ауылындағы саябақтың бөлігі Тараз металлургия зауытының санитариялық қорғаныш аймақтарында орналасқан. «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары 2-параграфының 48-тармағына сәйкес мұндай жерге білім беру және балалар ұйымдарын орналастыруға тыйым салынады, – дейді Аслан Шілдетай.
Алдағы уақытта қала аумағы арқылы өтетін Төрекелді каналы мен сол жақ айналма жолдың, Сеңкібай, Қапал, Түйте, Үшбұлақ, Қарасу-2 және Молдабай каналдарының екі жақ беттері жасыл желек жамылмақ. Серуендеу жолдары, демалыс орындары қарастырылған терренкуралар жасалады екен. Жалпы пайдаланымдағы жасыл желектермен қамтамасыз ету алаңы осы іс жүзеге асатын есептік мерзімге қарай 4356,66 гектарды құрағалы отыр.
– Бас жоспарға түзетулер енгізу барысында қаланың көлік сызбасы қайта қарастырылды. Тараз қаласы ірі көлік артерияларының қиылысу торабында орналасқан. Оның аумағы арқылы магистральдік теміржол, республикалық маңызы бар «Алматы-Шымкент» автожолы өтеді. Қала аумағы теміржол магистралімен 2 бөлікке бөлінген. Олардың арасындағы автожол байланыстары тек Жібек жолы көшесіндегі жол өтпесі арқылы жүзеге асырылады. Жеткілікті көліктік қолжетімділіктің болмауына байланысты халық арасында «За линией» деп аталып кеткен қаланың оңтүстік бөлігі дамымай қалды. Осыған байланысты жобада тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында бірнеше жол өтпесі қарастырылған. Алматы және Шымкент бағыттарынан кіреберісте қарастырылған көлік-логистикалық орталықтары қала көшелерін ауыр жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді. Шаһардың оңтүстік және солтүстік жағынан аумақтық даму шегі айналма жолмен қоршалады және басқа да жолдармен қиылысатын жерлерде көлік айырбастары (транспортные развязки) ұйымдастырылады. Осылайша қала аумағында іскерлік белсенділікті, әлеуметтік кепілдендірілген инфрақұрылымды, стационарлық демалысты, тарихи-мәдени, іскерлік, сауықтыру, мәдени-танымдық және спорттық демалысты, туризм мен рекреацияны кеңінен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Қаланың Бас жоспарын дамытудың жалпы тұжырымдамасы басқа бағыттардағы қала құрылысы шектеулерін ескере отырып, солтүстік-шығыс бағытқа бағдарланған. Себебі қаланың батысында әуежай, оңтүстігінде мемлекеттік шекара, солтүстік-батысында өнеркәсіптік аймақтар орналасқан, – дейді А.Шілдетай.
Қалада екі аудан құру жай ғана жоспар емес, шаһарды дамыту мен басқаруға деген жүйелі қадам болып отырғаны анық. Жоғарыда сөз еткендей, алдағы уақытта Бас жоспар аясында талай толайым тірліктер атқарылып, Тараздың тынысы кеңейе түспек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Жастар саясаты: жеңісі мен жемісі
Ұқсас жаңалықтар
Қаратөбеліктерді қандай мәселелер толғандырады?
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024