Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тағылымды тойдан түйгеніміз көп

Тағылымды тойдан түйгеніміз көп
А.Қартабай
Биыл Жамбыл облысының құрылғанына – 85 жыл. Талай тарихи оқиғалардың куәсі болып, көптеген өзгерісті бастан кешірген өңіріміздің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

КЕЛЕЛІ КОНФЕРЕНЦИЯ

85 жылдыққа орай ұйымдастырылған іс шаралар легі Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен «Талас – ұлы өркениеттер тоғысында» тақырыбындағы ғылыми тәжірибелік конференциямен басталды. Конференцияға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, елімізге танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен шетелден келген ғалым-профессорлар қатысты.

Басқосуда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, құрметті қонақтарға ризашылығын жеткізді.

– Жамбыл өңірінің тарихқа бай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл аймақ Түркі қағанатының және ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығы құрылған қасиетті өлке. Саяси аренада мәдениет пен өркениеттің қалыптасуына маңызды рөл атқарған киелі аймақ десем артық емес. Осында өткен Талас құрылтайынан кейін Алтын Орданың негізі қаланған болатын. Тарихымызды айшықтаған Мұхаммед Хайдар Дулати, «Манас» жырының кейіпкері Манас батырдың өмірінің көп бөлігі осы Таласта өткені тарихтан белгілі. Тасын түртсең, тарихы күмбірлеп сыр шерткен Тараз жері сонау заманнан бері құт береке дарып, әлем елдерінің назарын өзіне аударған қастерлі мекен. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «Саудагерлер қаласы» атанып, батыс пен шығыс мәдениетін байланыстырды. Екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз қаласы «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енген еліміздегі жалғыз қала. Бүгінде облысымыз көрші мемлекеттермен, алыс-жақын шетелмен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайтып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес. Бұл Жамбыл өңірінің шетелмен байланысын одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қасым Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізіп, жамбылдықтарды тарихи датамен құттықтады.

– Қадірлі қонақтар, ардақты ағайын! Баршаңызға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған сәлемі мен зор ықыласын жеткізе отырып, мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Талайғы тарихтың куәсі болған Талас өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында Талас аумағында еліміздің құндылықтары болған төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Ежелгі заманда дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған, бүгінде Жамбыл облысы деп аталатын ел аумағы қайнаған тіршіліктің өзегін танытып келеді. Ел Президентінің ұрпақтар сабақтастығы, мемлекетшілдік дәстүр мен тарихи кезеңдердің сабақтастығын сақтауға басымдық беріп отырғанын аңғарып отырмыз. Биыл Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтудеміз. Осы орайда Талас құрылтайының мәні зор екендігі анық. Әрине, ел тарихы белгілі бір кезеңдермен шектелмейтіндігі белгілі. Біздің төл тарихымыз, арғысын айтсақ, Сақ дәуірінен бастау алып, Түркі қағанаты кезеңіне жалғасып, Алтын Орда кезеңінде байып, Қазақ хандығы дәуірінде ерекшеленеді. Ал бергісін айтсақ, Алашорда кезеңі, Кеңес одағы және тәуелсіздік жылдарымен жалғасады. Міне, осы тарихи сабақтастыққа куә болған Талас өңірі қазіргі таңда да мемлекет тұғырының биіктеуіне зор үлесін қосып келеді, – деді Мәлік Нұржанұлы. 

Ал Парламент Сенаты төрағасының құттықтауын жеткізген Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруда Жамбыл облысы бірқатар бағыт бойынша көш ілгері екенін атап өтті.

– Өз заманында батырлар мен хандардың, билер мен көсемдердің басын қосқан саяси орталық болған өлкенің қазіргі таңда да тәуелсіз Қазақстанның даму жолында маңызы жоғары. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған іргелі реформалардың нәтижелі іске асырылуында Әулиеата өңірінің әлеуеті зор. Жамбыл облысы ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, химия өндірісі секілді бағыттарда маңызды жобаларды нәтижелі жүзеге асыру арқылы ел экономикасының өсуіне зор үлес қосып келеді. Алдағы уақыттарда өңірдің жетер жетістіктері көбейіп, еңбектері еселене берсін, – деді Бекболат Серікбекұлы. 

Сонымен қатар конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Ерболат Саурықов «Талас жазулары – түркі өркениетінің бастауы» тақырыбында баяндама жасады.

– Талас жазбалары еліміздің оңтүстік аймақтарынан табылған ескерткіштердің қатарын құрайды. Сондықтан да қазақ және өзге де түркітілдес халықтардың тарихын, көне мәдениетін, өркениеті мен мемлекеттілігін, тілі мен дініне қатысты құнды деректерді осы өңірден іздестіру қажет. Қазақ халқының рухани байлығы ел тарихымен астасып жатады. Сол себепті де мұндай көне жазбаларды зерттеу мәселесін еліміздің қазыналы оңтүстік өңірінен бастағанды дұрыс деп есептейміз. Соңғы жылдары Талас өзені аңғарлары мен сол аймақтағы таулы-қыратты жерлерге экспедициялар ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалып барады. Қазіргі Тараз қаласы мен оның оңтүстігін, Алатау мен Қаратау бөктерін, Орталық Қазақстанда Ұлытау мен Болаттау аймақтарында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізетін шартты экспедициялық топтар құрылып, көне жазбаларды іздестірсе, ұрпақ білсін деген ниетпен ата-бабаларымыз қалдырып кеткен жазу-сызудың талайы табылары анық, – деді Ерболат Байұзақұлы. 

Сондай-ақ Қырғыз Республикасының облыстағы құрметті Консулына кандидат Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жасұлан Ханалиев арнайы құттықтауларын жеткізді.

Келесі кезекте тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов «Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі аңыздар» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында қазақ аңыздарында өзгермейтін екі ұғым болса, соның бірі – жер, су атауы, екіншісі – адамдардың есімі екендігін атап өтіп, хандықтың құрылуына қатысты аңыз нұсқаларының қай-қайсысы болсын Талас аймағына топтасатындығын жеткізді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дария Қожамжарова Тараз қаласын көне Тараз, ортағасырлық Тараз, жаңа дәуірдегі Тараз деп үшке бөліп, өңір тарихына тереңінен тоқталса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев Қазақ хандығының Қозыбасыда құрылғандығы жөнінде бірден-бір жазба дерек қалдырған Мұхаммед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығының алғашқы зерттеушісі екендігін тілге тиек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов Қарасай петроглифтерінің тарихи мәдени маңызына тоқталса, Жамбыл жеріне аяқ басып, қонақ ретінде конференцияға келген Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу инстутының PhD докторы Садакатцу Кунитаке өңірде іске асқан жапон-қазақ археологиялық экспедициясының қорытындысымен таныстырды.

Түркия Республикасының тарих ғылымдарының профессоры Абдуллах Гүндоғду орта ғасырдағы Талас пен Анадолы арасындағы өркениет қатынастары жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов облысымыздың көне археологиялық ескерткіштері туралы орамды ойларын ортаға салды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция соңында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы отты жыр шумақтарын оқып, ел ризашылығына бөленді. 

ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

Мұнан кейін «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінде өңірдің 85 жылдық белесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барша жамбылдықты айшықты оқиғамен құттықтай отырып, аймақтың осы уақыт бедерінде түрлі қиындықтарды еңсеріп, елеулі белестерді бағындырғанын атап өтті.

– Құрметті қонақтар! Бүгін қасиетті Әулиеата жерінде айтулы күн, мерейлі мереке. Біз бүгін облыстың құрылу кезеңін ғана емес, оның терең тарихынан сыр шертіп, жеткен жетістіктері мен жеңістерін паш ету үшін бас қосып отырмыз. Бұл айтулы күн баршамызға ортақ мереке. Салтанатты шараға ардақты азаматтарымыз, еңбек ерлері, қоғам қайраткерлері, құрметті қонақтар мен аймақ тұрғындары қатысып отыр. Шақыртуымызды қабыл алып, арнайы келген қонақтарымызға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Мерейлі мереке құтты болсын! Жамбыл жері – құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы іргесін көтеріп, туын тіккен киелі жер. Асқақ Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен торабында өсіп өнген Жамбыл өңірінің елімізде алар орны ерекше. Бұл өңір қашаннан қойнауы кенге, үсті ырыс-несібеге толы қазыналы аймақ, ата бабаларымыздың іргесі берік құтты мекен. Бұл өлке ақындар мен шешендердің, шеберлер мен ғұлама-ойшылдардың, шежірешіл қарттар мен ақкөңіл, еңбекқор жандардың алтын ұясы. Асқақ ойшыл Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни секілді ғұлама, дарабоз тұлға Төле би, Бөлтірік шешен, Майкөт, Ұлбике ақындар, жырдың кені Кенен Әзірбаев сияқты дара перзенттерінен тамыр тартқан аймақтың тарихы терең. Ардақты ағайын! Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы баянды болатынына сенімім мол. Бүгінгі таңда мерейлі күнге мол жетістіктері мен толағай табыстарымен жетіп отырған киелі Әулиеата өлкесі әрқашанда ұлтымыздың ұйытқысы, өркениеттің бесігі болатыны сөзсіз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

 Мерекелік іс-шарада Президент Жарлығына сәйкес түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар, атап айтқанда, «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.

Бұдан бөлек кәсібилігімен көзге түсіп, еңбекте зор жауапкершілік танытқан тұрғындарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев «Мәдениет – асыл қазынам» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттады. Байзақ және Сарысу аудандары ІІІ орынның тұғырынан көрініп, арнайы бағалы сыйлыққа ие болды. Жамбыл ауданы ІІ орынды еншілесе, Талас ауданы І орынды қанжығасына байлады. Қос ауданның шығармашылық ұжымына шағын автобус сыйға тартылды.

Сонымен қатар салтанатты іс-шарада Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұрасына негізделген «Тараз – өркениет өрімдерінің куәгері», «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» және басқа да бірнеше кітаптың тұсауы кесілді.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Айтулы мерекеге орай Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы атшабарда бәйгеден жарыс ұйымдастырылып, 200-ге тарта шабандоз бақ сынады. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қыркүйек айында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Бүгінгі таңда облыста да ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Елімізде ұлттық спортқа қызығатындардың саны артқаны қуантады. Біз ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануды кеңінен насихаттай отырып, жастарды қазақи дәстүрге тәрбиелеуіміз керек, – деді Ернар Таласбекұлы.

Құттықтау сөзден кейін кезек құнан бәйгеге берілді. 11 шақырымға шапқан құнандар арасында Еркеторы (шабандозы – Алтынбек Жантөре) алдына қара салмай жеке-дара келді. Жүлделі ІІ орынды қырғыз елінің аузымен құс тістеген жүйрігі Қарақат (шабандозы – Тарель Шүкірбеков) еншіледі. Ал Тараз қаласының атынан жарыс жолына шыққан Легетте (шабандозы – Атон) мәре сызығын екінші болып кесті.

Ал 35 шақырымнан тұратын аламан бәйгеде Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан келген Көксерек атты тұлпарды тізгіндеген Нұрел Елесов топ жарса, ІІ орынды алматылық шабандоз қанжығалады. Ал меркілік шабандоз Нұрхат Манасбек ІІІ орынды қанағат тұтты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар