Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жақсының аты өшпейді

Жақсының аты өшпейді
Ашық Дереккөз
Байзақ ауданында мәдениет қайраткері Өнербек Нұрбаевты еске алуға арналған «Өнер өлмейді» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараның өтуіне әншінің әріптестері, шәкірттері, артында қалған ұрпақтары ұйытқы болды.

Өнербек Нұрбаев 1967 жылы Амангелді ауылының Жаңатұрмыс бөлімшесінде дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Жамбыл мәдени ағарту училищесіне «Клуб қызметкері және халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Училищені 1985 жылы тәмамдап, Байзақ аудандық мәдениет бөлімінде еңбек жолын бастайды. 2002-2011 жылдары Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры болып еңбек етті. Өмірінің соңына дейін аталған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі қызметін мүлтіксіз атқарып, аудан мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосты.

Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауының лауреаты, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері Ө.Нұрбаев өнегелі өмір жолында көптеген шәкірт тәрбиеледі. Жақсының шарапатын көрген шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір түкпіріндегі өнер ордаларында абыройлы еңбек етуде.

Өнербекті еске алу кешінде ел азаматтары өз естеліктерімен бөлісті. Әріптестері мен шәкірттері әндерін шырқап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қасқырбай Нарбатыров, Әлмахан Исабаев, Күлила Құрымбетова, Жанат Сәлімбаева, Сәрсенбек Бәкір, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұловтар әуезді әуендерімен Байзақ жұртына Өнербектің өнерін паш етіп, оны қайта тірілткендей болды. Кешті «Әзіл әлемі» театрының актері, «Qazaq radiosy»-ның журналисі, әншінің шәкірті Бақытжан Қасымов жүргізді.

Талантымен талайды тамсандырған, үлкенге де, кішіге де бірдей қарайтын Өнербек Нұрбаевты еске алуға арналған кешті тамашалаған аудан тұрғындары шынайы ықыластарын білдіріп, риза көңілмен тарқасты.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар