Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, интерактивті панель сыйлады.
– Құрметті қауым! Ардақты ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар! Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Білім – шамшырақ. Ол ғылым мен ілімнің бастау көзі. Болашағын ойлаған кез келген ел алдымен білім беру ісіне айрықша мән береді. Осы орайда Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында құрылысы жүргізілген «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілгелі тұр. Бұған дейін дәл осындай мектеп Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында және Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданында ашылған болатын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асуда. Жалпы жоба аясында облысымызда 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл жоба білім беру саласының өзекті мәселелері – оқушы орнының тапшылығын жоюға, үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді болдырмауға бағытталған. Мектеп ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ облыста 2024 жылы құрылысы басталған 36 білім нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Ал 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталмақ. Мақсатымыз – қала мен ауыл мектептеріндегі алшақтықты жою, балаларымыздың кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң облыс әкімі бастаған топ жаңа да жайлы мектептің ішін аралап көрді. Білім ордасында білім алушылар мен педагогтарға барлық жағдай жасалған. Бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен, әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 256 орындық мәжіліс залы, 59 оқу кабинеті, 344 орындық асхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 2 лингафон кабинеті, STEM, графика және жобалау кабинеттері, 10 коворкинг орталығы, робототехника зертханасы, 4 шеберхана, кітапхана мен оқу залы, 2 компьютер кабинеті орналасқан.
Жаңа мектептің педагогикалық құрамы да ерекше тәртіппен жасақталған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес №64 мектептен үш педагог ауысу тәртібімен қабылданса, ал конкурстық негізде тағы 28 мұғалім жұмысқа қабылданыпты.
Ал мектептің құрылысын «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамының үйлестіруімен «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба құны 6 миллиард 57 миллион теңгені құрайды.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс орталығында 4 мектептің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде №66 және №67 мектептер пайдалануға берілсе, қазіргі таңда «Шөлдала» алқабында 600 орындық, «Ұлы дала» ықшамауданында 2 000 орындық мектептердің құрылысы жалғасуда.
Ата-аналар да жаңа мектептің заманауи мүмкіндіктеріне, балаларға жасалған жағдайларға ризашылықтарын жеткізді.
– Өзім негізі 42 жыл ұстаз болғанмын. Қазіргі таңда зейнеткермін. 4 немерем бар. Бұған дейін балаларымды №37 мектепке таситынмын. Енді осы мектепке ауыстырдық. Біріншіден, бұл жайлы мектеп үйімізге жақын. Екіншіден, балаларды ауыстырмас бұрын мектепті аралап көрдік. Қатты ұнады. Балаларға барлық жағдай жасалған. Ұстаз ретінде айтарым, мұндай заманауи білім ошақтары оқушылардың толыққанды білім алуына оң әсер етеді, – дейді Алмаш Кеңесқызы.
Айжан ӨЗБЕКОВА