Энергетикалық сусын – құрамында кофеин, қант, психостимуляторлық заттар (матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза) бар, орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әсер ететін, психикалық және физикалық адам денсаулығына ықпал етіп, тәуелділік тудыруы мүмкін газдалған алкогольсіз немесе алкоголі аз сусын.
Энергетикалық сусындар екі түрге бөлінеді:
- 1.Алкогольді энергетикалық сусындар: Энергетикалық сусындардың құрамында аз мөлшерде болса да алкоголь бар. Мұндай сусындарды ішуге тыйым салынады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан:«Мас ететін нәрсенің көбі де, азы да – харам» (Хадис, Әбу Дауд).
Бұл хадис мұсылмандарға мас ететін заттардың барлық мөлшерін харам деп түсіндіреді. Алкогольді энергетикалық сусындар құрамында алкоголь болғандықтан, оны ішуді шариғат тыйым салады.
- 2.Алкогольсіз энергетикалық сусындар: Егер сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам немесе нәжіс нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат етіледі. Алайда, егер оның құрамында денсаулыққа зиянды заттар болса, мысалы, қауіпті химиялық қоспалар немесе басқа зиянды әсерлер тудырса, оны ішуге тыйым салынады.
Құранда Алла Тағала:«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер...» (Құран, Әл-Бақара сүресі, 195-аят) деп ескерткен.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да:«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (Хадис, Ибн Мәжа).
Медицина тұрғысынан да энергетикалық сусындардың ағзаға, әсіресе жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке және басқа да ауруларға зиянды әсер ететіні дәлелденген. Сонымен қатар, мұндай сусындардың жиі қолданылуы адамды тәуелді етеді және оның ағзасына әртүрлі жағымсыз әсерлерін тигізеді.
Ғұламалар кеңесі энергетикалық сусындарды алкогольді және алкогольсіз түрлеріне бөліп, әрқайсысына қатысты шешім шығарды:
- 1.Егер сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат.
- 2.Алкогольді энергетикалық сусындарды ішу – харам.
- 3.Энергетикалық сусындарды жиі қолданудың адам денсаулығына зиянды әсер ететіні нақтыланған болса, оны қолдануға тыйым салынады.
Қорытындылай келе, мұсылмандарға энергетикалық сусындарды тұтынудан аулақ болуға кеңес беріледі. Денсаулықты сақтап, зиянды заттардан сақтану – әрбір адамның міндеті.