«Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы биылғы «Еуразия» кинофестивалінде көрсетіледі
- author AR-AY
- 21 қараша, 2024
- 63
Биылғы «Еуразия» кинофестивалі қазақстандық киноның айтулы мерейтойларымен ерекшеленеді. Қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының 90 жылдығы және киностудияға Айманов есімінің берілгеніне 40 жыл толып отыр.
«Бұл жыл біздің үшін ерекше маңызды. «Еуразия» кинофестивалі ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілу үстінде. Сонымен қатар, біз биыл Шәкен Аймановтың мәдени мұрасын дәріптеп, қазақ киносының байлығын әлемге танытуды мақсат етеміз. Оның фильмдері көп буынға шабыт берді. «Қазақфильм» киностудиясының қайта жаңғыруы да осыны айқындай түседі», – деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы, фестиваль директоры Айдар Омаров.
Фестивальдің басты шараларының бірі – Шәкен Аймановтың 1964 жылы түсірілген «Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасын көрсету. Бұл туынды ұлттық мәдениетке деген құрметтің ерекше белгісі ретінде ұсынылады. Фестивальдің бағдарламалық директоры Диана Әшімова картинаның реставрацияланған нұсқасын көрермен назарына ұсыну арқылы қазақ кинематографиясының байлығын жаңа сапада көрсетуді көздегенін жеткізді.
Фестивальдің негізін қалаушы әрі ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Іс-шараның басты серіктесі – Bazis-A халықаралық құрылыс компаниясы. Сонымен қатар, фестивальге KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Eurasian Resources Group (ERG), Sarens Kazakhstan, Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі және Astana Motors демеушілік көрсетуде.
Фестиваль бағдарламасында халықаралық байқау, Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдер байқауы өтеді. Сонымен қатар, іскерлік алаңдардың жұмысы да қыза түсетін болады.
«Фестиваль байқаулық көрсетілімдермен шектелмейді. Байқаудан тыс бағдарламалар, шеберлік сабақтары, премьералар және киноиндустрия мамандары үшін ерекше тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін беретін іскерлік алаңдар ұйымдастырылады. Барлық іс-шаралар Алматының заманауи Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрларында өтеді, ал іскерлік кездесулер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұйымдастырылады», – деді кинофестивальдің іскерлік алаңының жетекшісі Кәрім Қадырбаев.
Фестивальдің негізгі мақсаты – мәдени байланысты дамыту, қазақ киносының жаңа есімдерін ашу және ұлттық мұраны дәріптеу болып табылады.
Энергетикалық сусындар харам ба? ҚМДБ пәтуа шығарды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024