Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- author AR-AY
- 20 қараша, 2024
- 21
Қазақстанның екі қаласында жаңадан енгізілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесі өзінің жұмысын бастады. Бұл инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты.
Жүйе жасанды интеллекттің көмегімен іздеудегі адамдарды тану, қоғамдық орындарда ұмытылған заттарды анықтау, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу және көліктерді маркасы, моделі мен түсі бойынша сәйкестендіру сияқты функцияларды орындауға мүмкіндік береді.
"Ақылды" камералар елдің ірі нысандарында орналасқан, олардың қатарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер мен сауда ойын-сауық орталықтары бар.
Бұл жүйенің тиімділігі дәлелденді. Мысалы, елордада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде жоғалған балаларды, есепте тұрған тұлғаларды және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды тез арада табуға мүмкіндік туды. Ал бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада 46 құқық бұзушы жедел анықталып, ұсталды. Алматыда да осындай жұмыстар жүргізіліп, 30 құқық бұзушы анықталды.
Енгізілген технологиялар ақылды қалалар құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Олар қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, қылмыстың алдын алуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді түрде қолданылып келеді, ал Қазақстан да осы әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналуда. Алдағы уақытта бейнемониторинг жүйесін кеңейту және камералар санын көбейту жоспарлануда.
Қазіргі таңда елімізде 1 млн 359 мың бейнекамера жұмыс істейді, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған.
Бұл инновациялық жүйелер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмысты болдырмауда маңызды рөл атқарады. Олардың басты мақсаты – әрбір азаматтың заң мен тәртіп орнаған қоғамда өздерін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету.