Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аймэри жүн-жұрқаны әжетке жаратуды көздейді

Аймэри жүн-жұрқаны әжетке жаратуды көздейді
Ашық Дереккөз
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аймэри Дүйсенбек бірде Мойынқұм ауданына барғанда сексеуілдерге оратылып, жол жиектерінде шашылып жатқан жүн-жұрқаны байқайды. Сол сапардан кейін қаршадай қыз жүн-жұрқаны қоқысқа айналдырмай, әжетке жаратуды ойлайды.

Осылайша республикалық ғылыми жобалар байқауында Аймэридің «Мойынқұм құмдарының органикалық қалдықтармен ластануы және оларды жою жолдары» тақырыбындағы жобасы үшінші орынға ие болған екен.

– Мойынқұмға барғанда әлемдегі ерекше құмды алқаптардың бірі екеніне көзім жетті. Оның кең даласы мен бірін-бірі қуалай жалғасқан толқын іспетті бұйрат төбелері құмды аймақтың өсімдік жамылғысы мен топырағының бұзылуына, органикалық қалдықтардың жинақталуы эрозияны күшейтіп, жергілікті биоәртүрлілікті төмендетіп қана қоймай, адамдардың денсаулығына да әсер етуі мүмкін екендігін түсіндім. Осы мәселені назарға алып, өз ғылыми жобамда экологиялық жағдайды жақсартудың жаңа жолдарын ұсынуды жөн санадым. Мен жоба арқылы органикалық қалдықтарды қайта өңдеу және оларды экологиялық тұрғыдан тиімді әрі экономикалық пайда әкелетін тәсілдермен қолдануды қарастырдым. Жүнді құрылыс материалдарында пайдалану осы тәсілдердің бірі ретінде ұсынылды. «Мойынқұм құмдарының органикалық қалдықтармен ластануы және оларды жою жолдары» тақырыбында ұсынған жобадағы жетістігім үшін жетекшім Эльмира Акимоваға алғыс білдіремін, – дейді Аймэри Дүйсенбек.

Оқушы жүннің табиғи қасиеттерін зерттей отырып, оның құрылыс материалдарында қолданылуының экологиялық және экономикалық артықшылықтарын дәлелдеуге тырысады. Жүннің табиғи талшықтары құрылыс материалдарына беріктік пен жылу сақтау қасиеттерін қосады. Бұл әсіресе Мойынқұм сияқты ыстық климатты аймақтар үшін өте маңызды екені анық.

Аймэри өз ғылыми жобасында жүнді құмды алқаптың топырағынан жасалған кірпіштерге қосып, сол арқылы олардың беріктігін арттыруды көздейді. Мұндай тәсілді қолдану барысында үйлерді жылы ұстау мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ жүнді тек құрылыс материалдарында ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпте, әсіресе сувенирлер мен панно жасау саласында қолдану идеясы да бар.

Бұл тәсіл жергілікті тұрғындарға экологиялық таза өнімдер жасап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жүннен жасалған бұйымдар табиғатқа зиян тигізбей, құмды алқаптағы органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдісін ұсынады.

– Ауыл тұрғындарының кейбірі жүнді сатып, табыс көзіне айналдырғанын көрдім. Алайда өтпей қалған жүнді олар өртеп жібереді екен. Жүннің бағасы малды қырқуға жұмсалатын шығынды ақтамайтыны белгілі. Сонымен қатар мұндай табиғи өнімнің түкке жарамай, рәсуа болуы мені қатты ойландырды. Сондықтан оны әжетке жарату мақсатында қажетті дүниелер жасап көруге ұмтылдым. Бұл ғылыми жоба негізінде Мойынқұмның экологиялық мәселелерін шешуде маңызды қадам болып есептелетініне сенімдімін. Атап көрсетілген тәсілді қолдану арқылы тек табиғатқа көмек көрсетіп қана қоймай, жергілікті экономиканы да дамытуға болатынын ескерсек, бұл жоба қажет деп білемін. Жүнді құрылыс материалдары мен өнеркәсіпте қолдану жаңа жұмыс орындарын ашып, туризмді дамытуға ықпал етіп, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Аймэри Дүйсенбек.

Жоба инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы экологиялық мәселелерді шешуді де көздейді. Органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін қолдану, атап айтқанда, жүнді пайдалану табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті арттыруға септігін тигізеді. Бұл жоба экологиялық таза өнімдер шығарып, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар