Әкем мен анамның танысып, үйленуі өзінше бір ерекше тарих. Әкем оқуға зерек болған екен. Арманы ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеу болыпты. Сол себепті Қазақ педагогикалық институтына құжат тапсырады. Ал ол оқу орнына мектептен соң бірден қабылдауға жиырма бес пайыздық шектеу бар екен. Негізі ең кемі 2 жылдық еңбек өтілімен ғана қабылдайды екен. Әкем Әшіралы зеректігінің арқасында сол оқу орнына қабылданыпты. Кейін 4-курсты аяқтар тұста өндірістік тәжірибеден өту үшін Ақмола облысының Өндіріс ауылдық мектебіне барады. Сол мектепте 8-сыныпта оқып жүрген анам Күлшараны әкем ұнатып қалған екен. Әкем өндірістік тәжірибеден ойдағыдай өтіп, кері қайтарында мектеп директорына кіріп: «Оқуымды бітіргеннен кейін осы мектепке қайта келіп, жұмыс істеймін», – деп айтып, келісіп кетеді. Әкем негізі математик болған. Кейіннен қайтадан осы мектепке келіп, сабақ беріп жүріп анаммен сөз байласады. Анам мектепті бітірерде әкемнің айтқанымен Жамбыл қаласындағы педучилищеге оқуға түседі.
Екеуі сөз байласып, үйленерде үлкендермен ақылдасады. Жөнді, жолды білетін аталарым анамның ата-анасының алдынан өтпекші болады. Пойызда кетіп бара жатқанда анам: «Әкемнің мінезі қатал, қағидаларына берік кісі. Менің оңтүстікке тұрмысқа шығуыма рұқсат бермеуі мүмкін, сол үшін әкем қатты құрметтейтін Қарағандыда Жүсіп деген туыс ағасы тұрады. Өзі институтта мұғалім. Соны бірге алып барсаңыздар, әкем келісімін беріп қалар», – дейді.
Сонымен не керек, Жүсіп ағасына қарсы келмей, әкесі ақ батасын береді. Батасын беріп жатып: «Қызым, өзіңнің де қалауың осы болды. Ауғанбайдың қызы қайтып келіпті деген қара таңбаны сүйегіме салма, сол босағадан өлігің шығардай болып біржола кетесің, Алла бақтарыңды ашсын!» – деп қатқыл дауыспен айтып, батасын беріпті.
Сөйтіп, анамыз үлкен шаңырақтың келіні болып түседі. Атамыз келініне мейлінше мейірімді болса керек, тіпті қамыр илетпейді, тезек жайғызбайды екен. «Бисембайдың келінінің қолы күстеніп кетіпті дегізбей, сол шаруаларды өзің-ақ жасай саларсың» деп Рәпия әжеме қолқа салады екен.
Бисімбай атам кешкі асқа көбіне көршілес ақсақалдарды ертіп келіп қонақ ететін көрінеді. Сонда етті турайтын кезде атам келініне: «Етті көп жейтін Арғынның қызысың ғой, алдымен сен тойып ал, қызым», – деп, жұмсақ, майлысын анама ұсынып отырыпты.
Әкем жастайынан қызметке араласқан адам. 28 жасында мектеп директоры болды. Анаммен тату-тәтті ғұмыр кешті. Әкем анама кейде еркелей: «Әрі әкем, әрі анам, әрі ағам, әрі інім бола білдің, ақылшым да өзіңсің, менің золотойым», – деп отыратын.
Анам жеті құрсақ көтерді. Қазір 4 ұл, 1 қызы әке-шешеміздің атына кір келтірмей сан салада еңбек етіп жүрміз.
Әкем небәрі 58 жасында дүниеден өтті. Әкемнің қазасы анама ауыр соқты. Сонау солтүстіктен бір әкем үшін бәрін қиып келді емес пе?! Әкемнің жоқтығына көндігу анам үшін өте қиын болды. Шілде айында әкем өмірден озды. Арада бірнеше ай өткенде, яғни қазан айында қарашаңырағымыздағы Марат інімнің тұңғышы дүниеге келді. Сәбиді анама көрсетіп: «Әкеміздің орнын басатын ұрпақ келді, сізге қуат берсін, атын Қуат қояйық, бұл бала сіздікі», дегенде анам оны бауырына басып, өзінен бір елі ажыратпай өсірді.
Сонау бір жылдары газ өшіп, электр энергиясы уақытымен беріліп, ауылда қиыншылықтар болған кезде анамызды бәріміз үгіттеп қаладан пәтер әперіп, сонда алып келдік.
Мен бала кезімнен анамның қас қабағына қарап үйренгенмін. Бірде телефонмен сөйлесіп отырғанымызда анамның дауысынан ауырып отырғанын сездім. Дауысы көңіліме жақпағандықтан ақырын сөйлесіп жайын білсем, сырқаттанып қалыпты. Сол жолы аздап инсульт алған екен. Ауруханадан шыққан соң анамды тағы да толық тексеруден өткізейін деп Астана қаласындағы ауруханаға қараттық. Сонда ауруханадан шығуына екі күн қалғанда көлік дайындатып, жүз ғана шақырым жердегі ағайын-туыстарын, бауырларын аралап қайтсын десем, билет алыпты да Таразға қайтыпты. «Мұныңыз не?» дегеніме анам: «Төркінімде жатып өліп кетсем, сендерді көндіріп, сонда жерлеп қоюлары мүмкін ғой, әкеме берген уәдем бар, шалымның жанында жатуым керек», – деді. Бір кездегі уәдесіне беріктігі сол, жақын жердегі бауырларына соқпай, мәңгілік тұрағына айналған Таразына оралған қайран анам ай, жаның жәннатта болсыншы!
Анам адам баласына кек сақтауды білмейтін. Өзі тіл маманы болған соң бар ойын әдемі сөздермен жеткізетін. Әкем де, анам да ұстаз, содан болар, менен басқа үш бауырым да, бәріміздің жұбайларымыз да мұғалімдік мамандықты игерген, енді сол дәстүрді немерелері жалғастыруда.
Бізді өңірдегілер «Ұстаздар әулеті» деп атайды. Бұл бәріміз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Ата-анамды қуантуға құмар едім, алтыншы сыныпта туристік сапармен Мәскеуге барып, әкем берген ақшаға әкеме көзілдірік, анама орамал алып келгенім есімде. Сол кісілерден алған өнегеге сай әр еңбекақыма алдымен нан, үйге тамақтар алуға тырысамын. Есейгелі дағдым сол. Тағы бір ерекше қуантқан кезім, студент атанғанымды ауылдағы ата-анама жеткізгенімде ерекше қуанды. Кейінірек қызметке араласқан шағымда, яғни 2000 жылы Жамбыл облыстық әкімдігіне бас маман болып орналасқанымда анам есіктегі аты-жөнімді оқып, қатты толқып, қуанғаны бар еді. Анамды алғашқы кездері осылай қуантқан шақтарым әлі күнге есімде.
Соңғы қуантқан тұсым ауырып жатқанда болатын. Ол кезде Алматы облысының Қаратал ауданында әкім едім. Нашарлап жатқанын естіп, түнімен жол жүріп, ауылға келдім.
Содан бес күн бұрын, яғни 2017 жылы желтоқсанның 14-і күні «Құрмет» орденін иеленген едім. Анамның құшақтап, жанында кешке дейін жаттым. Арасында бір жағдайы жақсарған сәтте орденді анамның кеудесіне тағып едім, қуанып, «Президентке рақмет! Ұсынған облыс әкіміне рақмет!» деп алғысын айтып жатты. Анам істің себеп салдарын білетін, көңілі де, көзі де қарақты еді.
Анам марқұм ас әзірлеудің де шебері еді. Бала күнімізде қаладан арнайы сиыр етін алдырып, оны ет турағыштан өткізіп, біздерге таңсық болатын манты, тұшпара сияқты ас түрлерін дәмді дайындап беретін. Әсіресе ет сақтаудың шебері болатын. Көктемде кәдімгі от жағатын пешті жақсылап тазалап алып, жұқа матаға оралған етті сонда сақтап қоятын. Салқын жерде ет ерекше сақталады ғой. Керек десеңіз, күзде сойған соғымның соңғы сыбағасын сүйікті қызы Салтанаттың туған күнінде, шілде айында асатын еді. Жылқының қазысын ұнға көміп сақтайтын, қойдың құйрығын өзіндік ерекше әдісімен тұздап, кептіретін де тәсілдері болатын.
Анам кей кезде ойларын қойындәптерге жазып отыратынын байқайтынмын. Кейін көрсем, көбі әкем жайлы естеліктер мен тәрбиеге қатысты тәмсілдер екен. «Жүректе сақталған сыр» деген атпен жеке кітап етіп шығардық. Бұл оқыған адам тағылым ала алатын тәрбиенің әліппесі іспетті кітап. Оқырманның ойында, ұл-қыздарының бойында тұратын құнды жәдігерге айналды. Сол кітаптың екінші жартысын «Берекелі Бірлес» деген атпен марқұм әкемнің жинақтап, мақтанышпен айтып жүретін ауыл ардақтыларын енгізе отырып, ауылдың шағын энциклопедиясы іспетті етіп шығардық.
Анама, әкеме арнап бірнеше ән, өлеңдер жаздым. Алғашқы әндер жинағым «Әкені аңсау» деп шықса, шығармашылығыма арналған өлеңдер жинағым «Менің анам» деген атпен жарық көрді. Арнайы бейнебаян да түсірдік. Бүгінгі таңда еліміздің өнер жұлдыздары үлкен сахналарда біразын орындап жүр.
Анам жайлы естелігімді жүрегімді жарып шыққан жыр жолдарымен түйіндегенді жөн көріп отырмын.
Пейіште де
әдемі жүріңдерші
Анашым, бес жыл болды жырақтасың,
Жүрегім шаншып тұрып жыр ақтарсын.
Перзенттік пейіліммен сезгендеймін,
Жанындасың әкемнің, жұмақтасың.
Анашым, жұмақтасың, алыстасың,
Жаратқан сыйға тартқан ғарыштасың.
Осы күн, бес жыл бұрын ұшып кеттің,
Жердегі дәм, тұзыңды тауысқасын.
Анашым, алыстасың, қиырдасың,
Әкемнің жанынан жай бұйырғасын.
Дәл бүгін өзіңді ойлап қобалжиды,
Жылайды іштей жүрек құйып жасын.
Анашым, қиырдасың, сағымдасың,
Жыр жазып тұрам әркез сағынғасын.
Аллаға тәубе етіп, жұбанамын,
Өйткені әкешімнің жанындасың.
Әкешім, бүгін сіздер табысқан күн,
Ана жүрек соғуын тауысқан күн.
Жалғанның жақсы күнін қиып тастап,
Өзіңмен анам қайта қауышқан күн.
Әкешім, анамды ылғи аялашы,
Мейірді бойдағы бар аямашы.
«Жұмақта бәрі жақсы» деп естиміз,
Дегенмен пана болшы, саялашы.
Жұмақта мәңгі өмір сүріңдерші,
Анамды «жаным, айым, күнім» деші.
Жалғанда жарасымды жұп едіңдер,
Пейіште де әдемі жүріңдерші.
Алаң боп, ойламаңдар мына бізді,
Төгіп тұр, Жаббар Ием шуақ ізгі.
Жұмақта азық болар өздеріңе,
Оқып жүрміз тоқтатпай дұғамызды.
Риза болғын ұрпағыңның ісіне,
Мен жүрейін қамқор болып кішіге.
Бір-ақ қана өтінішім бар, әке,
Анамды ертіп, келіп тұршы түсіме.
Қайрат БИСІМБАЕВ,
облыс әкімдігі мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау
басқармасының басшысы