Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмахановтың айтуынша, облыста 24 қоқыс полигоны экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеп келген.
– Өңірде барлығы 163 қоқыс тастайтын орын болса, соның 100-ден астамы жыл сайынғы қалдық есебін тапсырмаған. Мәселеге жергілікті билік өкілдері де немқұрайды қарап отыр. Осы орайда жұмысына салғырт қараған әкімдер жауапқа тартылып, 300 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Өкініштісі сол, облыстағы полигондарда қалдықты сұрыптау мен көлемін есепке алу жолға қойылмаған. Қоқысты өртеп жоятындар да бар. Аталған мәселе бойынша 9 тұлға жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, тәртіптік жаза аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдеріне қолданылды. Прокуратураның қалдықтарды дұрыс есепке алмау фактілері бойынша қадағалау актісімен облыстың бас мемлекеттік экологиялық инспекторының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ «Жасыл ел – Тараз» мекемесі қызметкерлерінің арнайы полигонда тәркіленген электронды темекілерді сол жерде жойып өртегені мәлім болып отыр. Бұл факті бойынша Тараз қаласының әкімдігі жауапқа тартылды, – деді Е.Әлмаханов.
Облыстық экология департаменті де өңірдегі ахуалды назарда ұстап, тиісті шаралар қабылдап келеді. Осы жылдың 9 айында экология департаментімен бірлесе 29 тексеру жүргізілген. Оның 12-сі жоспардан тыс, 14-і бақылау объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау болса, үшеуі бақылау объектісінің талаптарына сәйкестігіне тексерулер. Нәтижесінде бұзушылықтардың 75 фактісі анықталып, 28 нұсқама берілген.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтың айтуынша, есепті кезеңде заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер, сондай ақ мемлекеттік органдар мен прокуратура материалдары бойынша 62 әкімшілік іс қозғалыпты. Нәтижесінде жалпы сомасы 132 миллион теңгеден асатын 59 әкімшілік айыппұл салынған.
– Сонымен қатар департамент құзыреті шегінде сот органдарына 3 әкімшілік хаттама қарауға жолданды. Нәтижесінде сот органдары 4 миллион 393 мың теңге сомасына 2 қаулы шығарды. Өз еркімен өндірілген 47 айыппұлдың жалпы сомасы 4 миллион 535 мың теңгені құрады. Сондай-ақ сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға 4 әкімшілік іс жолданып, 117 миллион 191 мың теңге сомасына айыппұл салынды. Нақтылап өтсек, 5 миллион 907 мың теңге сомасына мәжбүрлеп 3 айыппұл өндірілсе, 111 миллион 283 мың теңге сомасындағы 1 айыппұл сот орындаушыларының қарауында екен. Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауда «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық түсірілімінің көмегі мол. Есепті кезеңде ғарыштық түсірілім мониторингінің нәтижесінде өңірде 319 стихиялық қоқыс орны анықталды. Қазіргі сәтте 244 стихиялық қоқыс орны тазартылды. Сондай-ақ 65 қоқыс орнының қалдықтарды орналастыруға экологиялық рұқсаты бар. Сол сияқты 2 жекеменшіктегі, 8 жойылмаған қоқыс орны бар. Осы орайда анықталған стихиялық қоқыс орындарын жою бойынша жергілікті арқарушы органдармен жою кестесі құрылды, – дейді Темір Мәмбетұлы.
Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері облыстық мәслихат депутаттарының да үнемі назарында. Қатерлі ісік ауруына шалдыққандар бойынша өңіріміз үшінші орында тұрғанына алаңдаушылық білдірген депутат Арман Еділбаев облыстық экология департаменті «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты нақты бір шара қолдану қажет екенін айтады.
– Осыдан екі жыл бұрын зауытта үлкен апат орын алып, күллі Тараз, қала маңындағы ауылдар көк түтіннің астында қалғаны ел есінен шыға қойған жоқ. Білуімше, сол уақыттан бері экология департаменті «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытымен соттасып келеді. Үш жыл қатарынан қаншама тексеріс жүргізіліп, қомақты айыппұлдар салынып жатса да «баяғы жартас – сол жартас». Зауыттан шыққан қалың тұман қаланы басып жатқаны әсіресе түн мезгілінде анық байқалады. Оның бәрі адам денсаулығына зиян. Мәселенің нақты шешімдерін қарастыру керек. Бәлкім, кәсіпорынға улы түтінді сыртқа шығармайтын технологиялар қажет шығар. Құрал-жабдықтар бар болса, оны басқаратын маман жоқ болар. Егер маман қажет болса, жас мамандарды даярлау, кәсіпорындарды заманауи технологиямен жабдықтау секілді шаруалардың жүзеге асуына қол ұшын берейік. Департамент бізге осындай өтінішпен шықса, не керектінің бәрін қолдан келгенінше жасауға дайынбыз. Сонымен бірге суайдындардың жағалауы, қоғамдық орындардың тазалығы сын көтермейді, табиғат күл-қоқысқа толып бара жатқаны жанға батады, – дейді Арман Захарыпұлы.
Облыстық мәслихаттың депутаты Дамир Ташкараев та «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі фосфогипс үйінділерінен жергілікті жұрт әбден зәрезап болғанын айтады. Зиянды қалдықтардың көлемі 17 миллион тоннадан асуы тұрғындарды алаңдатып отыр. Оның үстіне депутаттың айтуынша, кәсіпорын теңгерімінде фосфогипс қалдығын тастауға арналған заңды екі орын болса, биылдан бастап зауытқа тағы да осы мақсатта қосымша жер бөлінген екен.
– Осыдан біраз уақыт бұрын зауыт қалдықтарын төгуге Тараз қаласынан 25 шақырым алыс жерден қосымша жер бөлінген. Алайда кәсіпорынның үйінділерді жаңа нысанға апарып төгіп жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Негізінде осы жылдың басынан, яғни қаңтар айынан бастап соңғы шыққан қалдықтар сол орынға тасталуы керек еді. Осы мәселе бойынша экология департаментіне ұсыныстарымды айттым. Облыс белсенділерін, облыстық мәслихат депуттаттарын, департамент қызметкерлерін қосып, комиссия құру қажет деп санаймын. Тексеріс тобы қосымша берілген жерге барып, соңғы фосфогипс қалдықтары сол нысанға төгіліп жатыр ма, жоқ па өз көзімен көріп, олай болмай шықса, бұрыннан үйіліп жатқан қалдықтарды жаңа жерге көшіру қажет. Ұсыныстарымды департамент басшылары да қолдап отыр. Бұл іске алдағы уақытта кірісетін боламыз, – дейді Д.Ташкараев.
Әулиеаталықтардың бас ауруына айналған ең негізгі мәселенің бірі – қоқыс. Анығын айтқанда, облыста айналасын тұрмыстық қалдық басқан ауылдар көп. Полигонға төгілген қоқыстар желмен ұшып келіп, елді әбігерге түсіріп жатқанын жергілікті тұрғындар әлденеше рет мәселе етіп көтерген. Бірақ қоқыс өңдейтін зауыт салынбай мәселе бір жақты болмайтыны анық. Осы тұста облысқа белгілі эколог Рауф Сәбитов бүгінгідей дамыған заманда қоқыстан құтылудың бір амалы табылмай отырғанына күйінді.
– Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы болсын, экология департаменті болсын қоқысқа қатысты айыппұл салып, ескерту берумен шектелмеуі тиіс. Мүмкіндігінше тұрғындармен кездесіп, қалдықтарды қайта өңдеу жолдарын бірге қарастырса деймін. Күнделікті тұрмыстық қалдықтарды былай қойғанда, тұрғын үйлерге жақын жерлерге малдың өлексесі, зиянды қалдықтар заңсыз тасталғаны жайлы да арыз-шағымдар жиі айтылып жүр. Қоқыс өңдеу зауыты салынбаса, бұл мәселеден арыла алмасымыз белгілі. Солай екен деп қол қусырып отыруға да болмайды. Меніңше, әзірге қайта өңдеу технологиясының басқа да түрлерін қарастырған жөн. Соның бірі – пиролиз пеші. Пиролиз пеші – тұрмыстық қалдықтарды тәулігіне 50 текше метрге дейін өңдеуге мүмкіндік беретін тиімді құрылғы. Мұндай пештерде қалдықтарды қайта өңдеудің артықшылығы – қалдықтарды сұрыптап не болмаса ұсақтап жатпайсыз. Ең бастысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жағуға арналған құрылғылар ауаға кері әсерін тигізбейді, – дейді Р.Сәбитов.
Экологтың пікірін облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Сұлтан Өсербаев та қолдап отыр.
– Аудандарда, ауылдық жерлерде тұрмыстық қалдықтарды өртеген кезде жағымсыз иіс қолқаны қабады. Технология қарыштап дамыған заманда өмір сүріп жатсақ та осы мәселені шеше алмауымыз жанға батады. Сондай-ақ заңсыз қоқыс үйінділері анықталса, айыппұлды мекеме немесе әкімдікке салады. Тазалыққа тұрғындар да жауапты. Соны шындап сезіну үшін жекелеген азаматтар да табиғатқа, қоршаған ортаға залал келтірсе, олар жауапқа тартылып, тиісті жазасын алуы тиіс деп санаймын, – дейді С.Өсербаев.
Ал облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтың айтуынша, мекеме құзыретіне өздеріне түскен арыз негізінде тексеріс жүргізіп, туындаған келеңсіздіктерді жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізу кіреді. Қордаланған мәселені шешу, шара қолдану – әкімдіктің міндеті. Өз кезегінде әкімдіктегілер тұрмыстық қалдықтар жөніндегі кез келген мәселені қоқыс өңдейтін зауыттың жоқтығына әкеліп тірейді.
Тараз қаласы әкімдігі зауыт салуға ниетті болғанымен инвесторлар таба алмай жатқан көрінеді. Дейтұрғанмен қала әкімдігі шаһардағы қоқыс тастау орындарын жаңартып, мәселені шешуге барынша күш салуда.
– Ауа райының құбылмалы күндері контейнерлердегі қоқыстар жан-жаққа шашылып, жұртшылыққа қолайсыздық тудыратын. Оның үстіне кейбір тұрғындардың құрылыс қалдықтарын бейберекет лақтыра салуы да аталған мәселені одан сайын күрделендіре түсетін. Тараз қаласының аумағын аралау барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осыған баса назар аударып, нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы пилоттық жоба қолға алынды. Аталмыш жоба аясында мердігер «Құрылыс-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталды. Айталық, бүгінде Ұлбике ақын көшесі, №115, «Қаратау» ықшамауданы, №44, «Алатау» ықшамауданы, №1,2 және Төле би, №48 мекенжайындағы қоқыс алаңдары толығымен жаңартылса, «Аса» ықшамауданы, №15, 15б, 16, 17, 24 тұрғын үйлері маңындағы алаңдар бірер күнде аяқталады. Қазіргі таңда мұнда алаңдардың айналасын асфальттау секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Осылайша биыл жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғырту жоспарлануда, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл.
Өңірде мұнан да өзге экологиялық мәселелер шаш етектен. Күнделікті тұтынып отырған тіршілік нәрінің сапасы, қала сыртына төгіліп жатқан кәріз сулары, өндіріс ошақтарынан шығып жатқан радиациялар, тағысын тағы... Оның бәрі табиғат, адам денсаулығы үшін де қауіпті.
Қалай десек те қоршаған орта – бәрімізге ортақ. Сондықтан оның тазалығы мен жұтар ауамыздың жұпарлығына тек қана экологтар жауап бермейді. Мұны әр адам жете түсінгені жөн-ақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ