Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында «Гидромелиорация» мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнында жүріп грек-рим күресінен КСРО спорт шебері және үздік жетістіктерім үшін Лениндік стипендияның иегері атандым.
Еңбек жолымды өзім түлеп ұшқан институттан бастағанды жөн санап, алғашқы жылдары «Ауылшаруашылығы және мелиорация» кафедрасының ассистенті, кейін оқытушы болдым.
Уақыт өте келе әр салада жауапты қызметтерді атқардым. Қазақстан комсомолы Жуалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы, «Билікөл» кеңшары партия комитетінің хатшысы, Луговой аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып, артылған сенім жүгін абыроймен көтере білдім деп ойлаймын. Кейінірек Мәскеуде және Краснодар өлкесінде де еңбек еттім. Бірақ қай жерде жүрсем де Жамбыл өңірі бір сәт те есімнен шыққан емес.
Әр жылдары еліміздің ең маңызды мемлекеттік органдарында басшылық қызметтерде болдым. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі ретінде еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қостым. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамында да тер төктім.
Дейтұрғанмен даналығымен, мол парасаттылығымен мәңгі жүрегімде сақталған тәлімгерлерімнің тәрбиесі болмаса өмірде үлкен жетістіктерге жетіп, абырой биігінен көріне алмас едім деп ойлаймын. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының ректоры Марс Үркімбаев, бапкерім Тоқтаған Абаев, Тұрсынхан Мүсірәлиев пен Сағынхан Әміреқұловты үлкен сағынышпен еске аламын. Шыңдалуыма, тұлға болып қалыптасуыма бұл кісілердің үлкен еңбегі сіңді.
Әулиеата өңірі жаныма бақыт сыйлайтын жылы естеліктерімен қымбат. Ұл-қыздарым осында өмірге келді, өмірлік достарым мен әріптестерімді осы өңірден таптым. Адал еңбектің, қонақжайлылықтың, туған жерге деген адалдықтың қадірін осы жерде жүріп түсінгенімді мақтан тұтамын.
Биыл мен үшін орны бөлек Жамбыл облысы 85 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Облыстың 85 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, барша жамбылдыққа шексіз алғысымды білдіргім келеді. Тарихтан сыр шерткен киелі өңір гүлденіп, көркейе берсін!
Сергей ГРОМОВ, мемлекет қайраткері