Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбегі еленген өртсөндіруші

Еңбегі еленген өртсөндіруші
Ашық Дереккөз
Кейінгі жылдары азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету игі дәстүрге айналды. Қызыл жалынмен арпалысқан өртсөндірушілердің ерлігі назардан тыс қалмай, еңбектерінің еленгені көңіл қуантады. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Республика күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Райымбековті Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Бұл марапат Ертай Райымбековтың көп жылғы қажырлы еңбегінің лайықты бағасы екені даусыз.

Азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Райымбеков 1985 жылы 10 қазанда Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері қызметінен бастаған. 2009 жылы облысымызға қайта оралып, Шу аудандық №19 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып еңбек жолын жалғастырған. 2010-2013 жылдары Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып қызмет атқарса, 2013-2021 жылдар аралығында аталған бөлім бастығының орынбасары болып еңбек еткен. 2021 жылдан қазірге дейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінде жұмыс істеуде.

Ертай Құрманбекұлы осы жылдар аралығында өзін кәсіби маман ретінде танытты. Түрлі апаттарды жою мен күрделі құтқару жұмыстарының бел ортасынан табылып, командалық басқаруда жоғары жетістіктер көрсетті. Ертайдың жетекшілік етуімен жеке құрам небір күрделі жағдайларда кәсіби түрде жұмыс атқарып келеді.

Қызыл жалынмен арпалысып, адам өмірін құтқару жолында аянбай күресіп жүрген өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Ертай Құрманбекұлы бұған дейін көптеген төтенше жағдай зардаптарын жоюға қатысып, біліктілігі мен білімінің жоғары дәрежеде екенін көрсетіп, көпке үлгі болып жүрген азамат. Оның тікелей қатысуымен орын алған оқиғалардың бірі – 2023 жылғы 20 қаңтарда Тараз қаласындағы «Ақсай» базарындағы өртті жою кезінде екі әйел мен мүгедектігі бар адамды құтқару операциясына басшылық етуі десек қателеспейміз. Ертайдың сауатты ұйымдастырған кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде ол өзге әріптестерімен бірге адамдарды қою қара түтінге тұншығып қалудан қорғап, өмірлеріне қауіп төніп тұрған қиын сәтте ғимарат ішінен дер кезінде қауіпсіз орынға көшіріп, оларға алғашқы жәрдем көрсетті.

Сондай-ақ жыл басында өзінің кәсіби шеберлігі мен батылдығын тағы бір рет танытты. Ол әріптестерімен бірге Ақмола облысындағы су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына белсене қатысып, суға батып кеткен көлік жүргізушісін құтқарды және 200 ден астам адамды су басқан үйлерден қауіпсіз орынға көшірді.

– Ең алдымен, жұмысымды жоғары бағалағаны үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Мен үшін мұндай марапатқа ие болу – мақтаныш пен жауапкершілік және үлкен құрмет. Басшылық пен әріптестерімнің қолдауына шын жүректен ризамын. Олардың көмегінсіз мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас едім. Бұл жетістік тек менің ғана емес, ұжымымның еңбегі. Алдағы уақытта өзімнің міндеттерімді ары қарай да адалдықпен орындауға уәде беремін. Әрине, кез келген марапат әрқайсысымызды жоғары мақсаттарға қол жеткізуге жетелейтін үлкен күш, – деді Е.Райымбеков.

Ертай Құрманбекұлының бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Ол қызмет барысында ІІІ, ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл», «Азаматтық қорғау жүйесіне дамытуға қосқан үлесі үшін», «Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл», «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» медальдарымен және ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен марапатталған.

Өзгенің өмірін аман алып қалу жолында аянбай еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген төтенше жағдайлар департаментінің қай қызметкері болсын құрметке лайық. Кез келген уақытта қызыл жалынның екпініне қарамай, оқиға орнында жедел жұмысты жоғары деңгейде атқарып жүрген өрт сөндіру қызметкерлері ел ризашылығына бөленіп келеді. Әрине, облыс көлемінде көптеген өрт оқиғасы тіркеліп, біршама адам өрт салдарынан көз жұмғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен өзгенің өмірін аман сақтап қалу жолында өз өмірін қиған өртсөндірушілер де жоқ емес. Жанкешті өртсөндірушілердің отбасына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, қажырлы қызметі мен елеулі еңбектері үшін алғыс білдіреміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар