Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тіршілігі қайнаған диқандар ауылы

Тіршілігі қайнаған диқандар ауылы
Ашық Дереккөз
Қасиетті Жуалы өңіріне қарасты қайсыбір ауылды алып қарасаңыз да жыл он екі ай еңбек етіп, маңдай терін төгу арқылы отбасының табысын арттырып жүрген еңбекқор азаматтарды көресіз. Адал еңбектің ғана асыл мұратқа жеткізетінін жақсы түсінетіндер жылдың қай мезгілінде де еңбектен қол үзген емес.

Біздің таулы өңірдегі аудан негізінен ауылшаруашылығы саласына бейімделген. Күнделікті күнкөріс пен тұрмыстық табысты арттырудың ең пайдалы жолы да осы. Бұл мақсатта өңірде ауылшаруашылық дақылдарының бірнеше түрі егіліп, бапталады. Мал азығына арнап егілетін арпа, бидай, мақсары, жоңышқадан бөлек, аудан орталығына іргелес орналасқан Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары көбінесе диқаншылықты кәсіп етіп, көп жылдан бері бау-бақша дақылдарын өсіріп келеді. Биыл жергілікті диқандар 70 гектарға жуық алқапқа қырыққабат және бау-бақша дақылдарын егіп, күтіп-баптады.

Диқандардың ауылы саналатын Нұрлыкентте биыл күздегі жиын-терін науқаны әлі де жалғасу үстінде. Қырыққабаттың дені жиналып болса, ендігі кезекте жергілікті диқандар сәбіз жинауға кірісті. Ауылдың қай көшесіне барсаңыз да көшеде немесе жекелеген аулаларда сабағымен үйілген сәбізді көресіз. Оны сабағынан ажыратып тазалап, қаптарға салу үшін ауыл тұрғындары көмек көрсетуде.

Биыл ауыл сыртындағы егістік алқапқа сәбіз егіп, баптаған диқанның бірі – Оразғали Қожамқұлов. Диқаншылық кәсіппен 20 жылға жуық уақыттан бері тұрақты айналысып келе жатқан еңбексүйгіш азамат биыл 1,5 гектар алқапқа сәбіз еккенін айтады. Бұл отбасылық кәсіптің түрі болғандықтан сәбіз тұқымын алқапқа еккеннен бастап, оған тұрақты күтім жасау жұмыстарын отбасы мүшелерімен бірге атқарады. Бұл іске Оразғалидың жұбайы Алтынай Ержанова және көршілес тұратын немере інілері де тұрақты жәрдем беруде. Жиын-терін жұмыстарына бір аптаға жуық уақыт жұмсалады. Қолайлы ауа райын пайдаланған олар аталған науқанды аптаның соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Жұмыстың негізгі жай-жапсарына тоқталатын болсақ, қазір алқап басынан қазылып, трактор тіркемесімен үйдің ауласына жеткізілген сәбіз өнімі осында сұрыпталу үстінде. Оған отбасы мүшелерімен бірге көрші-қолаңның әйелдері де қол жәрдемін беруде. Сұрыптап, қаптауға 10-нан астам адам жұмылдырылған. Сұрыпталған өнім үлкен қаптарға салынып, әзірше есіктің алдына жиналуда. Тұтынушылар өнімді өздері үйден алып кететін көрінеді.

– Сәбізді сақтайтын үлкен қоймамыз жоқ. Өнімді сақтаудың талаптарын жақсы білмесеңіз, оны бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан қаптарға салынған өнім балғын күйінде базар және дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Біздің міндет – өнімді барынша сапалы түрде өсіріп-өндіріп, тиімді бағамен алымсақтың қолына тапсыру. Өнім ары қарай Қазақстанның әр өңіріне жүк көліктерімен жеткізіледі. Биыл алқапқа егілген сәбізден алынған өнім ойдан шығып отыр. Баға да көңілге қонады. Бізге одан артық не керек? Еңбегіміз ақталса болды. Негізгі отбасылық кәсіптің түрі осы. Диқаншылықпен күнкөрісті арттырып, жан бағумен қатар, балаларды да жоғары оқу орындарында оқытып, үйлендіріп жайландырып жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, бір гектар жер бір отбасыны асырауға жетеді. Тек оған мейірім төгіп, жақсылап қарау керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Еңбексіз ештеңе де өнбейді. Онсыз ешқандай жетістіктің жоқ екені белгілі. Ерте көктемнен бастап, жаз бойы алқап басында еңбек еттік. Енді жемісін көрсек дейміз. Алла Тағала осы тірліктің ырыс берекесін берсін, – дейді жергілікті диқан Оразғали Жақыпбайұлы.

Еңбексүйгіш диқан отбасы Қожамқұловтар бұрын Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстанның Нөкіс ауданының Шортанбай кеңшарында тұрғандарын айтады. Аталған кеңшар негізінен күріш егумен айналысқан. Оразғали ағаның айтуынша, оның ата-аналары ұжымшар еңбеккерлері болыпты. Ал өзі де ата-анасының жолын қуып, техникалық училищені «Механик» мамандығымен бітіргеннен кейін қасиетті Жуалы жеріне қоныс аударғанша совхозда механизатор болып еңбек еткен. Ол ұжымшарда еңбек ете жүріп, диқаншылықтың қыр-сырын барынша меңгереді. 2006 жылы Нұрлыкент ауылына қоныс аударған тұста оның пайдасы көп тиді. Диқаншылық кәсібі – олардың негізгі күнкөрісі мен табыс көзі деуге әбден болады.

Диқанмен әңгіме барысында үйдің жанында тұрған үлкен сары кабиналы «ЮМЗ» маркалы тракторды байқадық. Диқаншылық кәсіпті ұлғайтып, оны кеңейту ісінде бұл техниканың көп көмегі тиюде. Ағайынды Қожамқұловтар жылына үш-төрт гектар егістік алқапты өз күштерімен және осы трактордың көмегімен тиімді игеріп отыр.

Ерлі-зайыпты Оразғали мен Алтынай апай 1989 жылы шаңырақ көтеріп, отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Әзірше ұлдарынан бір келін түсірсе, екі қызы өмірден өз орындарын тапқан. Олардан үш немере сүйіп отыр. Отанасы алты баламен зейнеткерлікке шыққан. «Күміс алқа» иегері.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар