Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» «Қайдасың, Гауһар?» және «Ергежейлілер елі» сынды бірқатар әңгіме, хикаялары ел жадында мәңгілік сақталған.
Басқосудың басты мақсаты – оқырмандарды балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өмірімен қатар шығармашылығымен таныстыра отырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ойлау қабілеттерін күшейтіп, көркемсөзбен жеткізе білу дағдыларын дамыту. Іс-шараға Тараз инновациялық колледжінің студенттері, №32 орта мектептің оқушылары мен мектеп кітапханашылары қатысты.
Жиын барысында кітапхана оқырмандары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» әңгімесімен таныса отырып, шығарманың идеясы мен тақырыбына талдау жасады. Талдау барысында №32 орта мектептің оқушылары ұлт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан автордың шығармасынан көрініс көрсетті. Сондай-ақ оқушылар ақын Бейсебай Кіріспайұлының «Бәйтерек», жазушы, белгілі журналист Дәурен Қуаттың «Бердібек атаға арнау» өлеңдерін оқыды. Тараз қалалық мәдениет үйінің әншілері «Саржайлау», «Туған ел» атты әндерін тыңдармандарға тарту етті. Кітапхана оқырмандары бір сәт түтіні түзу өрілген алтын бесік ауыл мен бейкүнә балалық шаққа сапарлап қайтқандай күйге бөленді.
Іс-шара соңында №6 қалалық кітапхана қызметкері Айдана Әлімқұлованың ұйымдастыруымен «Балалар әдебиетінің бағбаны» атты кітап көрмесі ел назарына ұсынылды. Көрмеде 1967 жылы халықаралық Канн фестивалінде жүлде алған «Менің атым – Қожа» кітабы, табанды, батыл жас жігіттің өмірі баяндалған «Өлгендер қайтып келмейді» еңбегі, махаббат пен сұлулық тақырыбына арналған «Қайдасың, Гаухар?», «Балалық шаққа саяхат», «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» атты кітаптар қойылып, библиографиялық шолу жасалды.
Эсмира МАДЕН,
кітапханашы