Капилляроскопия – адам ағзасындағы ұсақ қантамырларды бақылауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі ауыртпалықсыз зерттеу әдісі. Бұл әдіс әсіресе жүйелі склеродермия мен қант диабеті сияқты күрделі ауруларды ерте кезеңде анықтауға үлкен септігін тигізеді. Ол арқылы дәрігерлер қан тамырларындағы алғашқы өзгерістерді байқауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ асқынулардың алдын алып, тиімді ем жүргізуге жол ашады.
Облыстың бас ревматологі Бағлан Тапаеваның айтуынша, капилляроскопия тек диагностикаға ғана емес, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға да септігін тигізеді. Сонымен қатар орталықтың қызметтері облыс тұрғындарына қолжетімді. Науқастар дәрігердің жолдамасымен тегін немесе жазбаша қабылдау бойынша ақылы түрде консультация ала алады. Бұл орталықтың аймақтағы маңыздылығын тағы да көрсетіп отыр. Ревматологиялық орталық ашылғаннан бері өңірде медициналық көмекке мұқтаж 1 500-ге жуық адам арнайы тексеруден өтіп, кеңес алған.
Орталықтың стационарын-да соңғы 9 айда 800 науқас емделіп шықса, күндізгі стационарға 148 адам жатқызылған. Орталықтың жұмысы өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға өз үлесін қосып, ауруларды ерте кезеңде анықтау мен емдеудің сапасын арттыруда маңызды рөл атқаруда. Облыс тұрғындары үшін жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету мақсатында жұмысын жалғастырып жатқан ревматологиялық орталық – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА